ОЛ КӨПШІЛІКТІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫН ТУҒЫЗДЫ
Мәселенің байыбына жету үшін түсіндіре кетейік. Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Президенті көптен бері айтылып келген, бірақ қиын болған түйінді мәселені шешіп берген еді. Атап айтқанда, Қазақстанның зейнетақы қорында салымы бар азаматтарға белгілі бір шекті мөлшердегі қаржысын тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, емделуге, тізімде бекітілген басқа да әлеуметтік мұқтаж қажеттіліктерге пайдалануға рұқсат берілді.
Арнайы кесте бойынша 30 жастағы салымшылар үшін 2,5 млн теңге, 35 жастағыларға 2,9 млн теңге, 45 жастағы азаматтар үшін 3,9 млн теңге, 50 жастағыларға 4,4 млн теңге жеткілікті мөлшер болып саналды. Бұл жалпы түсіндіру үшін дөңгелектеп алынған цифрлар екенін ескерткіміз келеді. Осы санаттағы азаматтардың жеткілікті мөлшерден артық жинаған салымдары жоғарыда айтқан қажеттіліктер үшін пайдаланатын болып шешілді.
Президенттің пәрменімен қабылданған шешім ә дегеннен көпшіліктен қолдау тапты. 3 желтоқсандағы мәлімет бойынша елімізде мұндай жеңілдікті 338,4 мың адам пайдаланып, оларға жинақтаушы қордан 1,6 трлн теңге бөлінді. Олардың көпшілігі ипотекасыз тұрғын үй сатып алды. Бірқатары қайталама нарықтан тұрғын үйге ие болды. Тұрғын үй қарыздарын өтеді. Жоғарыдағы 338,4 мың адамның 40 проценті өзінің туысқандары арқылы зейнетақы салымдарын пайдаланып, тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Қысқасы, бұл шешім қазақстандықтардың өзекті деген әлеуметтік мәселелерін шешуге септігін тигізді.
Жуырда еліміздің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басшылығы қалың жұртты таңғалдырған тағы бір шешім қабылдады. Ендігі жерде жоғарыдағы өткір деген әлеуметтік мәселелерді шешу үшін азаматтар бұрынғы жеңілдіктерді пайдалана алмайтын деңгейге жетті. Түсінікті болу үшін цифрға кезек берейік. 2022 жылдан бастап 30 жастағы азаматтардың қордағы жеткілікті мөлшері 4 млн 370 мың теңге, 35 жастағылардыкі 5 млн 60 мың теңге, 45 жастағыларға 6 млн 580 мың теңге, 50 жастағыларға 7 млн 430 мың теңге деңгейіне көтерілді, яғни, бұрынғы жеткілікті мөлшер екі есеге өсті. Салымшылар осы деңгейден асқан соманы ғана өзінің қажеттіліктеріне пайдаланатын болды.
Қазір әлеуметтік желіде тыным жоқ. Қысқасы, аталған шешім қазақстандықтардың тарапынан наразылық туғызды. Неліктен?
Біздің дөрекілеу есебіміз бойынша қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы салымы 13 трлн теңгеге жуық. Салыстырмалы түрде айтайық, бұл – шамамен еліміздің бір жылғы бюджетіне шамалас қаржы. Барлығы жақсы, тұрмысымыз түзу, айымыз оңынан туып тұрған сыңайлы. Егер әлгі соманы халықтың санына жіктесеңіз, бұл ойыңыздан айнуға тура келеді. Халықтың тұрмыс деңгейінде едәуір алшақтық бар. Бұдан шығатын қорытынды, халық негізінен жеткілікті мөлшердің артуына байланысты ендігі жерде зейнетақы қорындағы қаржысын пайдалана алмайтын деңгейге жеткеніне алаңдайды.
Сарапшылардың пікіріне жүгінейік. «Айталық, жоғары оқу орнын осыдан он жыл бұрын бітірген 31 жастағы азаматты алайық. Оның жинаған жеткілікті мөлшері 4,5 млн теңге болуы керек. Ол осы ақшаны жинау үшін 10 жыл бойы кем дегенде айына 375 мың теңге жалақы алу керек. Егер 2021 жылғы ресми түрде жарияланған Қазақстандағы орташа жалақы 230 мың теңге екенін ескерсек, оның мөлшері осыдан 10 жыл бұрын қанша болды? Бұл шынына келгенде шешім қабылдағандардың халықтың нақты өмірінен тым алыста жүргенін аңғартады».
