Сай-салаға қашқан су дарияға қайтсе қайта құяды?

785

0

Сырдария – өзені Қырғызстан мен шығыс Өзбекстандағы Тянь-Шань тауларындағы Нарын және Қарадария өзендерінің қосылуынан бастау алады да, 2212 шақырым қашықтықта орналасқан Арал теңізіне барып құяды.

Сырдария өзенінің суы Орталық Азиядағы ең құнарлы мақта өсіретін аймақтарды және оның бойындағы Қоқан, Худжанд, Түркістан және  Қызылорда облыстарын сумен қамтамасыз етуге қолданылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі  Жолдауында: «Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек» деді.

Міне, көріп отырғандарыңыздай, өзен суы халық игілігіне бағытталған. Алайда, мол судың есепсіз жұмсалуы табиғи қалыпты бұзып, Арал теңізінің тартылуына әкеп соқтырғанына қаншама жыл?! Бұл жағдай жалпы адамзатты алаңдатып отырған үлкен мәселеге айналды. Теңізді қайта қалпына келтіру туралы жиі конференциялар өткізіліп, бұл тұрғыда түрлі жобалардың іске асырылу барысы жүйелі сөз етіліп те келеді. Көзге көрінген нәтижелер де бар, «Көкарал» бөгеті салынып, Кіші теңізге су құйылды. Қамбаш және Ақшатау көлдер жүйелері тоспа арқылы суға молықты. Дегенмен, толқыны аспанға шапшыған, шағаласы шулаған баяғы Арал теңізі қайтып орнына келе ме, келмей ме, ол бір Аллаға аян.

Осыдан оншақты жыл бұрын Өзбекстан Республикасының сол кездегі басшысы Ислам Каримов бір сөзінде Арал теңізін толығымен қайта қалпына келтіруге күмәні барын мәлімдеген-ді. Орын алған табиғи құбылыс, әрине, ала тақиялы көршілерімізге де оңай емес, өйткені теңіздің тартылуы Қазақстанмен бірге Өзбекстанға да зор экологиялық зардаптар мен экономикалық шығындар әкелгендігі анық. Бір сәт мына мәселеге назар аударалықшы: шалқып жатқан Арал өзінен-өзі тартыла салды ма, әрине жоқ. Оған пенденің өркөкірек өзімбілерлігі, табиғатқа қарсы шыққандығы себеп болды емес пе?! Бұл оқиға неден басталып еді, оны көнекөздер болмаса, кейінгі толқын өкілдері біле бермеуі де мүмкін. Өткен ғасырдың елуінші жылдары КСРО-ны басқарған Хрущевтің қиқарлығы осы жағдайға алып келгендігі кейінгі жұрттың есіне түсе қоя ма? Білетіндер бар шығар, ал жалпы көпшілік мына нарықтың аласапыранымен ол жағына оншалықты мән бермеуі де мүмкін. Алдағы кезеңдерде де жаңағыдай сорақылықтарды болдырмау үшін бір сәт тарих қатпарына көз салып көрген де жөн-ау.

Иә, сол бір солақай шешім әлемнің ең шұрайлы өлкесіне орналасқан аймақ тұрғындарын өкінішке қарай, арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі әлекке салып келеді.

Кең даланы тұлпарымен аралап, жерін өліспей-беріспей қорғаған қазақтың ержүрек ұлдары ол кезде де болған, халқы мен Жер-ананы қиянатқа қиғысы келмеген айбыны асқақ арыстарымыз Арал теңізінің тартылу зардабын алдын ала болжады. Сол жағдайды болдырмау үшін  жанын шүберекке түйіп, бас хатшыға қарсы да шықты. 

