Қоғамдық кеңесте талқыланды

511

0

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен аймақтық Экология жөніндегі қоғамдық кеңесте Сырдария өзеніндегі су жағдайы жан-жақты талқыға түсті.

Қоғамдық кеңес төрағасы Н.Аппазов жүргізген жиынға облыстық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде қатысты.

Партияның облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Л.Төрешова партияның сайлауалды бағдарламасында «Қайырымды қоғам – таза экология» бағытында табиғатты қорғау бойынша кешенді шаралар белгіленгенін, олардың қатарында Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау мәселелері де бар екенін және ол шаралар Жол картасына сәйкес тиісті мерзімдерде жүзеге асырылатынын айтты.

«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы С.Нұрымбетов және «ҚазСуШар» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда филиалы директорының орынбасары Ж.Ерназаров хабарлама жасап, 2021-2022 жылдарда қыс-көктем айларындағы «Шардара» су қоймасының болжамдық жұмыс кестесі жасалғанын, ҚР Су ресурстар комитетіне ұсыныстар жолданғанын жеткізді. Сондай-ақ мәлім болғандай, «Шардара» су қоймасының болжамдық жұмыс кестесі Ташкент қаласында өтетін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының алдағы қараша айында өтетін 81-ші отырысында нақтыланбақ.

Жиынға қатысушылар тарапынан «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру туралы сұрақ қойылды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменовтің айтуынша, «Көкарал» бөгетіндегі жағдай Үкімет бақылауында. Бөгетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге биыл жобалық-сметалық құжаттарын сараптамадан өткізу үшін республикалық бюджеттен 10 млн теңге қаржы бөлінген. Құжат сараптамадан өтсе, бөгетті реттеуге республикадан қаржы сұралатын болады.

Жиында сөз алғандар Сырдария өзенінің ахуалы өңір тағдырына тікелей байланысты екенін алға тартып, өз ұсыныстарын айтты. Жауапты мекеме өкілдері кеңес және фракция мүшелерінің ұсыныстары бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін, жалпы дарияның жағдайы жергілікті атқарушы органдардың қатаң бақылауында тұрғанын жеткізді.

Партия филиалы өз тарапынан жиында айтылған ұсыныстарды республикалық Экология жөніндегі қоғамдық кеңес назарына ұсынып, «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлуге қолдау білдіру туралы Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелеріне арнайы хат жолдайтын болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<