Көпшілік сарапшылардың пікірі осындай ойға саяды. Мұндай әдістемені кім, қалай ойлап тапқан? Барлығын жиып қойғанда жаңа әдістеме бойынша 20 жастағы азаматтың зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинаған жеткілікті мөлшері 3 млн 140 мың теңге болуы шарт. Қандай логика бар?
Тағы бір цифрға жүгінейік. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осындай шешім қабылдаған соң халықтың жылдың соңына дейінгі уақытты тиімді пайдаланып қалуға ынтасы күрт артты. Үш күн ішінде БЖЗҚ халықтан 46 мың арыз қабылдады. Егер жай күндері күніне түскен арыздардың саны 2200-ден аспайтын болса, бұл ә дегеннен 15 есеге өскен. Осының өзі қор басқарушыларының сауатсыздығын білдіреді. Әр нәрсенің байыбына терең барып, жеті өлшеп, бір кесу орнына тағы да шикі шешім қабылдап, халықты дүрліктіріп қойды. Дүрліктіріп қойғаны сонша, ендігі жерде зейнетақы қорындағы «артық» ақшаны өз мүддесіне пайдаланудың мүмкіндігі мүлдем шектелді.
Мұны бір деңіз. Қор басқарушылары жеткілікті мөлшердің өсуін соңғы уақытта жалақының екі есеге жуық артуымен түсіндіреді. Бірақ сөздерінде тағы да логиканың нышаны сезілмейді. Бір мәселе айқын, сол жалақының күрт өсуі елімізде халықтың санаулы ғана адамдарының үлесіне тигенін біз неге талдап, сана сүзгісінен өткізбейміз?
Цифрларды тізбектеп оқырманды жалықтырғым келмейді. Бірақ біздің түсінгеніміздей, Қазақстанда көптеген адамдар кешегі жеңілдікті жақсы пайдаланды. Жетілдіру тетігі өз деңгейіне жеткізілмегендіктен бұрынғы шешімнің осал тұстарын өз пайдасына пайдаланғандар да аз болған жоқ. Қазақ бауырмал. Өз туысқанының үйін өзі сатып алып, қағаз жүзінде айласын жүзеге асырып қолма-қол ақшаны қалтаға басқандар, тісін емдетіп дәрігерге жүгінгендер миллиондаған теңгесін далаға шашты. Дұрысын айтқанда әлгі «қызмет көрсетушілер» сол «жақсылығы үшін» сыйлық талап етті. Миллион теңге алып, тең жарымын өзгеге беріп жарылқағандар аз болған жоқ. Мұндай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Осының барлығы әу баста орындалу тетігінің шикі болғанын айқындайды.
Халық зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы салымын күні бұрын пайдалануға неге ынтызар? Себебі олар жылдар бойы жинақталады. Ал ақша ай сайын құнсыздануда. Зейнетақы қорындағы болмашы инвестициялық табыс жылына әрі кеткенде 10-12 процент құрайды. Біз жыл бойғы үкімет белгілеген инфляцияны 8-8,5 процент деңгейінде шамаласақ, ақшаның шынайы құнсыздануы қазір жылына 25-30 процент құрайды. Парадокс деп міне, осыны айт.
Сонымен жыл соңында БЖЗҚ осындай шешім қабылдады. Қазірдің өзінде шешімнің ешқандай логикаға сыйыспайтыны белгілі болып отыр. Егер біз халықтың шынайы қамқоршысы болғымыз келсе, зейнетақы қорындағы салымды құнсызданудан сақтауға мүдделі болар едік. Бас қатырудың дәнеңесі жоқ, ақша құнын сақтағымыз келсе, кәдімгі шетелдегідей инфляцияны тежеп, инвестициялық табыстың мөлшерін арттырсақ жетіп жатыр. Өмір болса, құны сақталған ақшаға бәрін сатып алуға болады.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<