Адам жаратылысының бар ерекшелігі елден ерек саналған ел билеушілеріне де тән. Неге екенін кім білсін, тақ пен креслоға қонжиғандар өзінің алдындағы әріптесінің барша тірлігін жоққа шығарып, парақтың жаңа бетінен бастап жазғысы келеді де тұрады. Хрущев көкеңіз де қызыл партияның тізгіні қолына тиген соң, барынша жаңалықшыл болып алды емес пе?! КПСС-тің ХХ съезінде марқұм болған Сталиннің «ит терісін басына қаптаса», халықаралық жиында үстелді топлиімен сабалап, қара халыққа жүгерінің нанын жегізді. Қазақ жерінің үш ауданын Өзбекстанға «сыйлап» жіберген де сол. Тың көтеремін деген желеумен, жердің қыртысын қырнап, талайды қазақ жеріне қаптатқан да осы қасқаң. Елуінші жылдардың соңына қарай Никитаңыздың аңсары «ақ алтын» деп мақта өсіруге, онан бұрынғыдан да көп мөлшерде өнім алуға ауа беріпті деседі. Қашанда мақтаншақ пен даңғойдың жанында жағымпазданып жел берушілері көптеп жүреді. Солардың бірі мақта өсіруді жаңа технологияға көшіруді, яғни, «механикаландыру және автоматтандыру» атты идеяларын Хрущевтің санасына сіңіре берсе керек. Шала ғалымдардың осы ұстанымына малданып, бас хатшы мақтадан байырғыша  табиғи жолмен жоғары өнім өндіретін технологиядан бас тартуды және өздерінше жаңалық деп қабылдаған «шаршылап ұялау әдісімен» егуді талап етті. Онымен де қоймай мақта алқабын бірнеше есеге арттыруды да қалады. Әлгіндей тәсілден мақта плантациясының көлемі барынша далиып, әр гектарға жұмсалатын су көлемі еселеп артты. Мына мысалға назар аударыңыз, атап айтқанда, бұрынғы табиғи тәсілде 1 гектар мақта алқабына  3,5 мың текше метр су жұмсалса, кейінгі әдісте оның көлемі 16-20 мың текше метрге жеткізілді, яғни, кеткен ағын судың көлемі бірнеше есеге артты деген сөз.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мақта дақылының көлемі Орта Азия мен Қазақстанда 3 млн гектарға таяу көлемді қамтыса, оны суландыру үшін Сырдария мен Әмударияға қолдан бөгеттер салынып, есепсіз су бұрылды. Ең қиыны, орны толмас өкініш – осыншама мол су жер астына босқа кетіп жатты. Соның кесірінен топырақ құнарсызданды, жер сорланды. Байырғы тиімді технологияның бұзылуынан диқандардың мақтамен бірге мал азығы, бақша, көкөніс егу жұмыстары жетімсіреді. Арық жағалауларындағы бір жағы көлеңке, бір жағынан желден пана болатын тұт ағаштары азып-тозды. Олар жібек құртын өсіруге мейлінше қажет болатын-ды. Міне, нақты ғылымға бой бермеген әпербақандықтың салдары халыққа қаншама кесірін тигізді. Ең сорақысы, осыншама ысырапшылдық Арал қасіретіне әкеліп соқтырды!

Осы жағдайды алдын ала болжаған бір топ ғалымдар көпке дейін Хрущевтің бұйрығына қарсы шығып, өз пікірінен бас тартпады. Олар – КСРО Мақта шаруашылығы министрі болған ұлты өзбек Усман Юсупов пен КСРО Мақта шаруашылығы министрлігінің Оңтүстік-Батыс өндірістігі басқармасының бастығы, ұлты қазақ Мұрат Майлыбаев болатын. Олардың кейінгі тағдыры атан түйеге жүк боларлықтай ауыр. Бұл – бөлек әңгіме.

Иә, сонымен Хрущевтің шикі шешімі, оның жанындағы адастырушылардың қате пікірі елге, жерге, халыққа қаншама зардап әкелді. Асып-тасыған олардың өзі де кейіннен қандай жазаға ұшырағандығына тарих куә. Өзен суының мол көлемде ысырапқа салынуына мақта алқабымен бірге суды ынсапсыз сіміретін күріштіктердің де аз үлес қоспағандығы мәлім.

Міне, құрсаудан босандық деп жүрген егемендігіміздің  өзіне отыз бірінші жыл. Жоғарыда айтқанымыздай, Арал теңізін сақтап қалу жолындағы жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, кейінгі жылдары теңізге құйылар су мөлшері кемімесе, артқан емес. Жоғарыдан төмен құлдырайтын су көлеміне қатысты жағдайды былай ысырып қоя тұрып, өз облысымызда атқарылуы тиіс кей шаруаларды ортаға салу азаматтық парызымыз екендігі анық. Иә, өзен суының егіншілік пен жайылымдарға мол көлемде ағытылып, артылған судың қайта дарияға құю жұмысының жүйелі жолға қойылмауының салдары, бақылаудың кемдігі де ысырапшылдықты арттырып келеді деп амалсыз айтуға тура келеді. Бастысы – осы шаруаға ғылыми тұрғыда мән берілмеуінің залалы мол.

