Ардың жүгін арқалаған

471

0

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Қорғанбек Қайроллаев 80 жасқа толды. Дүрілдеген кеңес дәуірінде халқына еңбегін аямаған, Тәуелсіздіктің туы көтерілген тұста жаңа заман көшін бастаған қайраткер саналы ғұмырында үлкен өмір мектебінен өтті. Ұлы Отан соғысының қызған шағында Сырдария ауданына қарасты «Бірінші Май» совхозының шопаны Қайролла Қосекеевтің отбасында дүниеге келген ол Орджоникидзе атындағы №40 қазақ орта мектебін бітірді. Еңбек жолын 1961 жылы колхозда малшы болып істеген әкесі мен ағасының қасында механизатор болып бастады.

Қорғанбек Қайроллаұлы анасынан ерте айырылып, еңбекке араласты. Соғыстан кейінгі ауыр жылдардың бейнетін басынан өткерді. Сондықтан білімге құштар болды, үнемі танымын кеңейтуге талпынды. Осы ұмтылысы оның өзін-өзі дамытуына, интеллектуалдық тұрғыда өсуіне, тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Тумысынан жігерлі, ардың жүгін арқалап, адамдықтан аттамаған жан осылайша өмірдің барлық кедергілері мен қиындықтарын жеңді.

Ол 1962-1965 жылдары Германиядағы Кеңес әскері қатарында мерзімді әскери борышын өтеп, 1965-1967 жылдары Қызылорда локомотив депосында слесарь-дизельші, тепловоз машинисінің көмекшісі болды. 1967-1972 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқыды. Университетті бітіргеннен кейін бірнеше ай Целиноград облысы Қорғалжың аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, одан кейін үш жыл Қызылорда облыстық атқару комитетінде заңгер-кеңесші болып жұмыс істеді. 1975-1981 жылдары облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1981-1986 жылдары бөлім меңгерушісі, 1986-1989 жылдары облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі, 1989-1992 жылдары облыстық кеңес төрағасының орынбасары, 1992-1994 жылдары халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы, 1994-1995 жылдары облыс әкімшілігі басшысының орынбасары, 1995-1996 жылдары облыс әкімінің кеңесшісі, 1996 жылдан зейнетке шыққанға дейін облыстық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы болды.

Қорғанбек Қайроллаұлы қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өзінің адалдығымен, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын іскерлігімен, кәсіби көзқарасымен ерекшеленді. Ол өзі басқаратын салаларды жетік біліп, қолға алған мәселелерді шешуде сауаттылық танытты. Көзбояушылық, жалған сыпайылық, басшыға жағыну сияқты нәрселер жанына жат. Егер өз пікірін дұрыс санаса, жоғары тұрған шенеуніктердің лауазымы мен дәрежесіне қарамастан, ұстанымын қорғайды. Тәртіп пен тиянақтылықты жақсы көрді. Үнемі білімін жетілдіріп, іскерлік қабілетін шыңдады. Біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, запастағы офицерлерді дайындау жиындарына қатысты. 1986 жылы Мәскеудегі КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірді. Оған дейін Новосібірде командирлер дайындайтын екі айлық офицерлік дайындықтан өткен болатын.

Қорғанбек Қайроллаұлымен алғаш осыдан 43 жыл бұрын, 1980 жылы маусым айында облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып қабылданған кезде таныстым. Төртінші қабаттағы кабинеттерде көрші отырдық. Ол Жарылқасын Сейтімовпен бір кабинетте, сауда, қаржы және әкімшілік органдар бөлімінің нұсқаушысы болды. Бөлімге келушілер көп, халық арыз-шағымдарымен, әділдік сұрап жиі жүгінетін. Келушілердің талап-тілегі әділ болса, Қайроллаевтан үнемі қолдау табады.

