Адал еңбек ердің досы

868

0

1993 жылы институт бітіріп, облыстық «Сыр бойы» газетіне корректор болып орналастым. Сол кезде редакцияда шашы аппақ қудай шалдар мен орта жастағы ағалар отыратын. Көбі қолыңды алуға самарқау, сен қай баласың дегендей қарайды.

Мақалалары бұрқырап күн сайын газет бетіне шығып жататын Итен ағаның өзі елуден асқан кісі. Кездессе қол беріп қаламыз, көбіне сапарларда жүреді. Кабинетінде отырса, жайдан-жай кіріп баруға жүрек дауаламайды.

Корректорлық деген құдай ұрған жұмыс. Қатені біреу жібереді, жауапты сен бересің. Азанда жұмысқа тіземіз дірілдеп келеді, түске дейін тым-тырыспыз, түс ауа тағы шөмеледен ине іздегендей изеңдеп, қате тергіштеп түн ортасына жетеміз. Азанда «айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтылады» болып шығатынымыз өз алдына…

Бір күні Итен ағаның газет бетіне шыққан мақаласынан әріп қатесі кетіпті. О, тоба, бір әріптің орнын ауыстырып жіберсең, бұл сөз дегенің бетімен кетеді екен.  «Корректор ай қараған ба?», – деген сөз бен айқайды күтіп отырғанмын. Иекең келді де: «Бұл қатенің жауабын өзім беремін», – деді маған. Сосын «летушка» басталам дегенше редакторға кіріп шықты. Сонымен, сол қате «жабулы қазан жабулы» болып, қақпақ астында қалды.

Біреудің кемшілігін жасырып не оны өзінің мойнына ала білетін адам аз. Керісінше біреуден кемшілік іздейтін кісі көп. Мен содан бастап, Иекеңді жаныма жақын тұттым. Бірақ, ол кісімен көп жұмыстас бола алғам жоқ, сол жылы өзім корректорлықтан қашып, облыстық тіл басқармасына ауысып кеттім. Ал 1996 жылы мен «Сыр бойына» қайтып келгенде, Иекең Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы болып қызмет ауыстырды. Алайда, арамыздағы байланыс үзілген жоқ. Ол кісі Алматыдан арнайы хабарласып тұрды. Мақала жіберсе, қадағалап тұрарсың деп тапсырып қояды. Сонда мен редактор не орынбасар емеспін, бірақ, қадағалап тұрарсың дегенді маған айтады. Өйткені, ол кісі де мені жанына жақын тартты. Анда-санда жақсы жазасың деп мақтап қоюды да ұмытпайды.

Бір жолыққанда біраз әңгімелескеніміз бар. «Менің туған бауырымның аты да Дүйсен, сені жақын тартатынымның бір жағы сол», – деп Иекең арқамнан қағып қойды. «Аға, сіздің атыңыз неге Итен?», – деп мен де төтен бір сұрақты қойып қалдым.

Ағамыздың әкесі Әбсаттар мен Әнипа ананың отбасында бала тұр-мапты. Содан ұзақ күттіріп, дүниеге келген ұл баласын көз тимесін деп Итен деп атапты. Содан кейін Итен ағаның ізіне Сейтен, Дүйсен, Сұлтан есімді інілері еріпті.

Ағамыз соғыс басталғанда екі жасар сәби екен. Әбсаттар әке соғысқа аттанып, жараланып елге оралыпты.

Үлкендердің ертегі, жырын, таң атырған әңгімелерін тыңдап өскен майдангердің баласы жастайынан әдебиетке, жазуға бейім болып өседі.

Орта мектепті бітіріп, облыстық «Ленин жолы» газетінде хат тіркеуші болып жұмыс істейді. Сонан соң әскер қатарына шақырылып, мұнан әрі Свердловск қаласындағы округтік әскери тілшілер және сержанттар даярлайтын әскери мектепте оқиды.

1963 жылы «Ленин жолы» газетіне қайта келіп, әдеби қызметкер болып орналасады. Ал, 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітіреді. 1971-1973 жылдары Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде, мұнан соң 1980 жылға дейін Жезқазған облыстық газетінде қызмет етеді. Сосын Қызылордаға оралып, қалалық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болады. Ол заманда қырықтан енді асқан жігіттің партия жұмысына араласып, қалалық деңгейдегі басшы болуы үлкен беделді қажет етеді. Осы дәрежеге ағамыз саяси сауаттылығымен қатар адамшыл, адал қасиеттерімен жеткен. Бұл жайлы әріптестері сөз арасында айтып отыратын.