Аймағымыздың оңтүстігіндегі Жаңақорған, Шиелі аудандарының тұрғындары өнеркәсіп пен атакәсіп – ауыл шаруашылығын қатар алып келе жатқан жамағат. Мұндағы тұрғындардың басымы әлі күнге егіншілік және мал басын өсіру, оның өнімін пайдалану арқылы нәпақасын айырып, тіршілік етуде. Әрине, қай әрекет болса да суға тәуелді. Бізде  дария суына.

1964 жылы Үкімет ауыл шаруашылығы жерлерін суландыру, тың аймақты мелиорациялау жұмыстарын арнайы қаулысымен қолға алды. Осы бағытта Жаңақорған ауданында Түгіскен және Сумағар каналдары қазылды. Түгіскен алқабындағы аталған су жолдарының бойында 10 совхоз ашылуы тиіс болса, сол жылдары оның 7-уі ірге көтеріп, кешегі кеңес одағы ыдырағанша жұмыс істеп тұрды. Өткен ғасыр басындағы дүркін-дүркін зобалаңнан Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан жеріне ауа көшкен қазақтар қайта оралып, осында қоныстанды. Осы өңірдің қайта гүлденуіне айрықша үлес қосқан да – сол бауырларымыз. Қазір сол ата-әжелеріміздің ұрпақтары мұнда тіршілік етіп, егемен еліміздің көсегесін көгертуге атсалысып, еңбек етуде.

Жоғарыда айтқанымыздай, аталған су жолдарының салынуы нәтижесінде жүздеген жылдар бойы тусыраған тың дала нәрленіп, елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына, талапқа сай өсіп-өркендеуіне қызмет етіп келеді. Бұл – әрине, өте құптарлық жайт. Білесіздер, табиғаттың бұлжымас заңы бойынша одан қанша алсаң, оның бастапқы қалпының бұзылмауына қызмет жасауыңыз қажет. Мұны қазақ: «Алмақтың да салмағы бар» дейді. Мәселен, төрт түлігің төлді болуы үшін әуелі шелді болуына қажыр-қайратыңды жұмсамасаң, бәрі бекер болуы мүмкін, яғни, малдың жайылымы шығымды, жем-шөбі мол, күтімі жақсы болуы тиіс. Ал егін салып, керекті өнім алдың ба, соншалықты оған қайтарымды қызмет жасауыңыз қажет. Топырақтың құнары құлдырамасын. Диқандардан ауыспалы егіс технологиясын тиімді пайдалана отырып, құнарландыру жұмыстарын тәртіпке сай жүргізуді талап етудің мәнісі осы. Сүдігерді күз айдамасаң, жерді жүз айдағанмен Жер-ананың мейіріміне ие бола алмассың. Бұл пікірімді соншалықты тәптіштеу, жерге қатысты көптеген орашолақтықты, жауапсыздықты көргеннен кейін ойыма оралып отыр. Әсіресе, кешегі тоқырау жылдары бұл шаруа бетімен кеткен еді.

Айтар ойдың басты орайына оралар болсақ, егістікке пайдаланылған аяқсудың артылғаны қайда кетіп жатыр? Өңірдегі қосымша қашыртқы каналдар арқылы арнаға қайта құйыла ма, әлде қараусыздықтан, әлде нақты ие жоқтығынан сай-салаға бей-берекет жөңкіліп, құм-құмның арасына жоғалуда ма? Міне, гәп осында!  Мәселен, Жаңақорған ауданының оңтүстігіндегі Көктөбе ауылының жоғарғы жағынан алынған Сумағар каналының суы төмен қарай ылдилап, айналасындағы жүздеген гектар жерді суландырады. Осы маңдағы 3-4 ауыл егін егіп, малын суғарып тіршілік етіп  келеді. Сол каналдың соңы жіңішкере келе ақаба суы көлшіктерге, ой-шұқырға құлап, қалғаны иен далаға сіңіп кетуде. Мұны бір деп қойыңыз.