Партия органының қабырғасында осы кісілерден, басқа да нұсқаушылардан көп нәрсе үйрендім. Сол кезеңде олар үлкен мектептен өткен, тәжірибелі мамандар еді. Мені партия жұмысының қыр-сырына қанықтырды. Ұжымдағы Әли Мүсілімов, Исатай Елубаев, Қорғанбек Қайроллаев, Жарылқасын Сейтімов, Әділбек Айымбетов, Сәбит Мәдібеков, Бақыт Ермақашев сынды аға буын өкілдері іс қағаздарын дұрыс жазу, олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету, т.б. жұмыс тәжірибелерін бөлісті. Олардың бізге, яғни жас буынға деген осындай қамқорлығы мен тәлімгерлігі ұжымға еш қиналмай қосылуға мүмкіндік берді.

Қ.Қайроллаев партиялық органдағы қызметін бейбіт өмірдің бағасын білетін Ұлы Отан соғысының ардагерлері облысқа жетекшілік еткен кезде бастады. И.Әбдікәрімов бірінші хатшы болып тұрғанда облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып бекітіліп, одан кейін Т.Есетовтің қарамағында жұмысын жалғастырды. Екеуі де – 30-жылдардың аштығын, екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл күндерінің от-жалынын басынан өткерген бұрынғы майдангерлер. Оның сол жылдардағы тікелей басшылары Ғ.Мұхамеджанов пен Н.Подольских болды. Ғ.Мұхамеджанов Ұлы Отан соғысының қатысушысы болса, Николай Артемович өткен ғасырдың 80-жылдарында өзінің интернационалдық борышын өтеп, Ауғанстанда кеңесші қызметін атқарған.

Сол жылдары бөлім жетекшілік ететін әкімшілік органдарда өз саласының білгірлері, бұрынғы майдангерлер, КСРО-ның құрметті қауіпсіздік қызметкері Қозыке Бишімбаев, МҚК бастығы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Калиола Ботабаев, әділет басқармасының бастығы Жұматай Ерімбетов, облыстық соттың төрағасы, ІІМ үздігі Алтыбай Сағымбаев, сондай-ақ облыстық ІІД-нің бастықтары, генералдар Біләл Омаров, Есен Демесінов, полковник Асхат Бүркітбаев, облыс прокуроры Орыналы Боранбаев қызмет атқарды.

Осындай біртуар тұлғалармен бірге жұмыс істеу Қайроллаевқа үлкен мектеп болды. 1981 жылы 24 сәуірде облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Т.Есетовтің жетекшілігімен өткен облыстық партия комитетінің екінші пленумында Қорғанбек Қайроллаұлы әкімшілік органдар бөліміне меңгеруші болып бекітілді. Әдетте, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушілері бекітілгенге дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде әңгімелесуден өтуге міндеттеледі. Осы үрдістен Қ.Қайроллаев та тыс қалған жоқ. Алматыда әңгімелесуден өтіп келді. Ұшақтан түсе сала пленумға беттеді. Облыстық комитет пленумының мүшелері 38 жастағы жаңа меңгерушісін бірауыздан сайлады. Сол кезеңнің өлшемімен алғанда ол облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушілері арасында ең жас басшы атанған еді.

Әлі есімде, жұма күні болатын. Ауа райы ыстық еді. Жеміс ағаштары көктеп, айнала гүлдеп жатыр. Қорғанбек Қайроллаевтың әріптестері, сол кездегі облыстық партия комитетінің нұсқаушылары кешке Чайковский көшесіндегі пәтеріне айтулы оқиғаға орай жиналдық. Қарипа жеңгей дайындаған мерекелік дастарханда құттықтаулар, жарасты әзілдер айтылып, ән шырқалды. Достардан бөлек жақын туыстар да болды.

Көңілді жиын түн ортасына дейін созылды. Қатарымыздан бірінші бөлім меңгерушісінің шыққанына қуандық. Өзімізше: «Сең бұзылды!» деп әзілдеп қоямыз. Расында да, көп ұзамай тағы бірнеше әріптесіміз (В.Ковалев, Р.Мусафирова, Т.Рамазанов) бөлім басшысы болып бекітілді. Кейбірі өңірлерге жұмыс істеуге жіберілді, ал А.Айымбетов, А.Әбенов, А.Молдашев облыстық кәсіпорындар мен басқармаларды басқарды.

