Жол сапасы жіті назарда

569

0

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалындамыз. Бұл мекеме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 3 жыл бұрынғы Жолдауында елдегі жолдардың сапасын жақсартуға қажет екені айтылып құрылған еді. Осыдан соң Үкіметтің 2019 жылғы 20 наурызда №131 қаулысы шықты. Қаулы негізінде жоғарыда айтылған республикалық мемлекеттік кәсіпорын құрылды. Мұндағы ең басты міндет – республика аумағында салынып жатқан немесе жаңарту, жөндеу кезіндегі автожолдардың сапасын сараптау. Иә, жаңа құрылған орталық жол сапасына зерттеу жүргізе отырып, нақты әрі қорытынды шешім шығарып береді.

Филиалдың зертханасына кірдік. Зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан жоғары оқу орны студенттеріне әлденені үйретіп жүр.

Бір байқағанымыз, мұнда қажеттінің барлығы бар екен. Жаңартылған зертханалық құрылғыларды көріп, көңіліміз толды. Әрі бұның барлығы жыл сайын жаңа технология мен стандарт талабына сай қажетінше толықтырылып отырады. Зертхана барлық жол-құрылыс материалдарын, мысалы бетон, қиыршық не малта тас, топырақ, ыстық және салқын асфальт, сұйық битумды физикалық-механикалық сынақтан өткізуге әбден жарап тұр.

– Жалпы жол құрылысының технологиясы қарыштап дамып, уақыт өткен сайын трансформацияланып келеді. Әсіресе, Еуропа елдері тақтайдай түзу жол салудың озық үлгісін қалыптастырған. Осы тұрғыда Қазақстан қалыс қалғанымен, кейінгі жылдары жол инфрақұрылымына шет елдің жаңашылдығын енгізуде алға ілгерілеушілік бар. Жолшылар заман талабына сай тың өзгерістерді қолға алуда. Биылдан бастап біздің орталық өндірісте «Kaidzen» технологиясын қолдануға көшті. Ол үшін мамандар оқу курстарына қатысып, білім-біліктілігін арттырды. Жаңашылдықты меңгеріп, ескі әдіс-тәсілден арылды. Қағазбастылық азайды. Тексеру кезінде арнайы планшет арқылы акт толтырып, ол бірден Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық аппаратқа тіркеледі. Біздің филиал алғашқылардың бірі болып тың жобаны іске қосты. Заманауи зертхана халықаралық талаптарға сай үлгіде қайта жабдықталып, жолшылар қазір «Kaidzen» технологиясымен жұмыс істеуде. Соған сәйкес, материалдық-техникалық база жаңғырып, жаңа құрылғылар алынды. Алдағы уақытта бұл жаңашылдық саланы жетілдіріп, аймақ жолдарының сапасын жақсартуда оң нәтижесін беретіні анық, – дейді Мағжан Қасымхан.

Сондай-ақ қызметкерлердің жұмыс формасы маусымдық мерзіммен ауыстырылып отырады. Айлық жалақы тұрақты, іссапар шығындары өтелуде. Ең қызығы, тәжірибеден өтетін студенттерге ақы төленеді.

– Мен Қорқыт ата атындағы университеттің бітіруші түлегімін. Мамандығым химик-технолог. Қазір бір аптадан асты, жол сапасын зерттеуде осында машықтанудан өтудемін. Бұйырса, жолдағы құрылыс материалдарының сапасы мен кемшілігін анықтауда көп нәрсе үйренемін. Мұндағы білікті мамандар бар білгенін түсіндіріп отырады. Алдағы уақытта мамандығым бойынша жол саласында жұмыс істегім келеді, – дейді Арман Ысқақов.

Ал зертхана меңгерушісінің айтуынша, орталық басшылығы өзін жақсы жағынан көрсетіп, тәжірибеден өтуде талпынысы жоғары студенттерге қосымша жалақы төлеуге шешім қабылдаған. Қазір жыл соңына дейін орталық филиалында 5 студент мамандық бойынша машықтанудан өтеді.

– Бұл – ынталандыру. Қазір біздің жол саласында маман тапшы екенін мойындауымыз керек. Сол себепті студенттерді арнайы бағдарлама шеңберінде зертханалық іс-тәжірибеге үйретіп, жол саласына жұмысқа тартудамыз. Біз бұған дейін де бірнеше студентті тәжірибеден өткіздік. Олар еліміздің әртүрлі қаласында жұмыс істеуде. Негізгі мақсат – осы. Өзіңіз білесіз, жаз бойы бізде жұмыс қарбалас. Ал қыста қарап жатпаймыз. Мысалы, барлық мамандар болып, облыстағы мектеп оқушыларымен кездесу өткізудеміз. Кәсіпорынның арнайы «Екі мың мектеп» атты бағдарламасы бар. Мақсатымыз – біздің мамандыққа деген олардың қызығушылығын ояту. Мойындау керек, жалғыз зертхана ғана қажетті емес, жол салушылардың өзі қазір түрлі техникалық мамандыққа зәру, – дейді зертхана меңгерушісі.