Ал Түгіскен каналы дарияның батыс беткейіндегі құрамында бірнеше ауыл бар, бұрынғы 7 кеңшар аумағын бойлай өтеді. Ондағы 2 қашыртқы каналының алғашқысы К-1 Өзгент ауылы маңындағы осы аттас көлдер жүйесіне келіп бас тірейді. Аталған қашыртқы бойына орналасқан жеке шаруа қожалықтары каналдың әр жеріне өз беттерінше тоған салып, кей тұстарында су айдағыш насостар қою арқылы ондағы суды жырымшылайды. Осылайша дарияға сарқынды судың тамшысы ғана келетін шығар. Демек, еселенген су мөлшері жоқ есебі. Мұны екі деп қойыңыз.

Ал екінші қашыртқы канал К-2 Байкенже ауылы маңында өзенге аздап тамады. Мұнда да үнемі жүйелі жұмыс жүреді деп айту қиындау. Қадағалау кемшін секілді. Мұны үш деп қойыңыз.

Енді төмен түсіңкірейік, Шиелі ауданының Жаңа Шиелі каналының суы да аудан ауылдарын аралай келе, Нәнсай алқабы, Телікөл көлдер жүйесінің қашыртқы каналдарына жиылып, онан әрі енапат көлемде Сарысуға бет алады. Дарияңыз бұл жерден тіпті шалғайда қалады.

К-9 қашыртқы каналы Ортақшыл ауылы маңындағы Ошақты көліне маңдай тіреуі тиіс. Ал оның суы жоғарыда айтылғандай, кедергілер салдарынан Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Иіркөл ауылдық округтер тұсында іркіледі, яғни, көлге жетпей желкесі қиылады деген сөз. Айтпақшы, көл суы молайғанда артық судың ескі арна арқылы дарияға құю мәселесі де тұйыққа тірелген. Сондай-ақ, ағын сулардың осы айналадағы көлдерге есепсіз құйылып, асқаны жерге сіңіп, қалғаны буға айналып жатпасына кім кепіл? Көлдердің әрқайсысында лимиттегі суды өлшеммен жіберіп, қадағалап отыру үшін қажет су тоспалары бар ма, бар болса олардың сапасы қандай? Дер кезінде су лимитінің орындалу барысының есебі дәлдікпен жүргізіле ме, оларды кімдер қадағалап отыр? Әлде сайда саны, құмда ізі жоқ қараусыз қалды ма? Атқарылған іс барысы қандай, нақты есеп бар ма, егер ондай тиянақтылық болса, Жолдауда әлгіндей мәлімет айтылмаған болар еді. Тағы да қайталап көрсетейік: «Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.  Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес» деді Президент. Бұл сынның біздің өңірге де қатысы бар екендігі айдай анық нәрсе. Оны жоғарыда білігіміз жеткенше түсіндірген болдық.

2005 жылы көктемде Сырдария тасып, алапат су арналардан асып жатты. Төменарық маңындағы бірнеше тұрғын үй, қора-жай су астында қалды. Тоғай арасындағы малмен отырған шаруалардың біразы да бұл зардапты көрді. Бұл кеше ғана сияқты еді, ай аунап, жыл жылжып арада 17 жыл өте шығыпты. Сондағы дария тасығандағы топан су ескі арналардың ізімен амалсыз ен далаға бұрылды. Тағы да 2018 жылғы ерте көктемде жоғарыдан құлдилаған нөпір су деңгейі түспей, 7-8 ай бойы сол күйі сарқырады да тұрды. Облыс орталығы мен төменгі аудандарға су алу қаупін тудырады деген сақтықпен мол су айдаладағы сай-салаға, жыра-жыраларға жөңкіліп жатқандығы осы істің басы-қасында жүрген мамандардың есінен әлі  күнге шыға қоймаған болар. Осы бағытқа қаншама қаржы жұмсалды деңіз. Демек, тың жерді суландыру барысындағы бағдарламада артық суды дарияға қайта құйғызу мәселесі дұрыс жоспарланбаған деген күмән туындайды. Бәлкім, егіншілікке пайдаланған суда экологиялық залалы бар деген желеу көлденең тұрған шығар. Ал ежелден кең даланы мекендеген данагөй қазақ халқы: «Су қырық домаласа, тазарады» деп уәж айтады. Ондаған шақырымға созылатын канал ішінде суыңыз қырық емес, мың домалап, жаңа молекулалары қайта түзілмей ме? Қажет деп тапса, ғылым, білім дамыған мына заманда суды тазартуға жаңа технологияны қолдануға да болар еді ғой. Расында, жоғарыда айтылған қауіпсіздік шараларын одан әрі жетілдіру барысында артық суды далаға жібермей, арнайы қазылған су жолдарымен Қызылорда қаласын айналдыра өткізіп, қайта дарияға құйғызуға болмас па еді? Әрине, болар еді, егер де алдын ала жүйелі жұмыс жүргізілгенде.

