Қымбатшылық қос бүйірден қысып барады

708

0

Күн сайын қос бүйірден қысқан қымбатшылық кім-кімге де оңай тимей тұр. Баға ауа райы секілді құбылуда. Бұл тек біздің елге қатысты жағдай емес, өкінішке қарай дүниежүзілік мәселеге айналды. Мұның себебін мамандар мен сарапшылар Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстармен байланыстыруда. Иә, қай заманда да соғыстың зардабы бүкіл адамзатқа әсер етері анық.

Қазір жер шарының қай аумағында қандай мәселе орын алса да, бейжай қарай алмайсың. Мәселен, кешегі жер жүзі халықтары басынан өткерген екі жылға жуық сынақ – пандемия кезеңін әсте ұмыта қоймадық. Демек, тіршілік көзі саналатын азық-түлік бағасының күрт өсуіне қай мемлекет болмасын, қол қусырып қарап отырмасы анық. Айталық, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон бүгінде адамзат ғасырдан астам тарихындағы ең сезімтал және күрделі кезеңіне келіп тірелгенін мәлімдеді. «Сарапшылардың пікірінше, дағдарыстың осы өте сезімтал кезеңінің салдарын болжау мүмкін емес және ол ұзақмерзімді сипатқа ие. Биылғы жыл адамзат үшін барлық жағынан, алдымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан ең қиыны және ең ауыры болады. Әрбір отбасы өз-өзін қамтамасыз етуі керек, мүмкіндігінше көп өнім, екі жылға жететін азық-түлік қорын жинап алуды ойластыруы қажет»  депті Тәжікстан президенті.

Дүниежүзілік дағдарыстың басталып кеткені қашшан. Дәл осы тақырып өткен Үкімет отырысында кеңінен талқыланды.  Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 18,6%-ке дейін өсті. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың пайымынша, оған бірінші кезекте, сауда жасап отырған серіктес елдердегі инфляцияның өсуі мен әлемдік азық-түліктің қымбаттауы тікелей әсер еткен. Біріккен Ұлттар Ұйымы азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша биылғы наурыз айындағы азық-түлік бағасының әлемдік индексі 159 проценттік тармаққа дейін өсіп, соңғы 30 жылда болмаған ең жоғары деңгейге жеткен. Әлемде негізінен дәнді дақылдарға, өсімдік майына, қантқа, ет пен сүт өнімдеріне баға өскен. Бұл біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отырғанын атап өтті. Осы орайда Үкімет басшысы ел Президентінің тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар іске асырылып жатқанын айтты. Инфляцияны ұстап тұру үшін қажетті құралдар барын, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдаланып, бұл мәселені ерекше назарда ұстауын тапсырды.

Инфляцияның артуына не себеп?

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов  инфляцияның артуына азық-түлік тауарлары ең көп үлес қосқанын айтты. Айталық, қырыққабат, қант, картоп, қызанақ бағаларының айтарлықтай өсуі байқалған. Наурыздың төртінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсетуде 18,6%-ке дейін өскен. Бұл өсуге наурыздың екінші аптасында жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы себеп болса керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының апталық өсуі наурыздың соңғы аптасында  1,3%, сәуірдің бірінші аптасында 0,9% болып тұрақтанған.  Тіпті азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы да қымбаттаған. Ақылы қызмет көрсету бағасы 7,1%-тен 8,3%-ке дейін өскен. Өткен айда инфляция 8,7%-тен 12%-ке дейін жеделдеп, 2016 жылғы қыркүйектен бері ең жоғары көрсеткішке жетті. Оның себебін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және басқару» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының магистрі, Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Гүлшат Мұсаева төмендегідей талдап көрсетті.