Жол сапасын анықтауда белгілі бір ереже бар. Мысалы, бір алыс елді мекенде жол салынды делік. Оның маңында асфальт өндіретін зауыт жоқ. Қала орталығынан тасиды. Мұндай асфальт «салқын асфальт» деп аталады. Осы «салқын асфальт» төселіп болған соң зертхана қызметкерлері екі аптадан кейін, ең жоқ дегенде бір айдан соң барып тексере алады екен. Мағжанның айтуынша, осы «салқын асфальтты» қыста төсеуге мүлде болмайды. Күзде ауа райы 5 градус, ал көктемде 10 градустан жоғары болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Ал «ыстық асфальт» аты айтып тұрғандай, жолға ыстықтай төселеді. Бір тәуліктен кейін барып сапасы тексеріледі. Екінші айта кететін жайт, жол салушы мекеме орталықпен келісім-шартқа отырған соң ғана сапасын анықтауға рұқсат. Жалпы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалынының басты міндеті осы, жол құрылысы заттарының сапасын зерделеу.

Бізге бұрыннан белгілі дүние, жол салынбас бұрын арнайы жоба-сметалық құжаттары дайындалады. Құжаттағы сызба бойынша оның ұзындығы, ені, қалыңдығы, асфальт не тастың құрамы, оның қалай орналасуы мен төселуі, бәрі-бәрі көрсетіледі. Әр жолдың салынуы әртүрлі. Кейбір жолдың ені 4 метр, қалыңдығы 3 сантиметр болады. Енді кейбір жолдың қалыңдығы 5 сантиметр деп көрсетіліп, ені 6 метр болуы да мүмкін. Мұның барлығы сол жоба-сметалық құжаттың қалай дайындалғанына байланысты. Сметалық құжатқа сүйене отырып, жол зертханашылары әлдеқандай кемшілік тапса, тапсырыс берушіге де, мердігер компанияға да хат жібереді. Ол кемшілікті жөндеуге мердігерге де  уақыт беріледі екен.

Айта кету керек, тендерден жеңімпаз болған жол салушы мекеме өзі салған құрылыстың сапасына кепілдікті өздері береді. Мысалы, «біз салған жол екі жылға жарамды» дегендей. Егер ол мерзімде жолда ақау пайда болса, онда сол мердігер кеткен қателікті жөндеуге міндетті.

– Жалпы жолды үш категорияға бөліп қарастыратын болсақ, біріншісі үш қабат асфальт төселеді, бұл – 15 тонна салмаққа арналған жол. Қалыңдығы 20 сантиметрге дейін жуықтайды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобаны осы жолдың қатарына кіреді. Екінші категориялы жолға да үш қабат асфальт төселеді. Қалыңдығы жоба-сметалық құжатына байланысты. Мысалы, бұған «Қызылорда-Жезқазған» жолын жатқызуға болады. Үшінші категорияға көбінесе орташа жөндеу жұмыстары кіреді. Мұндайда көше не елді мекен арасындағы қатынас жолдарына малта тас төселіп, бір қабат асфальт жайылып жатады. Дұрысы, жол салушы компания жол төсемей тұрып, құрылыс материалдарын бізге тексертіп алса дейміз. Онда көп нәрседен ұтылмайды. Біз «мына топырақ жарамды», «мына асфальт төсеуге әбден болады» деген шешімді ауызша айта салмаймыз ғой. Зертхана көмегіне жүгініп, сапасын зерделеп барып, қорытындысын қолына ұстатамыз, – дейді зертхана меңгерушісі.

Енді өткен жылдарға шолу жасамай-ақ, жыл басынан бергі тексеру нәтижелеріне көз жүгіртсек. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» облыстық филиалы биыл 150 рет жолды тексеру сапарына аттанған. 466 сынама алынып, 65 жол құрылысына қажетті материалдың сынамалары нормативтік құжат талабына сай болмай шыққан. Ал аспаптық тексеру барысында 198 ақау табылыпты. Кәсіпорын осы қателіктерді анықтап, мердігерлер мен тапсырыс берушілерге хат жолдапты. Нәтижесінде жоғарыда айтылған тексеру кезінде табылған 198 кемшіліктің 135-і қалпына келтірілген.

Көктем мен жаз бойына еңбек ететін жолшы-зертханашылар қоңыр күзде де тыным тапқан емес. Ауа райы аса суық емес өлкеде жолға қатысты тіршілік қараша айына дейін тоқтамайды. Әсіресе, біздің облыста. Ал қыста мекеме қызметкерлері басқа қызметпен айналысады. Иә, дәл осы уақытта жұмыс та саябырсиды. Мұндайда филиалдағы мамандар өз білімдерін жетілдіріп жүр. Орталық аппараттың ұйымдастыруымен түрлі курстарға қатысып, жол сапасын арттыруда өзге елдердің тәжірибесін алмасуда.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<