Су шығынын қалай азайтамыз?

998

0

Кейінгі жылдарда өңірде ауыспалы егіс жүйесін басқару мен пайдалану бағытында көптеген өзгеріс болды. Бұрынғы іргелі шаруашылықтар шағын қожалықтарға бөлінген. Соның әсерінен инженерлік жүйенің құрамындағы суару каналдары, қашыртқы-кәріз жүйесі және олардың бойындағы гидротехникалық құрылыстарды пайдалану тәртібінде елеулі қиындықтар бар.

Қазір ирригациялық жүйелердің техникалық жағдайының нашарлауы, канал арнасының түрлі дәрежеде деформацияға ұшырауы байқалады. Онда қамыс пен түрлі өсімдіктер өсіп кеткен. Осындай себептерге байланысты олардың су өткізгіштік қабілеті төмендеп, су шығыны артқан. Суармалы алқаптарда тиімді технологияның қолданыла бермеуі де суды ысырап етіп отыр. 

Облыстағы суармалы алқапта жер асты суының деңгейі негізінен көлденең кәріздер мен қашыртқылар арқылы төмендетілуде. Бірақ, олардың басым бөлігі көп жылдан бері тазаланған жоқ. Соның салдарынан топырақтың тұздануы мен сортаңдануы үдеп барады. Қысқасы, суармалы алқаптарда топырақтардағы қара шірік, азот, фосфор, калий секілді қоректік заттар кеміп кеткен.

Қазіргі кезде өңірде ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық, мелиоративтік жағдайды жақсарту мақсатында қайта жаңғыртуға назар аударылуда. Облыста 158 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру, пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар жерді қайта айналымға қосу мәселесіне көңіл бөлінуде. Бұл бағытта 3 жоба қолға алынбақ. Атап айтатын болсақ, ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру (ПУИД-2) жобасы бойынша Жалағаш ауданының Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдарында 15 мың гектардан астам суармалы жер қалпына келтіріледі.

Ал ПУИД-3 жобасы бойынша ол 143 мың гектарды құрайды. Жоба жүзеге асқаннан кейін инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жердің 80%-і қалпына келтіріледі. 

Жалпы, ПУИД-2 жобаcы төрт компоненттен тұрады. Алғашқысы ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, жаңғырту болса, екіншісі – ирригациялық және дренаждық жүйені тұрақты басқару. Сондай-ақ, жоба барысында пайдалану мен техникалық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де мәселелерге назар аударылады.

Институт мамандары мен СМЕК компаниясы облыста егін шаруашылығына озық су ресурсын енгізу бағытында оқу семинарларын ұйымдастыруға келісім-шарт жасасқан еді. Осы бағытта ғалымдары биыл Жалағаш ауданының 4 ауылында 10 мәрте оқу семинарын өткізді.

Ел назарына қазіргі су тапшылығы жағдайында ұсынылатын ауыспалы егіс жобалары, оған енгізілетін әртараптандыру дақылдары мен оларды өсіру мәселелері ұсынылды. Оған қоса топырақ өңдеу мен тыңайтқыш беру технологияларымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тиімділігі мен оны құру жолдары ескерілді.

Осы жоба аясында жақында Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында аталған тақырыпта «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Онда су ресурстарымен қамтамасыз ету міндеті жүктелген жауапты мекеме басшылары, мамандар, ірі күріш өндіруші шаруашылық төрағалары және институт ғалымдары жан-жақты пікір алмасты.

«Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов алдағы жылы да су тапшылығы болуы мүмкін екенін жасырған жоқ. Ал австралиялық Rubicon Water компаниясының өкілдері егін алқабында суды тиімді пайдаланып, оны басқару мен есепке алуды автоматтандыру бағытындағы өз жобаларымен таныстырды. Компания өкілдерінің айтуынша, Австралияның аталған технология енгізілген Коламбэлли  штатында күріш өсіруге арналған 79 мың гектар суармалы егістікке 560 млн текше метр су пайдаланылады екен. Ал, Сыр өңірінде 80 мың гектар күрішке 3 млрд текше метр су жұмсалады. Айырма – 6 есе.

Біздің аймақта судың көп шығын болуының бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, ирригациялық жүйелер талапқа сай емес, каналдар шөгінділермен бітеліп, жаппай қамыс өсіп кеткен. Оған қоса гидротехникалық құрылыстардың істен шығуы, күріш атыздарының тегіс болмауы су шығынын еселей береді. Тағы бір проблема ретінде су деңгейінің есепке алу жағдайын айтуға болады. Қазір шаруашылықтарда алынған су мөлшерін есептейтін құрылғылар да, оны жүргізетін гидротехник мамандар да жоқ, яғни, күріш егісіне су есепсіз алынады, ол қашыртқы жүйесіне де негізсіз тасталуда.

Су қорларының шамадан тыс шығын болуына ауыспалы егістікте күріш үлесінің 60-70%-ке дейін жетуі әсер етіп отыр. Осы орайда институт ғалымдары ауыспалы егістегі күріш үлесін азайтуды ұсынып отыр.

 Жанұзақ БАЙМАНОВ,

 Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<