Қыс етегі түрілмей жатып, оңтүстікке бір соғып өткен жауынды жылымық Сырдария алабының көмескіде бұққан біраз мәселесін ашып-ақ тастады. Біріншіден, біз әуелі Жаратқанға мінәжат-тасаттық арнап, сосын, жоғарыдағы көршілерге салмақ-бедел салып, мұның сыртында, түрлі игіліктерімізді саудамен ұсынып, сонша машақатпен алып жүретін дария суының, осылай бір, табиғи түрде молшылық хабаршысы келе қалып еді, абыр-сабыр болдық та қалдық. Өйтетұғын себеп те болды: арналарымыз сол аз ғана мезеттік суға асып-төгіліп, аузы-мұрнынан шықты, ауыл-аулаларды топан су басты. Апат қаупі, әсіресе, Арыс алабы бойына аумай-төкпей төнді…
Дәл бүгін ғана туа қалған жағдай емес осы. Неше жылдар бойы Сырдария өзені бойында қордаланған көптеген жайттардың тағы бір келеңсіз сыр берген нәтижесі. Және осыны нешеме жылдар бойы айтып та келеміз. Бізде елге бет бұрған саясат бар. Ал елдің тілекті сөзін қажетінше ескеріп, қаперге алу саясаты бар ма?
Әрине, бұл жолғы әбігер себебі көп болды: жер тоңы қалың, жауын-шашын көп түскен, қар күрт еріген, төменгі Сырда мұз сіресе қатқан… Бәрі рас. Ал мұның сыртында?.. «Сырдария енді өзен емес, аяқ суға ғана жарарлық бас арық» деген кешегі кеңестік нойыс қағидаттан біздің асып кеткеніміз қанша? Басты себеп осы маңда-ау: Сырдария – еркін дария емес, ноқталы су ретінде арнасы тарылған, ентелеген түрлі құрылым-нысандардан қос өкпесі қысылған, бұғаулы ағыс режімінен табаны көтеріліп, ұлтаны тайыздаған. Және, жуырмаңда мұның келеге келер жағдайы да байқалып тұрған жоқ. Ғарышкер Т.Әубәкіров көктен көзі көріп, айтқанындай, қайран дария суын «жан-жаққа… жан-жаққа» таратып, жырымшылай берген жағдай сол қалпы. Яғни, келе қалған мол суды оңға-солға жіберу ең оңай жол, төмендегі Аралды қоя тұр! Сөйтіп, көршінің Айдаркөліне тағы жағдай айтып, су тастауға мәжбүр болдық, Қызылқұм, Түгіскен, Шиелі, Жаңадария, Қараөзек… сияқты арналарды мезгілсіз уақытта суға аштық, «Шардара», «Көксарайды» толтырдық. (Көксарай бұл жолы өзінің реттеуші рөлін атқарған сыңайлы, бірақ ондағы қазір тола суды жедел түрде Аралға ағызып, тағы босатып қою керек-ау! Ұмытып қалмасақ, ол кері су реттегіш қой…) Бұл әрекеттердің бәрінде «көлдер толады, шөлдерге шөп бітеді, жер суланады» деген уәждер оңды-солды айтылумен жатты. Қарсыласуға келтірмейді. Уәждер қисынды. Нәтижесінде, «Шарадарадан» шыққан су 10 есе(!) шамада «сұйылып», шөліркеулі Аралына жылап жетті. Бұл – қабылдауға қолайсыз шындық енді…
«Шардарадан» шыққан секундына 1000 текше метрден астам ағын аңқасы кеуіп жатқан Аралға 130-180 текше метр көлемінде ғана жеткені – қызық жайт! Мұны қандай қисынмен түсіндіруге болады? Шеткерірек жатқан, бірақ мән-маңызы шеткері емес Арал теңізі, әл-әзір, осындай салқында келер суға үміт артпаса, басқа уақытта оған кім мол су бере қояр? Осының икемді саясаты ойластырып, қарастырылған ба?