– Біріншіден, жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы. Нарықта әрекет ететін сұраныс заңы бойынша баға неғұрлым жоғары болса, тұтынушылар сатып алатын игіліктердің көлемі де соғұрлым аз болады және осыған керісінше. Бұл заң – нақты ақиқаттармен дәлелденген гипотеза. Сұраныстың мөлшері халықтың ақшалай табысының деңгейіне ықпал етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, сұраныс артқанда бағаның да шарықтайтыны заңдылық. Азық-түлік бағасының өсуі ел ішіндегі инфляцияға айтарлықтай үлес қосып отыр. Бұл өзі шеңбер секілді, сұраныс артады, тиісінше баға өседі, нәтижесінде инфляция көтеріледі. Қазір елде қырыққабат, қант, картоп және қызанақтың бағасы өсті. Бұған себеп – азық-түлік инфляциясының 1 ай ішінде бірден 5,8%-ке артқаны. Жалпы, әлемде азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттауда. Екіншіден, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтқандай бағаға қысым болуда. Ол қандай қысым? Дәл қазіргі жағдайымызда қалыптасқан екі жайт: инфляция  және импорттық қысым. Елімізде өндіріс ішкі сұранысты қанағаттандыратын кейбір тауарлар бойынша, мысалы нан-тоқаш өнімдері, жарма, ұн және сүт өнімдерінің бағасында сыртқы бағалармен айырмашылық бар, бұл инфляциялық қысым тудырады. Ал, импорттық қысымға келетін болсақ, өздеріңізге белгілі, халық тұтынатын өнеркәсіптік өнімдерді былай қойғанда, азық-түлік өнімдерінің басым бөлігі Қазақстанға сырттан әкелінеді. Демек, жағдайымыз импортқа тәуелді. Валюта нарығындағы жағдай мен теңге бағамының құбылмалығы да әсер етеді. Рубль мен теңге бағамдарының құбылмалылығы және жеткізу тізбегінің өзгеруі жаңа импорттық жеткізілімдер мен импорттық құрамы жоғары (ингредиенттерден бастап қаптауға дейін) қазақстандық өнімдердің бағасына әсер етеді. «Қазақстанда жасалған» деген таңбамен шығарылатын бірқатар өнімдердің құрамы немесе өнім шығаруға қажетті қоспалары шетелден жеткізілетінін біреу білсе, біреу білмейді. Үшіншіден, әлемдегі геосаяси ахуал. Үстіміздегі жылдың 24 ақпанында Ресей президенті Владимир Путин Украинада арнайы әскери операция жасау туралы шешім қабылдады. Сол күннен бастап Украинада әскери жағдай енгізілді. Осыған байланысты АҚШ пен Еуропа Ресейге бірқатар санкция салды. Қазақстан – ашық экономика принципін ұстанатын жаһанның бір бөлшегі. Қаншама әлем елдерімен халықаралық сауда-экономикалық, т.б. салалар бойынша алыс-беріс қатынасымыз бар. Бұдан бұрын да 2008, 2014 жылдары дүниені шарпыған қаржы-экономикалық дағдарыстардың салқыны Қазақстан экономикасын да айналып өтпегенін білесіздер. Ал, бүгінгі таңда қалыптасқан жағдай тым күрделі, өйткені әңгіме өзге елдерге қарағанда, қоян-қолтық араласып жатқан көршілес Ресейге қатысты. Қорыта айтқанда қазіргі жағдай теңге бағамының құбылмалы болуымен ғана емес, АҚШ пен Еуропа тарапынан Ресейге жасалып отырған бірқатар санкцияның нәтижесінде Қазақстанға сол ел арқылы келетін импорттық тауарды жеткізу тізбегінің, логистикалық жүйенің бұзылу қаупімен, яғни, халықаралық транзиттің жағдайымен де ерекшеленеді, – деді экономист маман.

Нан бағасы тамызға дейін тұрақты

Тапқаны тамағынан артылмайтын жұртшылық күн сайын құбылған бағаның қашан тұрақталатынына алаңдаулы. Өңірдегі азық-түлік бағамының жайын сөз өткен брифингте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев тиісті шаралар қабылданып жатқанынан хабардар етті. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін облыстың тұрақтандыру қорынан тауарлық интервенциялар жүргізу, сондай-ақ айналым схема бойынша заем беру арқылы қолға алынуда. Қорда қарыз алушылардың өнімімен бірге 10,2 мың тонна қалыптастырылған болса (8784,5 тонна қарыз алушылардың міндеттемелері және 1461,8 тонна тұрақтандыру қоры), 8,7 мың тонна контрактіленген. Қорда 1 461,8 тонна өнім бар.

