Онлайн ойындар: Пайдасынан зияны

3639

0

Технология дамыған заманда балаларға арналған ойын көп. Өкініштісі, аулада бой жазып ойнайтын емес, онлайн форматтағы ойындар. Қазір кез келген баланың қолында смартфон бар, ал оның іші түрлі ойындарға толы. Қолдары қалт етсе болғаны бар уақытын телефонға телмірумен өткізеді. Онан қалды теледидардан көрсетілетін шетелдік мультфильмдерді тамашалайды. Ал үй шаруасына алаңдаған ата-ана баласының тыныш отырғанын тәуір көріп, ешқандай шектеу қоймайды. Тіпті ойынның түр-түрін алып беріп, баланы қызықтыратындар да бар. Бірақ уақыт өте келе олар балаларының компьютерге қалай тәуелді болғанын аңғармайды.

Күн өткен сайын саны артып келе жатқан бұл ойындардың ең танымалы – Garena Free Fire ойыны. 2017 жылы шыққан ойынның тұтынушылар саны әлем бойынша 500 миллионға жетті. Ал елімізде аталған ойынның қолданушылары 1 миллионнан асады. Олардың 70%-і мектеп оқушылары. Ойын ішіндегі түрлі қарулар мен костюмдерге қызыққан балалар бар ақшасын осы ойынға жұмсайды екен. 1 миллион қолданушыдан компанияға 2 340 доллар түседі. Ал бұл ойынның жылдық табысы 400 миллион долларды құрайды.

Майнкрафт – Mojang        AB компаниясы шығарған виртуалды ойын. Онда Майнкрафт батыры тынымсыз болып көрінеді. Ғимарат салу үшін құм жинап, кірпіш құйып, ағаш жонып, ас-суын әзірлеп, көкөністер егіп, соның бәрін жүзеге асыру үшін шахта қазып, алтын, күміс өндіріп, сыңғырлатып тиын-тебен жинап үздіксіз қарекетте жүріп, қажет болса биік құздан да қорықпайтын жаужүрек батыр, қолынан келмейтіні жоқ шебер.

Жуырда WhatsApp желісі арқылы ақпарат тарады. Аталған ойыннан түннің бір уағында «Төсегіңнен тұр, терезенің алдына шық, үш рет алақаныңды соғып, терезеден секір» деген хабарлама келеді екен. Ал оны естіген жеткіншек терезеден қарғып кетсе, орны толмас өкініштің өзекті өртері анық. Сондықтан, ата-ана баласының қандай ойын ойнайтынын қадағалау қажет.

Бүгінде кез келген қалада компьютерлік клубтар жұмыс істейді. Кейбір жасөспірімдер бар уақытын осындай клубтарда өткізеді. Себебі, үйде жалғыз отырып ойнағаннан гөрі арнайы клубта топ болып ойнау олар үшін әлдеқайда қызық. Ғаламтор желісі арқылы ойын қызығына түскен балалар бірін-бірі жеңіп шыққанша тапжылмайды. Тіпті, ойынға ұтыс тігіп, пайда көретіндер де бар. Ондай клубтарда жас ойыншылар виртуалды әлемге сапар шегіп, күнделікті өмірін ұмытып та кетеді. Ойыншылардың 10% процентінде компьютерлік ойындарға деген тәуелділік байқалады. Дегенмен олардың көпшілігі мұны жоққа шығаруда.

Осы орайда қалада орналасқан ойын клубтарының біріне бардық. Ішінде адам көп. Кезек күтіп отырғандары қаншама. Бір қызығы онда үлкендер де бой көрсетті. Клуб басшылығының айтуынша мұнда келетін адамдардың алды 25-30 жас аралығында болса, ең кішісі 10-15 жастағы жеткіншектер екен. Мұнда көліктер жарысынан бастап, атыс, қанға толы, агрессивті ойындардың түр-түрі бар. Ойнағысы келгендерге уақыт немесе жас бойынша ешқандай шектеу қойылмайды. Таңертеңнен кешке дейін ойнауға мүмкіндік береді.

– Өз басым компьютерлік ойындарды он екі жасымнан бері ойнап келемін. Counter Strike, Dota, Fifa сияқты ойындарды ойнағанды ұнатамын. Күніне ойынға тек 1-2 сағат арнаймын, сондықтан бұл менің спортпен айналысуыма және білім алуыма кедергі жасайды деп ойламаймын, – дейді мектеп оқушысы Нұрбек Нұрмаханов.

Ойынға деген тәуелділік смартфон және компьютерлік ойындарға деген қызығушылықтан туындайды. Ғалымдардың айтуынша мұндай ойындарға тәуелді болу алкогольді заттарға деген құмарлықты арттырады.

– Бала кезімде ең алғашқы ойнаған ойыным Warcraft еді. Мектеп қабырғасында күні бойы ойнап отыратынмын. Қазір орта есеппен 3 сағаттай отырамын. Бұрын шынымен де көп уақытымды ойынмен өткізетінмін, енді студенттік өмірдің қызығын көріп, ол әдетімді қойдым, – дейді студент Арман Рысбай.

Соңғы он жылда дүниеге келген балалардың планшет, смартфон немесе компьютерге телініп отыратынын көріп жүрміз. Бүгінде бұл заманауи технологиялар баланың ермегі ғана емес тәрбиелеуші құралына айналғандай. Бұл туралы мамандар онлайн ойындардың бірінші кезекте ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға аса қауіпті екенін айтады.

– Озық технологияларды ұзақ пайдаланудың бала психологиясына тигізер кері әсері көп. Шамадан тыс берілетін ақпарат балаларды енжарлыққа душар етеді. Сондай-ақ, ғаламторды өзінің серігі деп қабылдайтын жеткіншектер айналасында болып жатқан жағдайлардан мүлдем бейхабар болады. Жақындарымен араласудан қашқақтайтын адам шынайы өмірді виртуалды әлемге айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді. Былайша айтқандай пайдасынан зияны басым, – дейді психолог Ақнұр Бектұрсын.

Рас, бүгінде гаджетке тәуелділік, ондағы ойын әлеміне құмарлық көбейді. Әрбір ойынның жаңартылған нұсқалары шығып, кішкентайларды еліктіре түседі. Онлайн ойындарға кешенді зерттеу жүргізген ғалымдар оның тек аяқ пен қолдың жұмысына жақсы әсері барын анықтаған. Алайда оң әсері бар екен деп тапжылмай отыруға да болмайды. Компьютер алдында ұзақ отыру ақыл-естің дамуын тежейді. Сол себепті баланы сыртқы күштен азат ету үшін бұл мәселені тек заң жолымен шешу қажет.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<