Фото: ашық дереккөз
Субсидия мәселесі төрт түлігі мен егінін өсіріп отырған шаруа ағайынға жақсы таныс. Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері жаңа ережелер бойынша қолдау алатыны белгілі болды. «Субсидиялаудағы негізгі өзгерістер қандай?» деген сауал жауабын бірнеше дереккөзден іздестіріп, төмендегідей мағлұматтарға қанықтық.
Елімізде агроөнеркәсіпті мемлекеттік қолдау тәсілдері қайта қаралды. Құрамына ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, салалық одақтар мен қауымдастықтар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Парламент депутаттары кіретін арнайы жұмыс тобы 9 отырыс өткізді. Олардың қорытындысы бойынша қолданыстағы қағидалардың негізгі контурларын сақтай отырып, субсидиялаудың жаңа жүйесі әзірленді. Бұл жөнінде еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.
Қаражат бойынша субсидиялаудың барлық бағыттары өзгеріссіз қалды. Олардың қатарында бағытына байланысты 15%-дан 80%-ға дейінгі нормативтермен инвестициялық, қарыз алушы үшін мөлшерлемені жылдық 6%-ға дейін төмендете отырып, кредиттер мен лизингтер бойынша сыйақы мөлшерлемесін, сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бар. Бұл барлық туындайтын тәуекелдерді азайтуға, сақтандырылған егіс алқаптарын кеңейтуге, сондай-ақ мал мен құсты сақтандыруды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Кепілдік мөлшері – негізгі борыштан 50%-ға дейін, басым бағыттар бойынша 85%-ға дейін қарыздарға кепілдік беруді сақтандыруды субсидиялау.
Ал өсімдік шаруашылығындағы бағыттар мен нормативтер сақталды. Қант қызылшасын өсірудің тартымдылығын арттыру үшін оны өндіруді субсидиялау нормативі тоннасына 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау және әкімшілендіруді оңайлату үшін аударым өтінімдерінің күші жойылады.
Асылтұқымды мал сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалады. Селекциялық-асылтұқымдық жұмыс саласында жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекеліне байланысты бұқа мен қошқарды жалға беруді субсидиялау ғана жойылады.
Тауар-спецификалық субсидиялар өзгеріссіз қалады. Алайда күркетауық еті мен суда жүзетін құсты субсидиялау жойылады. Өйткені, олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайды. Меншікті аналық басы жоқ кооперативтерге дистрибьюторлық орталықтар көрсеткен қолдан ұрықтандыру жөніндегі қызметтерді, асылтұқымды мал импорты кезінде екінші деңгейлі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару күшін жояды.
Жұмыртқа шаруашылығы бойынша норматив бір жұмыртқа үшін 3 теңге болып қалады. Бұл ретте 1-санаттағы жұмыртқаны сатудың шекті бағасы әкімдіктер жасаған меморандумдар негізінде белгіленеді. Малды өздерінің бордақылау алаңдарына көшіретін шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылады.
Сондай-ақ, терең өңделген өнімдерді өндіру үшін сатып алынған шикізат құнын субсидиялауда глютен және биоэтанол өндіру үшін бидай құнын субсидиялау жойылды. Өйткені бұл тауарлардың әлеуметтік маңызы жоқ.
Айта кетерлігі, еріген суларды жинауға арналған жасанды су айдындарын салу үшін вагондардың құнын субсидиялау жойылады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейіне және әкімшілендірудің күрделілігіне байланысты «Бәйтерек «ҰБХ» АҚ еншілес және тәуелді компаниялары мен екінші деңгейдегі банктерді қоспағанда, аванстық түрде инвестициялық субсидиялар алу мүмкіндігі алынып тасталады.
Жайылымдарды суландыру үшін ұңғымалар мен құдықтар қазу кезінде бұрғылау материалдары мен қызметтердің құны ғана субсидияланады. Бұл ретте жабдықтың құнын субсидиялау жойылады. Өйткені оның нарықтық құны өндіруші елге байланысты ондаған есе өзгеріп тұрады. Ал қызмет көрсетушілер арзан жабдықты жеткізу арқылы бюджет қаражатын заңсыз игеріп келген.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<