Осыдан бірнеше күн бұрын Астық өңдеушілер одағы елімізде бір жарым аптаға ғана жетерлік бидай қоры қалғанын мәлімдеген еді. Астық өсірушілер мен өңдеушілер бидайды бөлісе алмай дау туғаны, ол таусылса барлық диірмендер жұмысын тоқтатуға мәжбүр екенін айтқан болатын. Алайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтанов әлеуметтік нан бағасы үнемі реттеледі және бақылауда ұсталатынын айтты.  Оның бағасы да өзгермейді, қымбаттатуға еш негіз жоқ деген-тұғын.

Сәуірдің біріндегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған. Ішкі нарықта тапшылық тудырмау және ұн тартатын кәсіпорындарға жүктемені азайту үшін Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия 15 сәуір мен 15 маусым аралығында бидай мен ұн экспортын квоталау шешімін қабылдады. Бидай квотасының көлемі – 1 млн, ұн – 300 мың тонна. Ал 7 сәуірдегі мәлімет бойынша елдегі ұн қоры 118 мың тоннаға жетеді. Оның ішінде: тұрақтандыру қорларында 10,4 мың, айналым схемасы аясында 22 мың, өндірушілерде 48,6 мың, қоймаларда шамамен 20 мың және сауда объектілерінде 18 мың тонна бар. Аталған көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге толық жетеді.

Өңірдегі жағдайға келер болсақ, облыста нан бағасын тұрақтандыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және облыс әкімдігі арасында арзандатылған бидай алуға меморандумға қол қойылды. Астық сақтау қоймаларынан ұн өндіруші кәсіпорынға ақпан-тамыз айлары аралығына 13,6 тонна астық бөлінген. Бүгінде алғашқы 340 тонна ұн жеткізіліп, 544 тонна ұн тасымалдануда.  Нәтижесінде, ірі наубайханалармен әлеуметтік нанды 80-85 теңгеден босатып, бөлшек саудада 90 теңгеден аспайтын бағада сату жөнінде келісім жасалды.

Сонымен қатар, тұрақтандыру қоры мен айналым схемасы бойынша берілген заем есебінен 72,3 тонна макарон өнімдері нарық бағасынан 20% арзан сатылса, әлеуметтік дүкендерде нанның бір бөлкесі 55 теңгеден саудалануда.

Қазір дүкен сөрелерінде ас атасының түр-түрін табасыз. Астамшылықтан сақтасын, алайда оның сапасына сын айтушылар көп. Ұн сапасына көңілі толмайтын тұрғындар шағымын басқарма басшысына айтқанымызда, наубайханашылардың таңдауы «Royal» атты ұнға түскенін, мамандардың шешімі солай болғанын жеткізді. «Нан илеп, пісіріп жүргендер ұнның сапасын біледі деп ойлаймыз. Сол себепті осы ұн түріне тоқталдық» деген жауап алдық. Алайда әлеуметтік дүкен сөрелерінде қалталарға өлшеніп салған ұн түйдек-түйдек болып қатып қалған. Оны арнайы електен бір өткізіп, тас болып қатып қалғанын майдалап үгітіп отыру керек. Келісі 125 теңгеден сатылып жатқан ұнды таласып алып жатқандар шамалы. Ал супермаркетте макарон өнімдерінен «Цесна» түрінің келісі 345-365 теңге аралығында екен.

