Утиль алымы екі есе азайды, көлік арзандай ма?

666

0

Мемлекет басшысы жыл басында кәдеге жарату алымының мөлшерін пысықтауды тапсырған болатын. Ұзақ үзілістен кейін Үкімет алымның жаңа мөлшерлемелерін жариялады. Бұл ретте барлық ықтимал нұсқалар ойластырылғаны, алым көлемі отандық автоөндіріске зиянын тигізбейтіні айтылды. Жаңа мөлшерлеме бұрынғысынан екі есе қысқарған.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр утиль алымын мүлде алып тастау туралы, отандық автомобиль өнеркәсібін жоққа шығаруға тырысқан пікірлер көптеп айтылғанына қарамастан, теңгерімді шешім қабылданғанын айтты.

– Автомобиль өнеркәсібін ынталандыру деңгейі, негізінен, автокөліктердің барлық түрлері мен өндірілетін ауыл шаруашылығы техникасы бойынша мөлшерлемені 50%-ке төмендетуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Жаңа мөлшерлеме көлік бағасын арзандатуға ықпал етуі керек болатын. Бірақ отандық автокөліктердің емес. Өйткені, мемлекет жергілікті өндірушілерге экологиялық төлемнің барлық сомасын қайтарады. Көлік құнын шетелдік автокөліктерді жеткізушілер де қымбаттатуы мүмкін. Кейбір дилерлер бұл туралы хабарлап та үлгерді.

Утиль алымын арзандатуды талап еткен жұртшылықты жаңа мөлшерлеме қанағаттандырмай отыр. Осылайша, қоғам белсенділері автокөліктерді кәдеге жарату алымын 10 есе азайтуды талап етуде. Сонымен қатар, көлік иелерінің айтуынша, шет мемлекеттерден көлік әкелу кезінде тіркеу алымының жоғары болуы мәселесі де шешілмеген. Бұл түпкілікті көлік бағасына әсер етеді.

2022 жылға дейін қоғам белсенділерінің наразылығына қарамастан, Үкіметтің утиль алымы мөлшерлемесін төмендету ықтималдығы шамалы болатын. Бірақ қаңтар оқиғасы шенеуніктерді шұғыл шешім қабылдауға мәжбүр етті. Осылайша, бір жарым айға жуық уақыттан соң жаңа мөлшерлеме жарияланды. Айтуларынша, барлық факторлар, ең алдымен, отандық автоөндірістің мүддесі ескерілген. Бөлшектердің көбін шетелден сатып алғанымен, көліктер елімізде құрастырылады. Демек, өнімді Қазақстанда жасалған деуге болады және өндірушілердің сырттан қосалқы бөлшектерді әкелу кезінде төлейтін міндетті экологиялық төлемі толығымен қайтарылады. Бір сөзбен, елімізде құрастырылған көліктер үшін утиль алымының мөлшері нөлге тең.

2016 жылдан бері төленіп келе жатқан бұл алым түрі негізінен кәдеге жарату шығындарын жабатын экологиялық төлем. Дегенмен, шын мәнінде, ол отандық автоөнеркәсіпті бәсекелестіктен қорғау үшін пайдаланылады. Өйткені тек импорттық шетелдік автокөліктер үшін төленеді. Сондықтан бағасы да жоғары. Бірақ тарифтер төмендеген жағдайда мұндай көлік арзандауы керек дейді мамандар.

Қазір барлық сатылымның 65 проценті отандық көліктер үлесінде. Олардың бағасы мүлдем өзгермейді. Утиль алымының жаңа мөлшерлемесі енгізілгеннен кейін төлем көлемі, мысалы жеңіл автокөлік үшін 459 мың емес, 229 мыңнан басталады. Ең жоғары баға 3,5 миллионнан 1 миллион 800 мың теңгеге дейін төмендейді. Өзгеріс жүк көліктеріне де қатысты. Бұған дейін, мәселен, шетелден әкелінген тракторлар мен комбайндарға төленетін шекті төлем мөлшері жалпы алғанда 12 миллионнан асатын.

