Жағажайда жағдай оңала ма?

896

0

Өткен жылы  осы кезеңде суға кетіп 12 адам қаза болды, оның 8-і – бала. Бұл қайғылы оқиғадан сабақ алып, сақтық жасауды ұмыттық. Өкініштісі, қайғылы оқиғалар биыл да қайталануда.

Жыл басынан бері 8 адам суда қаза болды, оның 4-і – бала. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері судағы қауіп-қатердің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ жүр. Әйтсе де, биыл 2 адамның денесі судан табылған. 5 адам арыққа құлау, мұз астынан шыға алмау салдарынан жан тапсырған. Суға түсуге арналмаған орында шомыламын деп  бір бала батып кетті.

Төтенше жағдайлар департаменті полиция қызметкерлері мен еріктілер, білім басқармасының өкілдерімен бірге күнделікті облыс аумағында рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Мақсат – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

− Облыс аумағында жазғы суға шомылу маусымында жасөспірімдерге арналған 8 лагерь жұмыс жасайды. Қала аумағында орналасқан 54 мектептің оқушылары мен ата-аналарының «WhatsApp» желісі арқылы топтары ашылып, күнделікті үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Шомылу маусымында судағы төтенше жағдайларға ден қою үшін департаменттің жедел-құтқару жасағының күштері 49 сүңгуір маман мен 16 ілмелі мотор, 29 жүзу құралын әзірледі, − дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид Молдақараев.

Балалардың жаздағы  қауіпсіздігі үшін облыстық білім басқармасы арнайы жоспар бойынша жұмыс істеп жатқанын айтады.

− Облыстық төтенше жағдайлар департаменті және бөлімшелері облыс көлемінде орналасқан жабайы су айдындарында қайғылы оқиғаларды болдырмау және азайту үшін бірлескен алдын-алу жұмыстарын жүргізуде. Денешынықтыру және спорт басқармасы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларына «Еуразия» спорт кешенінің жүзу бассейініне тегін абонементтер беруде. Бұл «Балалар жылы» аясындағы облыстық іс-шаралар жоспарына енгізілген. Сондай-ақ, қала сыртындағы лагерьлерде орналасқан бассейндерде демалушы балаларды және №264 мектеп-лицейінің базасындағы  бассейнде қала мектептерінің балаларына денешынықтыру пәні мұғалімдерінің нұсқауымен жүзуді  үйрету жоспарлануда, − дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Берік Мәмбетов.

Облыс аумағынан өтетін Сырдария өзенінің ұзындығы – 1274 шақырым. Мұнан басқа 19 ірі канал, 220 шағын канал және 207 көл бар. Суға кету оқиғалары көбіне  белгіленбеген орындарда шомылу салдарынан болады.  Облыс аумағында суға шомылуға рұқсат етілген 2 жеке жағажай бар. Олар − қаладағы «Сыр самалы» және Белкөл кентіндегі «Абай» демалыс орны. Бұл нысандарға құтқарушылар да бөлінген. Алайда ағынды су болмаған соң сапасы сын көтермейді. Бағасы қалтаңды қағады. Талапқа сай жаңа жағажай қажет-ақ. Мамандар облыс көлемінде 4 коммуналдық жағажайдың қаулысы әзірленіп жатқанын айтты.

Оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шықты. Сыртта оқитын студенттер келуде. Қызылорданың аптап ыстығы енді басталады. Бірақ аудандар түгілі, облыс орталығында талапқа сай халыққа қызмет көрсететін бір жағажай әлі жоқ.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<