Ағарғансыз отырмайтын қазақ бүгінде қораптағы сүтке үйренді. «Петропавл» сүті 360 болса, жергілікті «Дәмді» сүті 510 теңгеден сатылуда. Өзіміздің өңірден шығатын өнім қала халқына қымбат бағамен беріле ме деген ойға қалдық. Күнбағыс майының «Маслозавод» түрі 880  болса, әлеуметтік бұрыштағы май 630 теңге екен. Ал қырыққабаттың ерте пісетін сорты 445, қияр 590, қызанақ 1080 теңгеден сатылуда. Адам ағзасы үшін дәруменге толы көкөністердің бағасы әлі шарықтап тұр. Жылыжайда піскен қияр мен қызанақтың жайы белгілі.  Дәмі су татитын көкөністің бағасы қымбат сатылса да өтімді. Себебі жеңіл-желпі салаттардың онсыз түрі де, дәмі де келіспейді.

Пәкістандық картоп

Күнделікті ет асып жемесе де, тез дайындалатын қуырмашты жөн санайтындар картоп пен сәбіз, бас пияз, қырыққабат өнімдерінің бағасы маусымдық өсуге ұшырамайтынына сенгісі келеді. Өйткені өткен жылы картоп пен сәбіздің бағасы 500-600 теңгеге бірақ шыққанын жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Бұл орайда басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы маусымаралық кезеңде бұл  өнімдермен қамтамасыз ету үшін мамыр-тамыз айларына 50729 тонна картоп, 511 тонна қырыққабат, 837 тонна пияз, 664 тонна сәбіз және 747 тонна қант барын айтты. Бұрынғы қордағы өнімдер таусылуға жақын. Қазір қала халқы қажеттілігінің 30%-ін қамтуға жетеді. Қалғаны кәсіпкерлер тарапынан шешілуде. Қазір көкөністердің ерте пісетін түріннен 100 тонна алуға Түркістан облысы Жетісай ауданының «Ынтымақ» шаруа қожалығымен сақтандыру қоры арқылы келісім-шартқа қол қойылған. Сәуірдің 25-нен кейін өңір халқы көрші облыстың балғын көкөнісін пайдалана алады. Ал картопты Пәкістан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстаннан, қырыққабатты Түркістаннан, сәбізді Өзбекстаннан тасымалдайды. Оған алдын ала келісім-шарт жасалған. Мамыр-тамыз аралығында 7834 тонна картоп, 1331 тонна қырыққабат, 295 тонна пияз, 1658 тонна сәбіз, 2820 тонна қант сатып алу жоспарлануда.

Қаладағы бірнеше дүкендерді аралағанымызда картоптың былтырғы сорты мұрттанып кеткенін көзіміз шалды. Оның бағасы 250 теңгеден сатылуда. Пияздың келісі 250 теңгеден болса, дәл сол дүкеннің әлеуметтік бұрышында еш айырмашылығы жоқ өнім 65 теңгеден саудалануда. Сәбіз де дәл солай, бір өнім екі түрлі бағада сатылуда. Былтырғы сәбіз болғандықтан кеуіп, іші ағаштанып кеткен. Сәбіз деген аты ғана. Оның келісі 245 теңгеден болса, әлеуметтік бұрышта 130-дан деп бағасы көрсетілген.

Сұраныс көбейген сайын бағаның өсуі заңдылық. Бұл бағаны көтеріп жіберуі де мүмкін. Сондықтан «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы жоғарыда аталған мемлекеттермен келісім жасалып, бағасына байланысты жұмыстар болады.

Дәл қазіргі уақытта елде  азық-түлік тапшылығы орын алмауы керек. Бұл үшін қолдан келген шаралар жасалуда. Дегенмен, осы көкөністі өзіміздің жерде  өндіріп, әр шаруа қожалығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, ел асып Иран мен Пәкістаннан картоп сатып алмас едік. «Қарап жатпағанның қармағы қабады» демекші, есік алдындағы он сотық жеріне отбасының қыстық картобы мен сәбізін егіп алуға да болады. Жалқаулығымыз жар бермейді дейін десем, таяқтың ұшы өзімізге келіп тиетіні анық. Әйтпесе Жер ананы  аяласаң,  ол да саған еңбегіңнің өтеуін аямай берер еді. Осыны түсіну үшін соншалықты ғалым не егінші болудың да қажеті шамалы. Тек талап пен еңбекті қажет етеді. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген бала кезде санамызға сіңіп қалған тәмсілді еске алсақ жетіп жатыр.

