Қазаққа технократ керек

916

1

Еліміз Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін университеттер мен колледждердің шектен тыс көбеюі орын алды. Соның салдарынан қоғамға қажетсіз мамандықтардың оқытылуы нәтижесінде дипломды жұмыссыздардың артуына әкеліп соқтырды. «Тас лақтырсаң, заңгер мен экономиске тиеді» деген сөздің шығуы да осы жағдайға байланысты болса керек. Кейбір деректер көзіне сенсек, Қазақстан ЖОО-ның және сонда оқитын студенттердің саны жөнінен әлемде көшбасшы елдердің қатарына жатады екен. Қазақстанда 1 млн тұрғынға 10 жоғары оқу орнынан келеді. Ал халықаралық тәжірибеде миллион тұрғынға 1-3 оқу орнынан айналады.

Алайда, көптеген салада әлі күнге дейін мамандар жетіспейді. Мысалы, ауыл шаруашылығында агроном, мал дәрігерлері, веттехник, гидротехник секілді мамандар жетіспеушілігі жайлы үнемі айтылып келеді. Елімізде Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қолға алынғалы техника мамандарына деген зәрулік байқалады. Қазақстандықтар үшін ең қажетті мамандықтардың қатарында энергетик, құрылысшы, геолог, радиотехник, инженер, мұнай мен газ, кен ісі сынды мамандықтар аталып жүр. Маман иелері ғана емес, білікті мамандар керек.

Өкінішке қарай, бізде гуманитарлық сала мамандары жеткілікті. Өткен жылы мұғалімдер жалақысын екі есе көтергеннен кейін, ұстаздар қатарынан орын алғысы келетіндер саны арта түсетіні түсінікті. Ал егер де жоғарыда атап өткен ауыл шаруашылығы мамандарының жалақысы ойдағыдай болып жатса, осы мамандықтарды таңдайтындар саны көбейер еді ғой.

Бізде өнер, спорт саласында жетістікке жеткендер үнемі  халықтың назарында. Ақындар айтысында, мүшәйрада, әншілер байқауында, спорттық жарыстарда жеңімпаз болғандар туралы ақпарат құралдары жарыса хабар беріп жатқаны. Олардың сол жетістіктері үшін алатын сыйлықтары да әдетте қомақты болып келеді. Ал оның есесіне жақсы ғылыми жоба жасаған ғалымдар  немесе тың дүние ойлап тапқан өнертапқыштар  көзден таса қалып жатқаны. Олардың алатын сыйлықтары да мардымсыз. Әншілер мен спортшыларға демеушілік жасайтын кәсіпкерлер немесе қосымша құрмет көрсететін жергілікті билік органдары ғылым мен техника саласында жетістікке жетіп жатқандарға көңіл бөле қоймайды. Ал негізінде бәрі керісінше болуы керек сияқты.

Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев неліктен үнемі «Қазаққа ақын емес, технократ керек» деп шырылдайды?! Өйткені, қазiр жер-жаһанда техника саласы қарыштап дамып тұр.

Осы өзекті мәселені Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында жасаған мәлімдемесінде айрықша атап өтті.

«Жалпы бәрімізге білім туралы көзқарасымызды өзгерту қажет. Гуманитарлық мамандықтармен әуестену кезеңі келмеске кетті. Басымдықты техникалық мамандықтарға беру керек. Инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын өсіріп шығару қажет» деген Мемлекет басшысы жаңа экономика құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды екенін жеткізді. Осы мақсатта Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының Ресейдің үздік техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жоспарланып отыр.

«2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік жоғары оқу орындарының кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп есептеймін. Осы орайда, екі техникалық бағдарланған филиал еліміздің батысында болғаны жөн» деді бұл жөнінде Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде жаңадан құрылып жатқан Үкіметке ел экономикасын арттыру бағытында қадау-қадау міндеттер жүктеді. Президент атап өткеніндей, экономикалық саясатымыздың мақсаты  айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Осы ретте экономиканы әртараптандырудың маңызы зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде: «Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді» деп еліміздің экономикасындағы өзекті мәселені өткір қойды.

Иә, жаңа Үкіметтің алдында осы проблемаларды шешу міндеті тұр. Ал экономиканы әртараптандыру үшін білікті, білімді мамандар қажет. Алдағы уақытта Президент тапсырмасы бойынша елімізде ашылатын шетелдік беделді техникалық жоғары оқу орындары осындай мамандарды даярлайтын болады.

Осы орайда біздің облыстан Мәскеу мен Санкт-Петербургтың техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Үкіметі бюджеті есебінен 500-ге  жуық бала білім алғанын еске сала кетуге тура келіп тұр. Олар  Қызылорда  облысының даму Стратегиясына сәйкес өңірімізде «Шалқия» кенішін кеңейтіп, кен байыту фабрикасын салу және ферроқорытпа зауытын салу, ванадий өндірісін дамыту, кальцийленген сода зауытын салу секілді ірі жобалар жүзеге асырылғанда  қажет мамандар ретінде даярланды. Бұл жақсы бастама, жақсы ниет, жақсы жоспар болатын. Алайда, әлемдегі экономикалық дағдарыстардың әсерінің себебі ме, әлде инвесторлардың келіспеушілігі ме, болмаса  өзіміздің жайбасарлығымыз ба, әйтеуір бұл жобалардың жүзеге асуы тым ұзаққа созылып кетті. Олардың қашан жүзеге асырылатынын дөп басып айту қиын. Осы жерде Ресейдің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері В.Черномырдиннің «Жақсы іс жасағымыз келді, бірақ бәрі бұрынғысынша болып шықты» деген сөзі еске түседі.

Ресейде білім алып келген балаларымызды жоғарыда айтылған кәсіпорындар болмағаннан кейін жұмысқа орналаластыру оңайға соқпағаны белгілі. Көпшілігі басқа салалардан нан табуға кеткені де түсінікті. Мейлі қалай болғанда да қаншама баламыз көрші мемлекет қаржысы есебінен болса да ол жақтағы үздік оқу орындарында оқып, білім алды. Сол үшін де жоба бастамашысына рахмет айтуға болады. Ал алған білім жоғалып кетпейді, кез келген уақытта кәдеге жарай береді. Елімізде жаңа кезең қалыптасады деп үміт артып отырмыз. Өндіріс пен кәсіпорындар көптеп ашылады деп сенеміз. Мүмкін тоқтап қалған жобаларға қозғау салынар. Оларға қажетті мамандар даярлау ісі де Президент тапсырмасына сай орындалады. Ол үшін Мемлекет басшысы атап кеткеніндей, білім туралы көзқарасымызды өзгертуге тура келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның отандық білім беру жүйесінің басты міндеті – адами капиталды дамыту арқылы Қазақстанның әлемдегі бәсекелестігін арттыру. Ал еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буыны жұмыс істейтін болады.

Қысқасы, қазаққа технократ керек.

Ыдырыс Тәжіұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<