Әйелдердің зейнет жасын төмендету кейінгі кезде қоғамда көп талқыланатын тақырыпқа айналды. Олай болмағанда ше? Өткен жылы әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жасқа төмендеген. Бұған екі жылғы пандемия салдарынан 22 процентке өскен елдегі өлім-жітімді қосыңыз. Оның үстіне түздегі жұмыстан бұрын үйдегі тіршіліктің тең жартысы аналардың мойнында. Бала тәрбиесі тағы бар.
Парламент қабырғасында бірнеше рет қозғалған мәселені жақында сенатор Дана Нұржігіт қайта көтерді. Оның айтуынша, қазақстандық әйелдердің жұмысы мен өмірін әлемдік стандарттармен өлшеуге болмайды. Мәселен, Жапонияда аналар 65 жастан зейнетке шығады. Бес жыл ерте кетемін десе де өз еркі. Себебі күншығыс елінде өмір сүру ұзақтығы – 87 жас.
Қазақстандық әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы шешім 2015 жылы қабылданды. Еліміздің зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіле бастады. Соның бірі – әйелдердің зейнет жасын ұлғайту еді. Бұл өзгерістерді жүзеге асыру үшін 2018-2027 жылдар аралығында, яғни 10 жыл ішінде әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін жеткізу жоспарлануда. Есеп бойынша биыл шілдеден бастап әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.
Жұмыста техникалық қызметкер Марина апай: «Мен жүгірген сайын ол да жеткізбей келеді. Жыл сайын алты ай қосылады. Екі жыл шыдасам, 62-ге келгенде шығады екенмін» деп күтіп жүр.
– Үкімет зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастырып жатыр. Бұл жерде бәрін бөлек-бөлек қарамай, барлығын теңдей көрмей ме? Жасым алпыстан асқанда әр қабатқа шелекпен су тасып, белім бүгіліп еден жуу оңай емес. Жұмыстан шаршап барғанда немерелердің қылығын қызықтауға да мұршам болмайды, – дейді ол. Талай жылғы бейнетінің зейнетін көру үшін қаншама аналарымыз осылай әр күнін санап жүр. Денсаулығы сыр берсе де, «шыда жаным, шыдамен» түрлі ауыр жұмысты ерлермен тең дәрежеде істейтіндер де жетерлік.
Сенатор көтерген мәселеге күні кеше ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жауап берді. Онда бұл бюджет қаржысын үнемдеу үшін емес, лайықты зейнетақы мөлшерін қамтамасыз етуге негізделгенін жеткізген.
– Қазақстандықтар бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақы алады. Ынтымақты зейнетақы азаматтардың 1998 жылға дейінгі 2 еңбек өтілі мен соңғы 3 жылдық табысы негізінде есептелінеді.
Нәтижесінде жыл сайын бұл төлемнің түрі кеміп, жинақтаушы зейнетақы үлесі өсетін болады. Сондықтан, зейнетақы жасын төмендету зейнетақы салымдарының көлемінің кемуіне және осы жүйеден берілетін төлемдердің де күрт қысқаруына алып келеді, – деді. Смайыловтың сөзінше, өмір сүру ұзақтығының өсуіне байланысты зейнеткерлік жасын көтеру үрдісі дамыған мемлекеттерде де, көршілес Әзербайжан, Армения, Ресей, Беларусь елдерінде де қолға алынуда. – Осы өзгерістерді негізге ала отырып, елімізде зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттырудың жаңа шаралары пысықталып жатыр. «Зейнетақының мөлшерін арттыруды көздейтін параметрлік өзгерістер енгізу қарастырылған. Инфляция деңгейінен 2 процентке аса отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшерін индекстеуді сақтау, жұмыспен қамту мәртебесіне байланысты зейнеткерлік жасқа жақындап қалған әйелдер үшін жаңа қолдау шараларын анықтау қажет. Әлеуметтік жобаларға тарта отырып, жұмыс істемейтін әйелдердің зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін ұзарту, зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің демографиялық трендтерге және бюджет кірістеріне тәуелділігін төмендетуге арналған жинақтаудың шартты компонентін енгізу көзделген.
Осы шаралар зейнеткерлердің барлық санаттары үшін зейнетақы төлемдерінің барабар мөлшерін қамтамасыз етеді»,– делінген жауапта.
Біздің елде ғана емес, әлемнің дамыған мемлекеттерінің де зейнетақымен қамту жүйесінде түйткіл көп. Мәселен, экономикасы қарқынды дамыған Қытайда халыққа қаржылық қолдау көрсету төменгі деңгейде. Visasam сайтының мәліметінше, зейнетке шығу мүмкіндігі қытайлықтардың барлығына бірдей берілмеген. Бұрын мемлекеттік органдарда және қалада орналасқан ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеген азаматтар ғана зейнетақымен қамтамасыз етіледі. Бұл елде зейнетақы мемлекеттік бюджет есебінен төленеді. Ал жеке зейнетақы қорлары жоқтың қасы. Алайда төленетін зейнетақының аздығына қарамастан егде жастағы адамдарға күнделікті тұрмысына көмектесетін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, қытайлық зейнеткерлер коммуналдық қызметтер мен қоғамдық көліктердегі төлемдерден босатылады, сондай-ақ олар үшін дүкендерде арнайы жеңілдіктер қарастырылған.