Қ.Қайроллаевтың алдында ауқымды істер тұрды. Құқықтық тәртіпті нығайту, облыстың құқық қорғау органдарын адал да ар-ожданы биік кадрлармен толықтыруда атқарылар жұмыс аз емес еді. Оның бастамасымен облыстық партия комитетінің пленумы өтіп, облыстағы қылмыстық ахуалды жақсартудың ауқымды бағдарламасы белгіленді. Әкімшілік органдар бөлімі басшының ұсынысымен дербес бөлім болды. Құрамына құқық қорғау органдарының жас қызметкерлері, прокуратура қызметкерлері Серік Нұржанов пен Төлепберген Нәбиев, ішкі істер органдарының капитаны Ержігіт Құлтаев кірді. Кейіннен осы мемлекеттік мекемеде Қорғанбек Қайроллаұлынан тәлім-тәрбие алғандар облыстың құқық қорғау органдарында дербес қызметке көтерілді. Нәбиев көлік прокуроры, кейін облыстық әділет басқармасының бастығы, Нұржанов аудан прокуроры, Құлтаев аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, Мемлекеттік тергеу комитетінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің орынбасары болды.

Дәл осы жылдары партияның шешімімен және сол кездегі Орталық Комитеттің Бас хатшысы Ю.Андроповтың тапсырмасымен ішкі істер органдарының кадрлық құрамын нығайту мақсатында партия қызметкерлері жіберілді. Облыстық партия комитетінен С.Констманов пен О.Сапарбаев облыстық ішкі істер басқармасының орынбасары болып тағайындалды. Сонымен қатар, Е.Айтуманов қалалық ішкі істер бөлімінің орынбасары, Ю.Койлибаев облыстық ішкі істер басқармасының бөлім бастығы болды. Сондай-ақ, ішкі істер органдарына партия жолдамасымен Е.Назарқұлов, М.Қошманов, К.Суханов, М.Есенов, тағы басқалар да келді. Мұнда келмес бұрын (облыстық, аудандық деңгейдегі қызметкерлер) әңгімелесуден, облыстық партия комитетінің бөлімінде тағылымдамадан, облыстық партия комитетінің бюросына ұсынылардан бұрын Қорғанбек ағаның алдынан өтетін.

Сол жылдары тәртіпті нығайту бағытында көп жұмыс атқарылды. Бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар ақша жымқырып, мемлекетке зиян келтіргені үшін сотталып, ауыр жазаға тартылды. Басқа да келеңсіз құбылыстардың барлығымен күрес күшейтілді. Облыстық, қалалық, аудандық партия комитеттерінің номенклатурасына енген 200-ден астам басшының 1981-1986 жылдары қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін қызметінен шеттетілгенін айтсақ та жеткілікті. Көпшілігі партиядан шығарылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сол уақытта Орталық Азиядан (Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан) және Қазақстаннан облыстық прокуратураның аға тергеушісі Жасарал Жұмашевты республикалық прокуратура КСРО Бас прокуратурасының арнайы тапсырмасын орындау үшін Мәскеуге жіберген. Ол Кеңес Одағының тарихындағы ең ірі сыбайлас жемқорлық істі Өзбекстандағы билікті теріс пайдалану, пара алу және т.б. тергеуге көмектесті. Оның 1983-1985 жылдардағы тергеу объектілері Рязань (РКФСР), Хорезм және Қашқадария (Өзбекстан) облыстарында орналасқан кәсіпорындар мен олардың басшылығы (директорлар, бас бухгалтерлер, бақылау бөлімшелерінің бастықтары және т.б.) болды.

Сол жылдары Арал ауданы прокуратурасының қызметкері Мырзамұрат Имандосов Өзбекстанның тергеу тобына жіберіліп, тергеу объектілері Қарақалпақ Республикасындағы осыған ұқсас істер болған.

Осы тергеу топтарына аймақ прокуратурасы қызметкерлерінің қосылуы Сыр елінің құқық қорғау органдарына артылған зор сенім еді. Бұған Қорғанбек Қайроллаұлының сіңірген еңбегі зор болды.

