Жағалауы бар, жағажайы жоқ

426

0

Аптап ыстықтан қызылордалықтар қайда барып бас сауғаларын білмей дал болуда. Шіліңгір шілде басталмай-ақ,  күннің қатты ысуы адамдарды әбіржітті. Көпшілік кез келген каналға, белгіленбеген орынға суға бір сүңгіп, салқындап алғысы келетіні рас. Соның салдарынан тілсіз жау жыл басынан бері 18 адамның, оның ішінде 7 баланың өмірін жалмады. Ал құтқарушылар болса күнде дабыл қағып әлек.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Нұржігіт Тұрғанбайдың айтуынша, тұрғындар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, суға кету дерегі азаймай тұр.

–  Өзен немесе каналдың зерттелмеген жеріне суға түсуге болмайды. Балық аулау кезіндегі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы, спирттік ішімдік ішу, балалардың ересектердің бақылауынсыз су жағасына баруы, жүзу білмесе де суға түсу салдары қайғылы оқиғаларға әкеп соғуда. Сонымен қатар оқу орындары студенттерінің табиғат аясына ұйымдастырған демалыстары бақытсыз жағдаймен аяқталуда.

Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс аумағынан өтетін Сырдария өзені жағалауы және қала, аудан аумағында орналасқан су айдындарында тұрғындарға, әсіресе жастар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жауапты сала мамандарын тарта отырып, бекітілген кестелерге сәйкес күнделікті 13:00-22:00-ге дейін рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Қазіргі таңда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша 8 адамға ескерту беріліп, осы кодекстің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша 2 азаматқа әкімшілік шара көрілді.

Қала аумағында орналасқан «Arai city mall» ойын-сауық орталығы, жаңа базар және ескі базарларға дауыс зорайтқыш арқылы күнделікті түсіндірме жұмыстары жалғасуда. Жылжымалы мобильді ескерту пунктінің көмегімен тұрғындар жаппай шоғырланған жерлерде тұрғындарға су объектілеріндегі қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат берілді, – дейді басқарма офицері.

Жалпы облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы 1274 шақырым. Мұнан басқа 19 ірі канал, 220 шағын канал, 207 көл және 64 қауіпті аймақ анықталған. Ал қазіргі таңда тіркелген 2 жағажайға мамандар суға түсуге рұқсат беруде. Олар – қаладағы «Сыр Самалы» және Белкөл кентіндегі «Абай» демалыс орындары. Егер белгіленбеген орындарда суға шомылу дерегі анықталса, әкімшілік хаттама толтырылатын болады.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<