Нан бағасы неге қымбаттады?

668

0

Ас атасы – нанды тұтынбайтын адам жоқ. кейінгі уақыттағы құбылған баға нанның да нарқын теңселтіп тұр. Күніне оншақты бөлке нан алатын көпбалалы отбасы үшін бұл енді қалтаға кәдімгідей салмақ. Нарық қалай көтерілді?

Өңірлер бойынша жүгінетін дерек қандай?

Саралап көрейік.

Бір жақын сіңлім:

– Тәте, сенесіз бе? Бір күнде 12 нан аламын. Кешке қарай сол таусылып қалады. Алты бала, оған қоса ата-енем, өзіміз бармыз.  Қазіргі нандардың арасын үрлеп қоя ма, іші қуыс. Біз сияқты үлкен отбасына ол түк емес, – дегені есіме түсіп кетті.

– Рас, қазір дүкен сөрелерінде нанның түр-түрін табуға болады. Ашытқымен, ашытқысыз, қара нан, тәтті тоқаштар, әр көше бойында пісіретін тандыр. Бірақ бағасына байланысты олардың да сапасы түрліше. Асылық айтудан қорқасың, алайда іші қуыс, бір жегенде үгітіліп түсе беретін, ащы ашытқының дәмі шығып тұратын нан  көп. Тез көтерілу үшін молынан қосатын шығар, бірақ тұтынушы оны ақшаға алып отыр емес пе?! Қазір байқасыңыз, пысық келіншектер үйден нан жабады. Қолдан пісірген соң, дәмді әрі сіңімді ас, әрі береке.

Қаланың «Шанхай» бөлігінде орналасқан «Өркен» ДК иесі Ақмарал Әлібаеваның наубайхана ашқанына үш жыл болған. Бүгінде «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы келісім-шартқа отырып, әлеуметтік дүкендерге күніне 500 нан пісіріп өткізеді. Одан бөлек жеке дүкендерге 75 теңгеден нан апарады. Ал оның сату бағасы – 80 теңге.

– Егер біз ұнды сырттан алдыратын болсақ, қымбатқа түседі. Қазір корпорациямен келісім-шартқа отырып, арзан бағамен ұн алған соң бізге тиімді болып отыр. Өзге наубайханалар жоғары сортты ұнмен араластырып, пісіреді екен. Мен тек сол «Роял» бірінші сұрыпты ұнның өзін пайдаланамын. Сапасы жақсы, күнде пісірген нанымыз тез өтіп кетеді. Менің пешім «көгілдір отынға» қосылғандықтан, әзірге электр энергиясына тәуелділік жоқ. Шынын айтқанда, әр наннан тиын ғана қалады. Неғұрлым көбірек пісірсек, соғұрлым оның үстінен түсетіні де көп болады. Көмекші үш адам бар. Оларға еңбекақы төлеймін. Тапқанымыздың бәрі еңбекпен, маңдай термен келіп жатыр, – дейді наубайхана иесі.

Қазір нан бағасы әр өңірде әртүрлі. Көлеміне, дәміне қарай бағасы да бөлек. «EnergyProm» компаниясының зерттеуінше, нан өндірісінің төрттен біріне жуық бөлігі – 81,7 мың тоннасы Түркістан облысына тиесілі болған. Одан кейін Алматы қаласы (36,6 мың тонна) және Ақтөбе облысы (33,8 мың тонна) тұр. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау мен Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Шымкентте тіркеліпті. Жалпы, елімізде бір жылда нан өндірісінің көлемі 3 пайызға төмендеген.

«Нан бағасы бір жылда 19,4 пайызға өсті. Қара бидай нанының бағасы  24,7, жоғарғы сортты ұннан жасалған бидай наны 28,2, бірінші сортты ұннан жасалған бидай нанының бағасы 14,4, кесілген нанның бағасы 28,1%-ға өсті», – дейді сарапшылар.

Нан бағасы әсіресе Ұлытау облысында бірден 48,3%-ға өскен. Одан кейін Ақмола облысында 27,6 және Алматыда 25,8%-ға көтерілген. Өнім бағасы Солтүстік Қазақстанда ең аз – 2,6%-ға ғана қымбаттаған. Жоғары сортты ұннан жасалған бидай нанын қазақстандықтар 341 теңгеге, бірінші сортты ұннан жасалғанын 195 теңгеден сатып алған.

Біздің өңірде нан бағасы әлеуметтік дүкендерде сол баяғыша – 55 теңгені ұстап тұр. Дүкендерді аралағанымызда түске жақын әлі нан келмеген екен. Тұтынушылар нан, жұмыртқа, күнбағыс майды сұрап жатты. Олардың бірі де болмаған соң дүкеншіге қайтып айналып соғатынын айтты. «Универсам» аумағына орналасқан әлеуметтік дүкен сатушысынан ұнның келмегеніне бірашама уақыт болғанын естідік.

– Тұрақты келушілер ұнды келілеп алады. Бізде баға арзан. Бір келісі – 135 теңге. Қазір ондай бағаға еш жерден ұн ала алмайсыз. Сапасы да бұрынғыдай емес, жақсы.

– Дүкен сөрелеріңіз бос сияқты ғой. Қай өнімдер келмей жатыр?

– Тапсырысты жеткізіп берушілер кешіктіріп әкеледі. Мәселен, тұз бен ұнның келмегеніне біраз болды. Қазір адамдар жұмыртқа, күнбағыс майын,  сұрап жатыр. Бірақ тапсырысты әкелетіндер қазір келеді. Жаңа тауарлармен толықтырамыз, – деді сатушы Сәуле апай.

