Су ысырабы неге әкеп соқтырады?

448

0

Осыдан  отыз жылдай бұрын кезекті рет  Алматыға барғанымда көпқабатты үйдің сегізінші қабатында тұратын туысымның үйіне соққаным бар. Сонда  сол үйдегі інішектің қол жуатын бөлмеде  суды барынша сарылдатып ағызып қойып, ыңылдап әндетіп тұрып тісін жуып жатқан сәтін көріп қалдым.

– Оу, мынаны азайтсаңшы, сен тісіңді жуам дегенше бір шелек су құр босқа ағып кетті ғой, – деп, кранды барынша бәсеңдетіп, сыздықтап қана ағатындай етіп қойдым.

– Ой, аға, бұл сенің  Қызылордаң дейсің бе, үшінші қабаттан жоғары су көтерілмейтін. Бізде су жетеді. Анау Алатаудың басын көрдің бе қанша су жатқанын, – деді де, қайтадан көбейтіп ашып қойды. Оған су бағасы арзан болғанмен оның өте құнды, сұрауы бар дүние екенін, ысырап жасауға болмайды деген  мағынада айтқан сөздерім ешқандай да әсер ете қоймады.

Күні кеше Worldometers агенттігінің әлем мемлекеттерінде адам басына күнделікті пайдаланатын ауызсу көлеміне қатысты жүргізген зерттеулер нәтижесін көргенде сол әңгіме есіме түскені. Жүргізілген зерттеулер қазақстандықтардың суды үнемдемейтінін көрсетіп отыр.  Бізде әрбір тұрғын пайдаланып отырған ауызсу көлемі 3,5 мың литрден келеді екен. Зерттеушілер келтірген мәліметке сай бұл – әлем бойынша он бірінші көрсеткіш. Ал көршілес Ресейде 1,3 мың литр болса, Грузияда сәйкесінше  1,2 мың литр және Украинада  604 литр. Ал Ұлыбритания көрсеткіші бар болғаны 348 литр ғана.

Тізімдегі 179 мемлекет ішіндегі ең төменгі көрсеткіштер африкалық елдер еншісіне келеді екен. Ең соңында тұрған Конго Демократиялық Республикасында адам басына тұтынатын су көлемі 34 литр  ғана.

Дегенмен, тізімнің бас жағына қайта оралайық. Тізім бойынша лидер  Түркіменстан мемлекеті болып шықты. Онда адам басына тұтынатын тіршілік нәрінің мөлшері 16,3 мың литр деп көрсетілген. Алғашқы үштікке екі оңтүстікамерикалық ел кіріп отырғанын байқаймыз. Олар – Чили мен Гайана. Соңын ала тағы да ортаазиялық үш ел – Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан келеді. Бұл көршілеріміздегі тұрғындардың күнделікті тұтынатын су көлемі сәйкесінше  4,8 мың, 4,5 мың және 4,3 мың  литрден болып отыр. Тізімдегі жетінші мемлекет – АҚШ. Олардың көрсеткіші – 3,8 мың литр.

Кейде  кейбір зерттеулер нәтижесіне күмәнмен қарайтын да кездер болады. Бұл зерттеу көрсеткіштеріндегі Орта Азия мемлекеттері тұрғындарының соншалықты көлемде суды тұтынады дегені де күмән тудыратын секілді. Бір жағынан бұл зерттеулерде адамның ас суынынан бөлек, жуынуына, шомылуына, кір жууға, көлігін жууға, ауласын тазалауға, бақшасын суғаруға, құрылыс жүргізуге пайдаланатын су көлемі де кіретінін есептесең, сенбеске амалың жоқ сияқты. Өйткені, осы айтылған жұмыстардың бәріне үйге кіріп тұрған  ауызсу жүйесінен алынатын су жұмсалатыны түсінікті.