Оның өзін-өзі ұстай білетіні, жұмыстағы кәсібилігі қарамағындағы қызметкерлерін де, әріптестерін де тәнті етті. Маңызды мәселелерде қатал әрі турашыл, әділ болды. Оның басты қағидасы – тек шындықты айту. Қарамағындағыларға үнемі «Қандай ауыр болса да, шындықты басқалардан емес, сендерден естігенім жақсы. Әсірелемей, кемшілікті жасырып-жаппай, шындығын айтыңдар» дейді. Өзі де ешкімнің лауазымы мен тұлғасына қарамастан, орталық және жоғары мемлекеттік органдардың қызметіндегі кемшіліктерді ашық айтты.

Сол кездегі Орталық Комитеттің мүшесі, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековті батыл, ашық сынаған адамның бірі Қ.Қайроллаев десем, қателеспесім анық. Ол 1988 жылы желтоқсанда өткен XXIV облыстық партия конференциясында сөйлеген сөзінде соңғы жылдары Торғайдан, басқа да облыстардан кадрлардың ағылып келіп жатқанын қатты сынға алды: «Мен келген жолдастардың саяси және іскерлік қасиеттеріне күмәндану деген ойдан алыспын. Мүмкін шынымен де лайықты, тәжірибелі жолдастар, шын мәнінде қайта құруды алға сүйрейтін шығар. Жағдайды жаңартып, сергіту үшін кадр ротациясының қажеттігін де түсінемін. Бірақ мұның барлығының да ақылға қонымды шегі болуы керек, ротация жергілікті кадрларды сырттан келген кадрлармен жаппай ауыстыруды білдірмейді» деді.

Конференция делегаттарының бірі жақтап, оны облыстық партия комитетіне мүшелікке сайлауды ұсынды. Ұсыныс иесі Қ.Қайроллаевты облыстық партия комитетінде жұмыс істеген кезден білетін В.Андреев болатын. Конференция делегаттары бұл ұсынысты қолдап, оны облыстық партия комитетінің мүшелігіне сайлады.

Расында да, 80-жылдардың екінші жартысында Қайроллаев басқарған облыстық партия комитетінің бөліміне сырттан көп адам келді. Бөлімдегі төрт қызметкердің екеуі немесе жартысы облыстан тыс жерлерден еді. Олардың бірі ғылым кандидаты, Қоғамдық ғылымдар академиясының түлегі сағат 11-ден кейін басы ауыратынын, қол астындағыларға осы уақыттан кейін өзін мазаламаған дұрыс екенін айтып отыратын. Тағы бір қызметкер, аты аңызға айналған қазақ революционерінің немересі қазақша хат танымайтын. Әріптестерінен аудандардан келген қазақ тіліндегі хаттарды орыс тіліне аударып беруін сұрап отыратын. Бұл кадрлар, әрине, Сыр еліне сіңісіп кете алған жоқ.

Бұл жөнінде Қорғанбек Қайроллаұлы мен Қызылорда облысының құрметті азаматы В.Брынкиннің арасындағы әңгімеге куә болғанмын. Бұл мәселе бойынша дәлелді деректер келтірілді. Мысалы, Мәскеуден, КСРО Түсті металлургия министрлігінен келіп, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған бір шенеунік осы қызметте бірер ай ғана болып, өңірдегі өмір сүру жағдайын ұнатпай, кетіп қалған. Облыстық атқару комитетінің кейбір қызметкерлері оны көріп те үлгермеген.

Алайда, сол жылдардағы кадр саясатындағы олқылықтар Е.Әуелбеков сынды тұлғаның еңбегін еш кемітпей, керісінше биіктете түседі. Қорғанбек Қайроллаұлы айтқандай: «Өңірде болып жатқан оң өзгерістерді, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан да, партиялық-мемлекеттік тәртіпті нығайту тұрғысынан да оның сіңірген еңбегіне жатқызуға болады. Ол партияда үлкен беделге ие».

Оның адалдығы мен әділдігі теріс көріністермен күресуге ғана емес, заңсыз қудалауға және жұмыстан қуылған адамдарға қатысты әділеттілік орнатуға да ықпал етті. Бірнеше жылдан кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, кейін полиция полковнигі шеніне дейін көтерілген полиция майоры Ерболат Жүсіповтің ішкі істер органдарына қайта қызметке алынғаны есімде. Мұндай мысалдар өте көп.

Облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде басшы, халық депутаттары облыстық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған уақытта халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға көп күш жұмсады. КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Арал маңындағы экологиялық-санитариялық жағдайды түбегейлі жақсарту, пайдалану тиімділігін арттыру және оның бассейніндегі су және жер ресурстарын қорғауды күшейту шаралары туралы» қаулысын, «Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңын қабылдаудың бастамашыларының қатарында болды. Бірінші нормативтік акт КСРО-ның жойылуына байланысты ұмытылса, екінші акт осы күнге дейін халық игілігіне қызмет етіп келеді.

Ол кітапты жақсы оқиды. Үйінде үлкен кітапханасы бар. Қазақ жазушыларына, классиктерге, ақындарға ерекше басымдық береді. «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған соңғы әдеби жаңалықтардан үнемі хабардар. Тағылымды әңгімелерді, кітаптан алынған ойларды, ақсақалдардың әңгімелерін қызықты етіп айтып береді.

Бірақ құжаттар мен ресми сөздерге келгенде, өте нақты да қысқа сөйлейді. Бірден мәселенің мәніне көшеді. Бұл – оның жоғары кәсібилігі мен сауаттылығының көрінісі. Қызметкерлеріне үнемі ілтипатпен қарап, оларды тәрбиелеп отырды. Оның басшылығымен еңбек жолын бастаған тұлғалар осын күнге дейін ел игілігіне адал қызмет етіп келеді. Олардың қатарында мемлекет қайраткерлері де бар.

Ресей Федерациясы Калининград қаласының тұрғыны В.Андреев:

«Қорғанбекпен облыстық партия комитетінде жұмыс істеп жүргенде таныстым. Кабинетіміз қатар болатын. Ол байсалды, жинақы, қасында отырған әріптесі Жарылқасын көңілді, жайдарлы жан еді. Әзілдесіп, бізге күлкілі әңгімелер айтып беретін.

Мені таңқалдырғаны – оның еркін пайымы. Онысы кейде айналасындағылардың, жоғарыдағылардың пікірімен сәйкес келмейтін. Құқықтық сауатты адам. Партия мүшелерінің жеке істерін дайындаған кезде Қорғанбекке жиі жүгінетінбіз. Адам тағдыры шешіліп жатқанда заңның барлық қыр-сырын білу талап етілетін. Сондықтан оның кеңестері мен нұсқаулары әрқашан қажет және пайдалы болды.

Құқық қорғау органдары басшыларының арасында үлкен беделге ие болды. Облыстағы жалғыз генерал Біләл Омаровтың обкомға келіп, оны кейбір істерден хабардар еткенін жиі көрдім. Бұл – нағыз адал да әділ, ұстамы мен ұстанымы берік адамға тән қарым-қатынас.

Міне, осы қасиеттер Қ.Қайроллаевты облыстық партия комитетінің мүшелігіне ұсынуыма түрткі болды, ол үшін Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Уәлиевтен «Сіз бүгінгі күннің қаһарманысыз!» деген баға алдым.

Оны мерейтойымен құттықтаймын! Зор денсаулық, барлық жақсылықтарды тілеймін!» дейді.

Қорғанбек Қайроллаұлы – қай кезде де талапшыл, жігерлі жан. Зейнетке шыққаннан кейін де ел игілігі үшін еңбек етіп, уран өндіруші кәсіпорындардың бірінде жұмыс істеді. Қоғам өміріне белсенді араласты. Жастармен кездесулер өткізіп, тәрбие жұмыстарына атсалысты.

Өмірлік серігі Қарипа жеңгей екеуі төрт бала тәрбиелеп өсірді, немерелер сүйді. Кейінгі бірнеше жылда, індеттің салдарынан Қарипа жеңгей мен үлкен ұлы Серғазы бірінен соң бірі дүниеден өтті. Қорғанбек Қайроллаұлына көңіл айта отырып, дүниеден өткен жеңгей мен Серғазының рухы шат болып, Алла панасына алсын демекпіз.

Мықты болыңыз, жүрегіңізді сақтаңыз, құрметті Қорғанбек Қайроллаұлы! Мерейтой күні сізге, отбасыңыз бен жақын-жуығыңызға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін!

Кеңес МАХАМБЕТОВ,

зейнеткер.

Астана қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<