Мамандардың айтуынша, кейбір белсенділер талап еткендей, утиль алымы мүлде алып тасталса отандық автоөнеркәсіп тоқырауы мүмкін. Әсіресе, Ресей секілді елмен көрші отырғанда бәсекелестік талаптарына төтеп беру қиын. Онда бұл салаға мемлекеттік қолдау деңгейі жоғары. Зауыттар тек экологиялық алым төлеуден босатылып қана қоймай, оларға субсидиялар да беріледі. Ал, жалпы кеден шекарасының жоқтығынан елімізде әбден ескірген көліктер қаптап кетуі мүмкін.

Сырттан көлік сатып алу үшін қосымша құн салығы, кеден салығы төленеді. Тиісінше, азаматтар техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін ескі көліктерді сатып алуға тырысады. Бұл қазір орын алып отырған жағдай. Мысалы сырттан әкелген ескі көлігімен жүрген адам оны Қазақстанда тіркегісі келмейді. Себебі утиль алымы, сондай-ақ бастапқы тіркеуге байланысты шығындар автокөліктің өзіндік құнынан бірнеше есе жоғары. Елімізде 200 мыңнан астам осындай техника бар. Өткен жылдың соңында полицейлер тіпті оларды жаппай айып тұрағына қоюға да тырысқан. Алайда кейінірек көлік жүргізушілеріне қазақстандық тіркеуге қоюға немесе елден шығаруға уақыт берілді. Ол мерзім де 1 наурызда аяқталды.

Бұған дейін көліктерді кәдеге жаратумен айналысатын «Оператор РОП» жеке компаниясы утиль алымын қабылдап келген. Қазір бұл міндет «Жасыл даму» мекемесіне жүктелді. Утиль алымына қарсы қоғам белсенділері шенеуніктердің асыра сілтеп отырғанын айтып, төлемді қазіргіден де арзандатуды талап етіп отыр. Дегенмен, құзырлы органдар бұл мөлшерлеме түссе, инвесторлар отандық өндірісті бірден тоқтатады деп қауіптенеді. Олар шетелдік компаниялармен бәсекеге түсе алмайды.

Дегенмен, кәдеге жарату алымына наразылар қосалқы бөлшектердің басым бөлігі онсыз да сырттан әкелінетінін айтады. Бөлшектер шетелден сатып алынғандықтан, отандық автомобиль өнеркәсібін ынталандыруға жұмсалып отырған қаржы ішінара шетелге кетеді. «Тиісінше, отандық автоөнеркәсіпті емес, көрші елдердің автоөнеркәсіптерін ынталандырып жатырмыз» деген пікірде.

Ал, автосалон иелері утиль алымы қаншаға азайса, импорттық көліктердің бағасы да сонша төмендейтінін айтуда. Бірақ көлік бағасына теңгеге қатысты доллар бағамының қатты әсер ететінін ескеру керек.

Сондай-ақ, утиль алымынан басқа, сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы маңызды рөл атқарады. 2022 жылы жаһандық тапшылық салдарынан жаңа автокөліктерге деген жоғары сұраныс пен олардың дилерлік орталықтардағы тапшылығы жалғасады. Мамандар жетіспеушілік жағдайында бағаны төмендету ақылға қонымсыз екенін айтады. Ал, жаңа көліктердің тапшылығы ескі көліктер нарығын да тұрақсыз күйде ұстайды. Өйткені жаңа көліктер тапшылығы жағдайында сатып алушы қайталама нарыққа барады.

Әртүрлі пікірлер айтылғанымен, утиль алымының жаңа мөлшерлемесі көлік нарығына қалай әсер ететіні бір-екі айдан кейін белгілі болады. Әзірге кәдеге жарату алымының жаңа мөлшерлемесін мамыр айының басында енгізу көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, сол уақытта жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы да басталуы тиіс.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<