Ел экономикасының ахуалы қалай болмақ?

Алдағы уақыттағы ел экономикасының ахуалы жайлы мамандар болжамы қандай? Бұл сауалды Гүлшат Мұсаева былайша саралап берді.

– Жыл басынан бері ел экономикасы 4,4%-ке, экспорт көлемі 71,4%-ке өскен. Әлемде мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты Ұлттық қорға түсетін кірістер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 есеге ұлғайған. Дегенмен, инфляция 12%-ке жетіп тұр. Әлемдегі геосаяси жағдай салдарынан Еуропаның ауқатты деген алпауыт елдерінің өзінде азық-түлік тауарларының бағасы 20%-ке қымбаттаған, геосаяси жағдай тұрақтанбаса, әрі қарай да жалғасуы мүмкін. Дүниежүзілік банктің зерттеу нәтижесіне сай, Қазақстан экономикасының өсімі биыл баяулайды. Халықаралық қаржы ұйымы еліміздің жалпы ішкі өнімі 1,8 проценке дейін төмендейді, ал инфляция дәлізі 10,5 процентке дейін шарықтап, келер жылы 7,2 процентке дейін түседі деп болжам жасаған. Оның басты себебі, инфляциялық қысым мен проценттік мөлшерлемелердің өсуі және Батыс елдерінің Ресейге қарсы енгізген санкциялары. Сонымен қатар, жоғарыда атап өткеніміздей, халықаралық брендтердің едәуір бөлігі Ресейде өндіріс ошақтарын ашқан, олар шетелден шикізат, компоненттер және басқа заттарды жеткізуге тәуелді. Еліміздегі ассортименттің шамамен 10%-ін ресейлік өндіріс тауарлары құрайды. Ал, Ресей арқылы басқа елдерден әкелінетін импорттың үлесіне ассортименттің шамамен 40%-і тиесілі. Демек, халықаралық логистиканың балама жолдарын іске қоспайынша, жағдай айтарлықтай өзгермейді.

Дағдарыстың алдын алу немесе салдарын, зардаптарын төмендетудің  жолдарына тоқталып өтейін. Халықаралық транзиттің Ресей аумағынан тыс жолдарын қарастыру. Әрине, бұл әдеттегі жеткізілім тізбегі мен басқа да шығын әкелетін өзгерістерге байланысты тауар бағасының қымбаттауына әсер етеді. Азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету – Үкіметтің негізгі міндеті. Нарықтық экономика тұсында өнім немесе қызмет бағасына мемлекеттің араласуы біршама күрделі. Дегенмен, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бағаның маусымдық өсуіне жол бермей, алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдауы қажет. Әсіресе, жыл сайын көктем мен күз мезгілдерінде – шаруашылықтардың жұмысы қызған шақта жанар-жағар май бағасы көтеріліп кететіні жасырын емес. Ал, ол ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнына тікелей әсер етеді де, нәтижесінде өнім бағасы көтеріледі. Өңірлердің қажеттіліктерін мұқият зерделеу, үнемі мониторинг жасау және елді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылау маңызды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін баға үстемесіне тиімді бақылау жүргізу, осы орайда өндіруші мен тұтынушы арасында делдалсыз тікелей қатынас орнатуға күш салу керек. Сонымен қатар, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша қабылданған кешенді шаралардың тиімді жүзеге асырылуын мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ерекше назарда ұстауға тиіс.

Қорыта айтқанда, импорт көлемін қысқартып, отандық өнім көлемін арттыру – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, бағаны тұрақтандырудың ұтымды жолдарының бірі және бірегейі. Ол үшін әрине, өндіріс ошақтарын ашу, отандық тауар өндірушілерді шынайы тұрғыда қолдау, кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету нақты әрі жүйелі түрде жүргізілуге тиіс.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<