Көрікті болып көрінудің жолында адам неге бармайды десеңізші?! Уақытты алдамақшы болып, уыс-уыс ақша шашып, тәуекелдің түр-түріне барып жүргенде, жұрт алдына шыға алмай қалғандары қаншама? Әдемі боламын деп ажал құшқандары да аз емес. Бірақ соған қарамастан пластикалық хирургия үлкен индустрияға айналуда.
Бүгінде нәзікжандылар сұлулық салонын қойып, пластикалық отаға көшті. Бірі керемет келбетін сақтап қалу үшін түрлі дәрі-дәрмекке тәуелді болса, енді бірі сұлулықтың кілтін хирургтің скальпелінен іздейді. Пластикалық ота біреуге жарасын жазып жаңа өмір сыйласа, келесінің жанын жаралап, жапа шектіреді.
Қазір пластикалық операциялар көбіне мұрын, жақ, кеуде, бет пішініне бағытталған. Олардың бірқатары тәндегі туабітті немесе кейіннен ағзада пайда болған түрлі кемшіліктерді жоюды көздесе, бірқатары тек қана әдемі көріну мақсатында жасалады. Бұл ретте мамандар есік жағалап, екпе салдырмай табиғи күтімді күшейтуге кеңес береді.
Елімізде ең көп таралған пластикалық ота түрі – блефаропластика. Әлеуметтік желіні ашсақ, аталған отаға қатысты ақпараттан көз сүрінеді. Ол – жоғары және төменгі қабақтың астындағы артық майдан арылу үшін жасалады. Ақпарат көздеріне сүйенсек, мамандар көбіне бұл ота түріне 30 жасқа дейінгі әйел азаматтарының жүгінетінін және сол үшін миллиондаған қаржы жұмсайтынын алға тартты.
Блефаропластика ауызекі тілде «еуропалық қабаққа ұмтылыс» деген мағынаны береді. Ота кезінде қабақтағы салбыраған артық тері мен май қабаты алынады. Қабақтың үстіне қатпар салынады. Ол қатпарды ғылым тілінде эпикантус деп атайды. Эпикантусты тілген шақта көздің ішкі жағы ашылатындықтан, көздің арасында жақындық пайда болады. Егер барлық нұсқама ескерілсе отадан соң ешбір қиындық туындамайды. Бұл процедурадан кейін қатаң түрде бір апта моншаға баруға, спортпен айналысуға және ауыр физикалық жаттығулар жасауға болмайды. Сондай-ақ, бұл процедураны жүрек-қан тамыр аурулары, демікпе, қант диабеті бар жандарға және жүкті әйелдерге қолдануға қатаң түрде тыйым салынады.
«Отаның зияны бар ма?» деген сұраққа косметолог Лаура Жақсыбай көру қабілетіне ешқандай кері әсері болмайтынын айтты. Алайда тері астындағы гематома, көздің жасаурай беруі, конъюктивит, эктропин және диплопия сынды асқынуларға алып келуі мүмкін. Сол себепті алдын ала дәрігермен кеңесу қажет. Егер отаға дейін күмәнді жағдай туса, мамандар оны жасатпауға кеңес беруі тиіс. Бұрынғы қабақты қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес. Сондықтан жаңа көздің иесі болу үшін оған психологиялық тұрғыда дайын болған жөн. Еуропалық көзқарас табиғи болмысты түбегейлі өзгерте алмайды. Отадан кейін бірден өзгеріс болады деп сеніп кетуге де болмайды. Жеңіл ота түрі болғанымен, ағзаның қалыпты қызметіне пышақ араласқандықтан, иммундық жүйе сыртқы ортаға ағзаны қайта бейімдеуге кіріседі. Мамандар мұндай сәтте адамға психикалық тұрғыда қобалжуға болмайтынын ескертеді.
– Бүгінде жастар бұл отаны әдемілік үшін жасатады. Қазіргі үрдіс пен тәжірибе қазақ қыздарының еуропалықтарға еліктейтінін көрсетеді. Бізге жас қыздар шетелдік жұлдыздардың неше түрлі суреттерін алып келеді, яғни, еуропалық қабақ, бақырайған көз, жабысқан жақ, томпақ, дүрдиген ерін, сопақ бетті арулар. Мұндай жағдайда біз тұтынушыларға аса қажет болмаса, табиғи келбеттен бас тартпауға кеңес береміз. Кейбір жастар бұған мән бермей өз дегенін жасайды. Әрине, жарасымды болса, әдемі болып жүргенге не жетсін?! Тек нәзікжандыларға айтарым қазір екінің бірі жасай беретіндіктен, өз ісін білетін маманға бару керек, – дейді Лаура Жақсыбай.
Қала тұрғыны Ақмаржан Дәрібаева – арнайы мамандардың көмегіне жүгініп, жасанды қабақ жасатқандардың бірі. Бастапқы кезде қорыққанын жасырмаған ол қазір барлығы жақсы дейді.
– Мен блефаропластикалық отаны қолданғаныма өкінбеймін. Менің қабағым туа бітті жоқ болатын. Бірге жүретін құрбыларыма қызығатын едім. Қабағы бар қыздар түрлі косметикалық бояуларды қолдана алады. Ал мен секілді арулар өкінішке орай таңдап қана пайдаланады. Сол себепті мен де көзімнің әдемі болғанын қаладым. Иә, бұл процедураны көбісі зиян деп ойлайды. Бірақ білікті мамандардан кеңес алып, барлығы өз орнымен жасалса, ешқандай да қауіп болмайды, – дейді ол.
Дәрігерлер ота кезінде бет мүшелерін пышақпен кесіп-пішеді. Олар үлкен тәуекелге бара отырып, нәтиже үшін ешқандай кепілдік бере алмайды. Ал табиғаттың бір-бірімен мінсіз жалғасып тұрған тіндері мен жасушаларын, көзге көрінбес қан тамырлары мен жүйке талшықтарын қию – денсаулыққа зиянын тигізбей қоймайды. Жасанды сұлулық жарға жықпасын деп дабыл қағып жүргенде табиғат берген шынайы бейнемізден айырылып қалмасқа кім кепіл? Адамына қарай заманы деп еліктеушіліктен көз ашпай қаншама мардымсыз дүниенің құрбаны болып жатқан арулар көбейіп барады. Иә, әйел адамның сұлулыққа құштар болуында тұрған ешнәрсе жоқ. Десе де, жасандылықтың жан азабына айналмауына әркім өзінше мән беру керек.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<