Қашыртқы каналдары уақытылы тазаланбай, табанына құм шөгері, топырақ үйінділерінің кедергісі судың жүру жолдарын ластайтындығы бар нәрсе. Осы кедергілер – қашыртқы каналдар бойында ағын судың тасып, сыртқа лағуына, жыра-жыраға қашуына әкеліп соқтыратын бірден-бір фактор. Шағын-шағын көлшіктердің пайда болуы, міне, осы салғырттықтың салдары десек, жалған болмас. Бұлар да соңыра сасып, жерге сіңіп, жоғала береді. Ал аунап ағатын асау Сыр өзені сылдырап, Аралға жетпейді. Ондағы ел теңіздің жағдайына алаңдаулы. Осының әсерінен туындайтын экологиялық, экономикалық мәселелер қаншама?..

Тағы да назарларыңызға ұсынайық, ағын суды молынан қарпитын Шіркейлі каналының суы да Сырдарияға қайта құймайтын көрінеді. Жалағаш, Тереңөзек аудандарын бойлай өтіп, Қармақшы ауданының территориясында құмға сіңіп, жоғалып жатқандығына, әрине қынжыласыз. Ал осы ауданда ені – 7, ұзындығы – 30 шақырым шамасындағы «Генерал» аталатын жасанды көлдің пайда болуы да жоғарыда тәптіштеп отырғанымыздай ағын судың есепсіз жөңкілуінің нәтижесі емес пе? Демек, көлдерді сақтауға қатысты бөлінетін су лимиті тәртібінің қатаң сақталмай отырғандығына  негіз бар секілді.

Осы мақаланы дайындау барысында көптеген азаматтармен пікірлесуге тура келді. Жаңақорған ауданында бірнеше шаруашылықтарда бас агроном қызметін атқарып, абыройға бөленген Асан Нақышпанов, осы саладағы тәжірибелі маманның бірі Тұрған Базарбаев, Шиелі ауданында өндіріс бригадирі, бертінде шаруашылық басқарған «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Қаракеев, тағы басқалар жанашырлық ниеттегі өз ойларын білдірді. Инвестиция тарту арқылы жүйелі жұмыс ұйымдастыру барысын әңгімеледі.

Иә, Арал мәселесі – Адамзат мәселесі. Теңіз суының тартылмай, қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар трансшекаралық мемлекеттермен тиімді мәмілелер жасау арқылы жақсаратындығы сөзсіз. Бұл орайда салалық министрліктер мен аймақ басшыларының ізденіс үстінде екендігінен  хабардармыз. Биылғы жылы Сыр өңірінің басты дақылы – күріш көлемін қысқартпай, мол өнім алу барысында және жерді тұздану мен сор басуынан сақтау жолында облыс басшылығы шұғыл жұмыстар жүргізді. Бұған, әрине, жамағаты риза. Егін бітік шығып, өнім мол болса, тоқшылық боларына сенім нығаяды.

Дегенде, күріш егетін аудандардағы қашыртқыға жіберілетін суды қайта дарияға құю мәселесі басты назарда болуы тиіс. Бұл –қазіргі ғана емес, болашақтағы да ахуалға қатысты мәселе. Облыстағы күріш егетін барлық аудандарда қашыртқы каналдар суы Сырдарияға құйылып, дария деңгейі көтерілсе, Аралға баратын су көлемі артары түсінікті ғой.

«Біз – табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына!» депті дала академигі атанған, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев. Біздің бүгінгі еске салмағымыз – қарапайым аймақ тұрғындарының пікірі. Қашқан судың сай-салаға құламай, қайта дарияға құйдыру мәселесіне білікті мамандардан құралған комиссия зерделеу жасаса, мәселенің анық-қанығы айшықталар еді.

Білеріміз – Сырдария өзенінің суын ысырапқа салмай, тиімді пайдалану барысында қолға алар шаруаның шашетектен екендігі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<