Қымбат көлікке қомақты салық: тиімді таңдау ма?

268

0

Алдағы уақытта елімізде қымбат автокөлігі барлар қосымша салық төлейтін болуы мүмкін. Бұл салықтың темір тұлпарға қатысты басқа салықтарға қарағанда жөні бөлек, тікелей машинаның бағасына қатысты салынады. Бәрі білетін қозғалтқыш көлеміне байланысты салық емес. Енді көпшіліктің ойында келесі сауалдар туындамақ: не үшін осы салық түрі енгізілмек, қандай пайдасы бар? Сараптап көрсек.

Ауа ластайтындардың арынын басу амалы

Жуырда Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Салық саясатының өзекті мәселелері және салықтық әкімшілендіруді жетілдіру» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізді. Біз айтқан тақырып осы жиында тілге тиек болған. Соңғы уақытта еліміз салық саясатын жетілдіру, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету, бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайту, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді қысқарту сияқты мәселелерді жөнге келтіруге ден қойды. Оның үстіне қазір жаңа Салық кодексі әзірленуде. Мамандар оның құрылымы мен жаңа идеологиясы ерекше болатынын айтып жүр. Ең бастысы, адал салық төлеушілердің мүддесін қорғауға бағытталмақ. Аталған кодекс турасында сөз тарқатқан Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин қымбат көлік иелерін алдағы уақытта қосымша шығын күтіп тұрғанын жария етті. «Қазақстанда қымбат көлік иелеріне қосымша салық салынады. Оған 50 миллион теңгеге жуық шекті белгілеуді жоспарлап отырмыз. Егер көліктің нарықтық құны осы шекті мәннен асып кетсе, акциздер арқылы қосымша салық салынады», – деді ол.

Әзірге бұл салықтың қалай есептелетіні белгісіз. Бұған қоса, әлі жоспар екенін ұмытпауымыз тиіс. Егер осы салық енгізілер болса, екі түрлі пайдасы болары сөзсіз. Біріншісі, қосымша салық мемлекет қазынасына қосымша пайда әкеледі. Қымбат көлікті қалталы жандар мінетінін ескерсек, қарапайым халыққа оның кедергісі болмайтыны анық. Екіншіден, түпкі астарына үңілсек, экологиялық талапты аңғарамыз. Мысалы, 50 миллион теңгеден қымбат тұратын көліктердің түгелінде қозғалтқыш көлемі 4000 текше сантиметрден кем болмайды, яғни, ауаға шығаратын зиянды заттары көп. Ал экологиялық талапқа сай делінген электромобильдердің бағасы бұл межеге жете қоймайды.

Айтпақшы, бұны бәрі білетін көлік салығымен шатастыруға болмайды. Онда да қозғалтқыш көлемі үлкен машиналардың иелері өзгелерден көптеу төлейді. Демек, мемлекет қоршаған ортаны қорғау шарасы арқылы қазынаны да молайтудың көзін тауып отыр.

Әлемде заманауи көлік салығы 1908 жылы АҚШ-та пайда болған. Оған дейін автомобиль отанының өзінде көлік тек таңдаулыларға, санаулыға ғана тиесілі еді. Ал 1908 жылы Құрама Штаттарда халық арасында «қаңылтыр Лиззи» аталып кеткен Ford Model T автокөлігі нарыққа жол тартты. Бұл – миллиондаған данамен шығарылған дүниежүзіндегі бірінші машина. Автомобильдің орташа ауқаты ғана бар америкалықтар үшін қолжетімді болғанын түсінген мемлекет, бірден көлік алымын енгізді. Оны айтасыз, ал КСРО өзінде жеңіл көліктердің аз екенін ескеріп, 1942 жылы «Жергілікті салықтар мен алымдар туралы» арнайы Жарлық қабылдады. Оған сәйкес, тіпті қолында мотоциклі, велосипеді, қайығы, кемесі, паромы, сондай-ақ жұмысқа жегілген аты бар адамдардың бәрі салық төлеуге міндеттелді. 1981 жылдан бастап кеңес республикаларында көлік салығының көлемі тек машина қозғалтқышының қуатына байланыстырылды. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін сол есептеу жүйесін сақтап қалып, көлік салығын қозғалтқыш көлеміне қарай бекітетін болды. Қазір сол арқылы жылына шамамен 30-40 миллиард теңге қазынаға құяды.

Әлем тәжірибесін таразыға салсақ

Осы тұста әлем елдері көлік салығын қалай есептейтініне көз жүгіртіп өтсек. Мәселен, Францияда азаматтар темір тұлпар сатып алған кезде қазынаға бір рет төлем төлейді. Төлем көлемі машинаның ауаға тастайтын зиянды қалдығына, қозғалтқышының қуатына байланысты болып келеді. Айтпақшы, қазақстандықтар да осындай алым төлейді, алайда ол утилизациялық алым деп аталады. Ал Аустралияда жеңіл көлікке қол жеткізген адам оның бағасының 10 пайызы мөлшерінде алым аударуы тиіс. Егер жүк көлігін иеленсе, алым 5 пайызға дейін төмендейді. Бұдан басқа жыл сайын салық төлеу деген жоқ.

АҚШ-та көлік алымы әу бастан бензин құнына қосылған «көп жүрсең, көп төлейсің!» қағидасы бар. Әділетті жүйе. Дания тұрғындары да жыл сайынғы көлік салығының не екенін білмейді. Рас, бұл елде сатып алынған көлікті тіркеу ставкасы – әлемдегі ең жоғарының бірі, алым машина құнының 105-180 пайызы арасында құбылады. Электромобильдер жеңілдікке ие. Жыл сайынғы көлік салығы Түркия тұрғындарын қыспаққа алып жатқанын білеміз. Түріктер жыл сайын арзандау көлігі үшін 964 лир, ал қозғалтқышының көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын қымбат, жол талғамайтын машинасы үшін 45 924 лир салық төлейді. Бұл шамамен 870 мың теңгеге тең.

Түйіндер болсақ, жаңа салықтың жақсылығы болмаса, кері әсер етер тұсы жоқ. Өйткені дамыған Батыс елдерінің өзінде қоғам дарақылықтан арылып, күнделікті жүріс-тұрысына лайық шағын әрі бюджеттік көліктер таңдап жатқан кезеңде, шығыны мол, ауаны көп ластайтын автомобиль иелері жауапкершілікті сезінгені жөн.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<