Ол кісінің үнемі шындық пен жалғанды, адамгершілік пен озбырлықты, жемқорлық пен қиянатты тақырып ететінін біз өзіміз де білеміз.

Қалалық атқару комитетіндегі қызметінен кейін Иекең «Сыр бойы» редакциясына келіп, 1996 жылға дейін табысты, абыройлы қызмет атқарды. Ол кісімен біздің жолығысатынымыз, жанымызға жақын тартатынымыз осы жылдар. Ағамыз бұрын «Ленин жолы» деп аталған Сыр елі журналистерінің ұстаханасы «Сыр бойы» газетінде ширек ғасырға жуық еңбек етіпті.

Итен аға – қашан да ізденіс үстінде, тынымсыз күйде жүретін болмыс иесі. Сонымен бірге өзгенің еңбегін ерекше құрметтеп, әріптестерін дәріптей білетін кісі.

1962-1968 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетінің бас редакторы болған Ұзақ Бағаев туралы Итен аға былай дейді: «Бағаев жарқырап, жайнап, жанып тұрған отыз екі жасында Сыр еліне бақ құсындай болып ұшып келді, өзі де бақытты болды, соңына ерген жастарды да бақытты етіп кетті. Ол басқарған газеттің отымен кіріп, күлімен шыққан жас журналистердің көбі жазушы, елге танымал азамат атанды. Мен де Бағаев бауырына тартқан жас журналистің бірі едім, редакцияда жұмыс істеп жүріп, жоғары білім алдым. Мәртебелі мамандыққа кір келтірмей, адал қызмет етуіме игі ықпалын тигізген Ұзақ аға екенін ешқашан естен шығарған емеспін».

Әр адам ұстазына осылай баға берсе, ғанибет емес пе?

Мен де Итен ағаны көзқарасы терең, талғамы сұлу, жан дүниесі бай, саралап, салмақтап жазатын журналистердің алдыңғы сапындағы аға есебінде өзіме үлгі тұттым. Оның ерінбейтін һәм елгезек қасиеттерін үйрендім.

Кез кезген тақырыпқа салса су төгілмес жорғадай жосатын журналист болу мүмкін емес. Әр журналист бір мамандықты, бір саланы жазуға бейім болады. Итен аға ең ауыр сала – құқық тақырыбын жазуды жастайынан таңдапты. Осы жолда оның біліктілігі мен білгірлігіне жететін біреу болған жоқ десем, онымды ешкім жоққа шығармас.

Солай десек те, газет қызметкері тек мына тақырыпты жазамын деп отыра алмайды. Журналист Итен Қарымсақұлының да қаламы тимеген тақырып аз. Ол партия және кеңес жұмыстарымен қатар түрлі мамандық иелері туралы портретті очерктер жазудың шебері атанған журналист болды. Белгілі, беделді тұлғаларды жазу – әркімнің ісі. Ал, қайнаған тірліктің қақ ортасында жүріп, аты тасада қала беретін адамдарды іздеп тауып, ел-жұртқа етене жақындату бірінші еңбекті, екінші мамандыққа деген адалдықты, үшінші адам сүюді қажет етеді. Ағамыздың бойынан осы қасиеттердің бәрі де табылды. Сондықтан оның атын күллі халық таныды.

Итен аға газет жұмысынан ауысып, Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы болған кезде де еліміздің беделді басылымдарында оқырманға ой саларлық мақалаларды бірінен кейін бірін бората жазды. Лауазым иелерінің қызмет бабын асыра пайдалануы, мүлікті жекешелендіруі, қазына қаржысын талан-таражға салуы, өзге де заңға қайшы әрекеттеріне тосқауыл қою шарасын күшейтуді көздеген прокуратураға журналист Итен Қарымсақұлы тың серпін қосты.

Осындай табанды, тегеурінді еңбегі бағаланып, ҚР Бас Прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталды. Кеудесіне «Еңбек ардагері» және «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік медалін тақты. Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ журналистикасының қайраткері, Ақпарат саласының үздігі атанды.

Итен ағаның ұзақ жылғы журналистік өмірбаяны кейінгі ұрпаққа жол көрсетер шежіре секілді. Оған қаламгердің «Адамдар. Жылдар. Тағдырлар», «Жүрек жазбалары», «Қоңыр қалам», «Жақсының жарығы» атты бірнеше кітабын оқыған адам көз жеткізе алады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<