Біз Арал теңізін (Солтүстік Арал айдынын) көтерсек деген үлкен талап жолындағы елміз. Бұл айдын – біреудің тар арманы, біреудің көңіл-күй тілегі, біреудің пайдасы емес, күйзелген экологиямыз, көп аймақта тұзданып азған жерлеріміз, әлеуметтік жағдайларымызды оңалтудың өзіндік бір шешімі. Әлемдегі экологиялық трендпен үндескен ел жоспары. Бұл – мойындалған шындық. Су проблемасындағы сыртқы жайттарды қайталамайық, осы Арал шешімі «Шардарадан» басталады. Бастама дария бойындағы экологиялық мәдениетке, агротехникалық шараларға, адамдардың иманды тірліктеріне өте-мөте тәуелді. Жалпақ Сыр алабында жарадар теңіздің қақы бар.
Елдік сыбағалы суымыз үшін сыртқы ізденістің бер жағында, Шардарадан – Аралға дейінгі өз ішкі тірліктерімізде әділетті су бөлу, су нысандарының техникалық жағдайы, агротехникалық мәдениет, экологиялық сауаттылық – әр диқан, шаруа, жеке адамнан бастап, шаруашылықтар, аудандар, облыстардың жоспар-істерінде нақты мақсат, міндет түрінде алға қойылмаса, Сыр суы бір аудан қажетіне де жарамсыз, ластықпен былғанған жап арық халінде қала бермек. Қанағат, рақым, ұлт мүдделі ой – елдік игі ауқымды мұрат…
Алысқа барып қайтеміз, Сыр суына алалық дәл Аралдың өз «табалдырығына» жетті. Алдыңғы жылы, суы қайтқан Қамбаш көлін құтқарамыз деп, баяғы КСРО-ның кері кеткен бір ісі – Аманөткел ауылы маңында «бұрмақұлақ» деген амал істелді. Оның кесірлілігі сонда: «Арал өшті, Арал теңізі деген енді жоқ, сондықтан қалған-құтқан сарқынды сумен көлдеріңді демдеп алыңдар да, жан бағып отыра беріңдер» деген кешегі империялық саясат еді. Сол кері оралуды бір белсенділер, саяси ұпай жолында, «жау түсіргендей» дабыралатты. Білгенге, бұл – Пушкиннің «жырық легеніне» қайта оралу іспетті, өткеннің таз-кепешін киген жағдай еді. Сонымен, дарияның аз ағыны Аралға жетпей, сол маңдағы бірер көлді «күпті» етті. Біз әлемге жария еткен Кіші Арал бір жарым жылда метрге тайыздап, шамамен 7 миллиард текшеметр суын жоғалтты. Өткен қыстың ортасында «Көкарал» басында теңіз сасып шіри бастады. О заман да, бұ заман, әрі, қысты гүні теңіз шіріді дегенді қайдан есіттіңіз?!. Су жетімсіздігінен, сол қыста, төмендегі Қарашалаң көлінде балық шабағы қырылды. Тұщы көлі де сондай кеп құшты. Қаратерең бет те сол жағдайда… Бәрі әлгі «түйіннен» төмен жатқан жерлер жыры. Сөйтіп, су мәселесіндегі алалау саясаты Аралдың өз басына жетті. Қанадан асқан Қамбаш, Ақшатау көлдері көп жерлерді басып, ел-жұрттың шаруашылықтары зиян шекті. Көктемгі күр басқынынан Қамбаштың демалыс аймақтары бүлінді. Басқа есепке алынбаған жайттар қаншама? Жауырды жаба тоқып, біразын «әй, құрсыншымен», ел қаржысына жөндетіп, жылы жабылды. Аманөткел ауылын су басу қаупі сейілмей қалды. Аманөткелден Райымға қатынайтын дарияжағалық, Кәрібөгет маңындағы жолдар топан суда «қылкөпірдей» қатерлі өткелектерге айналды. Кешегі жаз ортасына шейін қайтпаған осы су малдың жайылымын, әсіресе, халықтың қыстық шөп дайындайтын шабындығын босатпай, сол маңдағы жұртшылық дағдарды. Мырзас биігі астындағы Суықкөл аумағынан ғана жылда әрқайсысы 700-1000 баудан пішен орып алатын жұртшылық, биыл 100 баудан ғана алып, қысқа қиын халде килікті. Бұл жағдай су басқан жерлерге де, сусыз қалған өңірлерге де бірдей болды. Сыр бойындағы құрғақшылық пен «бұрмақұлақ» сондай зиянмен қосылды…