Үндістанда да зейнетақы егде тартқан азаматтардың барлығына бірдей берілмейді. Бұл елде мемлекеттік қызметкерлер ғана зейнетке шығып, ел қазынасынан тұрақты төлем ала алады. Ал өзге қарттарға зейнетақы мүлде қарастырылмаған. Билік өкілдері ел азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету үшін инвестор іздей бастаған. Демеушілер көмектессе, мемлекеттегі қарттарға қажетті қаржыны төлеуге мүмкіндік туады дейді шенеуніктер.
Ал Вьетнамдағы жергілікті заң жүйесі бойынша, зейнетақы төлемдері 50 мен 100 доллардың аралығында. Бүгінде елде жаппай қартаю дерегі тіркелген. Сондықтан Вьетнам билігі өткен жылы зейнет жасын 10 жасқа ұлғайту туралы шешім қабылдады. Елде ер адамдар 60 жаста, ал әйелдер 55 жасында зейнетке шыға алады.
Ресейде ер адамдар 60, әйелдер 55 жасында зейнетке шығады. Тек арнайы санаттағы азаматтар ғана зейнетке ерте шығуға құқылы. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдар, асыраушысынан айырылғандар, 37 жылдан артық жұмыс өтілі бар әйелдер мен 42 жылдан астам уақыт еңбек еткен ерлер зейнетақыға өзгелерден ертерек қол жеткізеді.
Германияда ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасы бірдей – 67 жас. Орта есеппен неміс зейнеткерлері айына 1400 доллар (595 мың теңге) алады. Германия біртұтас елге айналғанына қарамастан, елдің шығысы мен батысындағы зейнетақы мөлшерінде айтарлықтай айырмашылық бар. Мәселен, Шығыс Германиядағы зейнетақының мөлшері – айына 1200 доллар (510 мың теңге). Ал кепіл зейнетақысын алу үшін неміс азаматы бір қызмет орнында кемінде 5 жыл қызмет етуі керек. Германияда үкімет бекіткен арнайы ережелерді дұрыс ұстанған шетелдіктер де зейнетақыға қол жеткізе алады.
АҚШ-та ерлер 67 жаста, әйелдер 65 жаста зейнетке шығады. Бұл елдегі зейнетақы жүйесінің ерекшелігі – жергілікті компаниялардың бірінде 10 жыл жұмыс істеп қажетті сомманы жинап алуға болады. Сондықтан Құрама Штаттардың көп азаматы бір кәсіпорында қызмет етіп-ақ, 2-3 зейнетақы көлеміндегі қаржы жинайды. Америкалықтар зейнетақы қорына жалақысының 15 процентін аударуы тиіс, оның жартысын қызметкердің өзі, жартысын жұмыс беруші төлейді. Мамандардың айтуынша, АҚШ-та зейнет жасына жеткен адамдардың 30%-і қызметін әрі қарай жалғастырады екен.
Ал француздар 62 жаста зейнетке шыға алады. Алайда ел билігі тұрғындарды 64 жасқа дейін жұмыс істеуге ынталандыру тетіктерін қарастыруда. Мәселен, еңбек өтілі толық болған жағдайда француздар 1 мың еуро көлеміндегі кепілді зейнетақыға қол жеткізе алады. 2025 жылдан бастап 64 жас тепе-теңдік жасы деп бекітіледі де, сол жасқа толғандарға зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігі төлене бастайды. Франция үкіметі 5 жылдан кейін 64 жас елдегі орташа зейнет жасына айналады деген сенімде. Бір таңғаларлығы, әлемде зейнетақы мүлде берілмейтін елдер де бар. Бұл тізімнің көшін Танзания бастап тұр. Елдегі зейнет жасындағы адамдардың 95%-і өздерін асырау үшін соңғы демі қалғанша жұмыс істеуге мәжбүр.
Қалай десек те, өзге елдердің жүйесінен гөрі, жергілікті жердегі адамдарының денсаулығына, ұлттық менталитетке сай өзгерістерді енгізу керек секілді. Қазақ әйелдерінің орташа өмір сүру жасы 70-ті құраса, бар өмірін жұмысқа арнаған ана баласын ғана емес, немере бағу бақытынан да қағылмай ма? Ұлттық дәстүрде ата-әженің тәрбиесінен асқан мықты мектеп жоқ. Ешқандай оқу ордасы өнеге мен өсиетке толы ата-әженің орнын баса алмайтыны анық. Ал қазақ үшін әдемі қартайып, немеренің тәтті қылығын қызықтаудан, олардың былдырлаған тіліне сүйсінуден артық өмірдің мәні жоқ.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<