Әскери-теңіз күштерінде борышын өтеген

550

0

Президент 2020 жылы Ардагерлер туралы заңға қол қойды. Заңда ардагерлердің әлеуметтік тұрғыда қорғалатын бес санаты көрсетілген. Оның ішінде екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлері, сондай-ақ әр жылдары шет мемлекеттердегі әскери іс-қимылдарға, Чернобыль АЭС апаты зардабын жоюға, Ирактағы бітімгерлік миссиясына қатысқандар бар.

Алайда, арнайы санатта өткен ғасырдың сексенінші жылдары Иран-Ирак соғысы кезінде Парсы шығанағындағы әскери іс-қимылға қатысқан теңізшілер жоқ. Соның бірі – Қызылорда қаласының тұрғыны Бақытжан Жақанов. Ол 1986 жылы КСРО әскери-теңіз флоты қатарына шақырылып, Тынық мұхиты флотының сүңгуір қайыққа қарсы «Маршал Шапошников» кемесінде әскери қызмет атқарды. Өзі сияқты жас сарбаздарға азаматтық кемелер мен танкерлерді күзету, олардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету жүктелді.

– Парсы шығанағындағы әскери іс-қимылды «танкерлер соғысы» деп те атайды. Кеңес одағының сауда жасайтын азаматтық кемелері ирандықтардың шабуылынан қорғануы керек. Біздің міндетіміз – сол әскери-теңіз күштерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – дейді кейіпкеріміз.

КСРО әскери-теңіз флотының 8-жедел эскадрилиясы құрамында Кеңес одағының азаматтық кемелеріне конвойлық қызмет көрсеткен ол құрлық пен су үстіндегі соғыстың айырмашылығы барын айтты. Жер үстінде жаудан қашып жасырынуға болады. Ал су үстінде ондай мүмкіндік жоқ.

– Өзім Парсы шығанағында әскери-теңіз кораблінің бу қазандығы жарылып, істен шыққанына куә болдым. Енді ойлаңыз, далада 60, теңіз кораблінің ішінде 80-90 градус ыстық. Адамдар ыстыққа шыдамай, бу қазандығын он минут сайын ауысып жөндеуге мәжбүр болды, – дейді Бақытжан Жақанов.

Оның айтуынша, Парсы шығанағында азаматтық борышын өтеген қазақстандықтар қатары жүзге де жетпейді. Қызылорда облысынан төрт-бесеу ғана. Сондықтан ешкім олардың басын құрап, қоғамдық ұйым құрмаған. Әйтсе де, заң талқыланып жатқанда бір топ белсенді Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына әлеуметтік мәртебе беру туралы хат жолдаған. Ардагерлер туралы заңға Тәжік-Ауған шекарасында болғандар, Чехословакиядағы қақтығысты реттеуге қатысқандар, бітімгерлер қатарында Ирак пен Таулы Қарабақта болған Қазақстан Республикасы әскери күштерінің қызметкерлері еніп, бұлар шет қалған.

– Ардагер мәртебесін алу үшін автомат асынып, жауға қарсы оқ жаудырып, қауіптің белортасында жүруің керек екен. Бірақ теңізге шығудың өзі қауіп екенін қалай түсінбейді? Ең қызығы, жоғарыда отырған кейбір жауапты мамандар мұндай соғыс болғанын білмейді де. Құзырлы орындардың бұл мәселеде сыртқа жалтақтайтыны тіпті қызық, – дейді әскери-теңіз күштерінің ардагері.

«Танкерлер соғысына» қатысқандардың тағы бірі – Арал ауданы «Аманөткел» елді мекенінің тұрғыны Бақытбек Ізбасқанов. Ол да өздерінің елеусіз қалып келе жатқаны үшін қапалы.

– 1988 жылы әскерге шақырылып, 1991 жылға дейін әскери- теңіз флотында азаматтық борышымды өтедім. 1989 жылы ақпаннан тамыз айына дейін Парсы шығанағында әскери іс-қимылға қатыстым. Міндетіміз – Қызыл теңізге тасталған минаны сүзіп тазалау. Кеңес одағының азаматтық жүк корабльдерін діттеген жеріне дейін шығарып салып тұрдық. Осы еңбегім үшін КСРО-ның мемлекеттік наградасы – «Адмирал Нахимов» медалін иелендім. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Үкіметтен қолдау күткенбіз, бірақ ол әзірге арман болып тұр, – дейді Бақытбек Ізбасқанов.

Бақытжан Сәкенов 1989 жылы Қызылорда қаласынан Кеңес әскері қатарына алынып, Парсы шығанағындағы қақтығыс аймағынан бір-ақ шыққан.

– Кеңес өкіметі тұсында соңғы үш жыл бойы әскери-теңіз флотында қызмет атқарған біз болдық. Владивостоктан Парсы шығанағына бір жарым айда әзер жеттік. Онда кеңестік кеме қатынасының қорғаныс және қауіпсіздік іс-шараларын қамтамасыз етумен айналыстық. Екі жылға таяу уақытым сонда өтті, – дейді кейіпкеріміз.

Қақтығыс аймағында басын қауіпке тіккендердің қай-қайсысы да әлеуметтік мәртебесінің заңмен айқындалғанын қалайды. «Осындай соғыс болғанын, оған Қазақстаннан сарбаздар қатысқанын халық білсе» дейді олар.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<