Мұндай қисық «пайда» кімге керек еді? Ия, Қамбашты демеу керек, ол Сыр алабындағы ең үлкен бірден-бір табиғи көл. Ол Аралдың апатты жылдарында халыққа балықшы кәсібін жоқтатпаған. Қамбаш жолында біз де біраз сөз айтқанбыз. «Экология» деген нәубеттің 50-60 жылында бұл жерлердің халқы да, суы да – өмір ырғағы жағдайға біршама бейімделіп, сол ахуалда өз өмір үрдістерін қалыптастырған еді. Кешегі 2020-21 жылдар қуаң болды. Мұндай жағдай сонау 80-шы жылдары да, 2000 жылы да болған. Бірақ сонда «көппен көрген ұлы тойдағы» Қамбаш сонша дабыра етілмеп еді. Бұл жолы біз артықтау кеттік…
Сол «түйіннің» сондай зиянын көре тұра, әсіресе, күзден бері Сырда көбейген ағынды біле тұрып, Аралда дабыралатқан аралшыл қозғалыстардың бірі де бұғаттаулы дарияны ашып, еркін суды теңізіне босатуды айта алмады. Кешегі қарғын ұрғанға дейінгі қыстың екі айы бойы мол су төменге жетпей, Аралдың «иегі астында» солай оңға-солға кетті. Ақыры, тілі жоқ дария өзіне жол ашуды өзі талап етті. Ақлақ бөгетіне жеткен су – Аралға жеткен су. Төменгі Сыр кезінде теңізге секундына 700-1000 текше метр суды еркін құйып жатқан арна… Енді, төменгі жақта мекенін су алған тауықтай шу көп. «Арнасай, Қызылқұмға кеткен суды іздеу не, иек астындағы «бұрмақұлақ» түйінін шеше алмай отырып?» деген сұрақ ашық.
Осы күні экология дабырасы сәнді брендке айналды. Тілекшінің көп болғаны жақсы ғой. Бірақ, «популизм» іспетті кебек сөз, нақты іс-әрекет ауылынан алыс. Ең жаманы, сол көп сөз топанында нақты іс-әрекеттер бастырылығып, «арамы қайсы, адалы қайсы» деген қалыпсыз қойыртпаққа айналып барады. Құр даурықпа… Ал жергілікті басшылық (аудан, облыс басшылығы), ел-жердің жөнін білетін жұрт тілегін ескере, тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Жағдайларға орай жоспар-жұмыс реті бар.
Алдағы сәуірде Солтүстік Арал тағдыры түбегейлі шешілетін бір кезең келе жатыр. Соның алдында, ел үміт артқан қоғамдық тұлға, күштер қатары нешік? Науқандар өтер. Уәде мен сөзге іспен жауап берер шындық талапты кәдімгі өмір басталар.
Арал теңізі суы үлесін заңмен бекітетін уақыт жетті.
Сөз ретінде айтайық: оңтүстіктен келер өзен-суларымыз үлкен саясат нысанының заты болып отыр. Сондай жағдайда, біздің Ертіс, Есіл сияқты төл суларымыз солтүстік көршіге кетіп жатыр. Солай, тегін кете бере ме? Мысалы, ол жақ Сібір суын бізге беруге құлықсыз ғой…
Сөйтіп, Сырдағы бір қарғын, біраз мәселе бетін аша, көтеріліп басылды. Бұйыра қалған бір несібе еді, қайда кеткені белгісіз… Дария сыр беріп жүрген соңғы ахуалда, мұндай суды Құдай бізге қайта-қайта бере бере ме? Үнемі мұндай ырғын су бола берер ме? Ұтқанымыз не? Бағыттар болашағы қандай? Арал шөлі үлкен. Сыр тағы да бәсең тартты. Адамдарға өкпелі ме? Әлде, үнсіздің үлкен ашуы әлі артында ма?..
Сайлаубай Жұбатырұлы
жазушы, эколог
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<