Биыл Қазақстанда 342,4 мың тонна нан өндірілді. Баға өсімі 19,4%-ды құраған. Біршама  дүкендердегі нан бағасын бағамдадық. Бірінде 80, ендігісінде 85, тіпті 105 теңгеден саудалап жатқандар бар. Жеке дүкен иелері болғандықтан, олар сөйлесуден бас тартты.

Жасыратыны жоқ, наубайханалар да шықпа жаным, шықпамен күн көруде. Электр энергиясының қымбаттауы да – олардың жұмысына келтіретін кедергілердің негізгісі. Нан бағасының күрт қымбаттауын  ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев былайша түсіндірді.

– Нанға қатысты ахуал мынадай. Қазан айынан бастап нан 11,9 пайызға қымбаттады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Азық-түлік келісімшарт корпорациясы қаңтардан қыркүйекке дейін арзандатылған астық, тоннасын 90 мың теңгеден жеткізді. Қазаннан бастап жылдың соңына дейін өңірлер жаңа астықты өздері сатып алуда. Электр энергиясы, коммуналдық қызметтер қымбаттап жатыр. Сондықтан да жалпы баға өсімі бар. Оны байқап отырмыз. Қаңтардан бастап бағаны тұрақтандыру үшін барлық іс-шараны қабылдаймыз. Жалпы, бағаның күрт көтерілуіне негіз жоқ. Өйткені, ұн өткен жылмен салыстырғанда молынан өндірілуде. Тұрақтандыру қорына биыл миллион тонна астық жинауды жоспарлап отырмыз. Оның 900 мың тоннасы бидай, – деді ол БАҚ өкілдеріне берген брифингте.

Сонымен қатар министр әлеуметтік азық-түліктің барлығының, оның ішінде ұнның бағасы бақылауда болатынын  баса айтты. Біз де осыған орай қордағы азық-түліктің қанша мөлшері қалғанын «Байқоңыр» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Бекішевтен сұраған едік.

– Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 500 тонна өсімдік майын, 272 тонна қарақұмық жармасын, 680 тонна қант, 450 тонна картоп, 85 тонна сәбіз және 150 тонна қырыққабат, 8656,2 тонна 1-сортты ұн, 15 тонна сүт сатып алынды. Жыл аяғына дейін 100 тонна  сәбіз,  300  тонна пияз,  200 тонна күріш, 45 тонна рожки, 204 тонна қант сатып алу жоспарлануда. Қазір қоймада жалпы құны 359,5 млн теңгенің 11060 тонна өнімі бар. Онда 136 тонна бірінші сортты ұн, 1 тонна күріш, 77,7 тонна қарақұмық жармасы, 294,5 тонна өсімдік майы, 153,4 тонна қант, 443,3 тонна картоп болса, жеткізушіде 3041,3 тонна бірінші сортты ұн, 4 тонна қант, 75 тонна қырыққабат, 13,8 тонна сүт қоры бар. Нан бағасын тұрақтандыру үшін  Қызылорда  қаласы  бойынша 13 наубайханаға  және  аудандар белгілеген операторларға бірінші сортты ұн босатылуда. «Айналым схемасы» бойынша, әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарда әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының 19 түрін қамтамасыз ету және белгіленген бағада сату үшін 16 кәсіпкерлік субъектісіне 1143 млн.теңге қарыз берілді. Тұрақтандыру қорында барлығы 39 дүкен болса, оның 2-і тауар өндірушіні қолдау үшін  «KZOET» жеке кәсіпкерлігіне сиыр етін белгіленген бағада сату үшін жүктелген. Қалған 37 дүкенді кәсіпкерлік субъектілері өтеусіз пайдалануда. Әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізуді бекітілген жауапты қызметкерлер тұрақты бақылайды. Бүгінде  барлық әлеуметтік дүкендерде 19 азық-түлік тауары белгіленген бағада сатылуда.

Мәселен, нан 55, қант 450, өсімдік майы 630, картоп 130, сәбіз 130, бас пияз 100, қырыққабат 95,
1 сортты ұн 135, қарақұмық жармасы 514, күріш 175, макарон 200, сиыр еті 1700, тауық еті (окорочка) 980, жұмыртқа 29, сүт 312, айран 225, сүзбе 1283, сары май 2504  және тұз 40 теңгеден сатылуда.

Әлеуметтік дүкендердегі өнімдер құны нарықтық бағадан төмен болғандықтан, тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу, сондай-ақ өнімдерді әрбір отбасына жеткізу үшін тапшы тауарларға шектеу енгізілді. Бір сатып алушыға нан 3 дана, қант 1 кг, картоп 3 кг, сәбіз 2 килограмнан беріледі.

Биылдан бастап апта сайын тұрақтандыру қорының және қоғаммен бірлескен кәсіпорындар шығарған тауарлардың жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Қызылорда қаласында 30, Арал қаласында 2, Шиелі кентінде 2, Жосалы кентінде 1, Тереңөзек кентінде 3, Жаңақорған кентінде 1, Жалағаш кентінде 2, Байқоңыр қаласында 1, барлығы 42 рет  жәрмеңке өтті. Жалпы қордағы өнімдер тұрғындарға тиімді бағада ұсынылып, нарықтағы бағаны тұрақтандыру бағытындағы шаралар жүргізілуде, – деді ол.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<