Зерттеуде былтыр 63 мемлекеттің 123 ірі қаласындағы ауызсу бағасына жүргізілген мониторинг нәтижесі де келтірілген. Осы тізімге енген қазақстандық үш  ірі  мегаполис – Шымкент, Астана және Алматы қалалары тізімде сәйкесінше 117, 118 және 119 орындардан табылыпты. Ондағы судың бір текшеметрінің бағасы 0,19, 0,11 және 0,1 евро екен. Демек, Қазақстан Республикасында ауызсу бағасы әлемдегі ең арзандарының қатарында. Бұдан төмен бағаларды тізім соңындағы пәкістандық Карачи (0,08 евро), Египет астанасы Каир (0,07 евро)  және Сауд Арабия астанасы Эр-Рияд (0,03 евро) қалаларынан көруге болады.

Әрине, бұл жерде біздегі жалақы мөлшері аз болғандықтан ауызсу тарифі де төмен екенін алға тартуға болар. Дамыған елдерде жалақы мөлшері үлкен, соған сәйкес су бағасы да жоғары болатыны түсінікті деген пікір айтылар. Бірақ, орташа жалақы мөлшері біздегіден төмен Украина, Индонезия, Бразилия секілді тағы басқа да көптеген мемлекеттердегі су бағасы біздегіден  жоғары екені анықталып отыр.

Мониторингке енген 123 қаладағы ең қымбат су норвегиялық Осло қаласына тиесілі болып шықты. Онда судың бір текшеметрі 5,51 евро болып бекітілген. Бұл жерде де олардың табысы бізден жоғары екенін айтып, тағы да ақталғың келеді. Бірақ, келесі мәліметтерді көргенде тіліңді тістей тұруға тура келеді. Норвегия тұрғындарының табысы ҚР азаматтары табысымен салыстырғанда 7,7 есе көп. Ослодағы судың тарифі Астана тарифінен 52 есе, Алматы тарифінен 58 есе көп болып отыр. Әрине, мұндай жағдайда Норвегия халқы суды үнемдеп жұмсайтыны түсінікті. Оны ол жақтағы тұрғындардың адам басына тұтынатын ауызсу көлемі 1,8 мың литр болғанының өзі дәлелдеп тұр емес пе? Біздерден екі есе аз тұтынады.

Суды үнемдеп жұмсау мәселесі тек ақшаға ғана келіп тірелмейді. Су – адам өмірі үшін өте маңызды ресурс, онсыз адамзат тіршілік ете алмайды. БҰҰ мәліметіне сәйкес, 2,2 млрд халық оған қол жеткізе алмай отыр екен.  Біздің планетамызда су көп, әйтсе де оның қадірін білеміз бе? Жер шарының 60%-ында тұратын халық тұщы судың болмауынан немесе жетіспеуінен зардап шегеді. Мәселен, Грецияның Афины және Пиреяға жақын орналасқан аудандарында ауызсу жоқ. Оны алыстағы таулардан тасып ішетіндіктен, су бұл жерде шараптан да қымбат. Хорватияның көптеген облыстарында әрбір тамшысы есептеледі. Югославияның кейбір теңіз жағалауындағы аудандары мен аралдарына кемемен жеткізіледі. Кейбір жерлерде автомашинамен, тіпті ұшақпен тасылады. Мәселен, Гонконг пен Сингапур тұщы суды көршілес Қытай мен Малайзиядан алады. Алжир елі бүтіндей дерлік тасып ішеді. Жапон елінде де өте көп еңбекпен келеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Су аса маңызды проблеманың біріне айналатын күн де таяу дейді ғалымдар.

Сол  себептен  тіршілік  нәрін ысырап етуге болмайды. Мұны әрбір адам жақсы түсінгені абзал. Атам қазақ «Судың да сұрауы бар» деп тектен-тек айтпаса керек. Қазір нарық заманында өмір сүріп жатырмыз. Әйтсе де мақаланың басында келтірген інішектің әрекетіне ұқсас келеңсіздіктерді бүгінгі күні де өкінішке орай, жиі көріп тұрамыз.

Суды үнемдеп жұмсау мемлекеттің экологиялық жағдайының жақсаруына, ұлттың әлеуметтік ахуалының жоғарылауына тікелей әсер ететінін де білгеніміз дұрыс.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<