Өндірістен басталған өрісті жол

458

1

Әріптесім Ыдырыс Тәжіұлымен таныстығымыз жиырма жылдай бұрын басталды. Жергілікті газеттердің бірінде тұшымды мақалалары жиі басылып жататын. Беріде шығармашылық жолымыз облыстық «Сыр бойы» газетінде түйісті. Аймақтың ата басылымында да өзінің еңбекқорлық қасиетімен көзге түсті. Облыстың арғы-бергі қиырын шарлап, көпшілікке сүбелі дүниелер ұсынуға күш салған еді. Екінің бірінің тісі бата бермейтін экономика тақырыбында да қалам сілтеді. Сол кезде қырықтың қырқасындағы азамат бүгінде ел ағасы атанатын жасқа жетті. Қоғам тынысындағы әрбір оқиғаны ой сарабынан өткізетін сақа қаламгерге айналды.

Қызмет барысында сұхбаттасып тұрамыз. Сондай сәттердің бірінде Ыдырыс Тәжіұлының басқа саланың маманы екенін естіп таңғалғанымыз рас. Десе де, ол журналистикаға кездейсоқ келе салған жоқ. Бала жасынан газет пен кітап оқуға құмарлығы ерекше еді. Әкесі Тәжі Тұрлығұлов – ел басқарған азамат, парасаты мен білімінің арқасында ел ішінде сыйлы болды. Қызметтен қолы қалт еткен сәтте газетке көз жүгіртіп, алыс-жақындағы жаңалықтан жедел хабардар болатын еді. Қазақ және орыс тілдерінде жария көрген сан алуан кітаптар шаңырағының шырайын келтіріп тұратын. Бұл бала Ыдырыстың оқу мен білімге деген құштарлығын арттыра түсті.

Ол уақытта журналистика саласында қызмет атқарамын деген ой болған емес. Қызылордадағы белгілі білім ұясының бірі – № 212 орта мектепті 1975 жылы тәмамдаған жас жігіт еңбек жолын астық өнімдері комбинатында слесарь болып бастады. Әскерден кейін «Қазхиммонтаж» құрылыс мекемесінде құрастырушы қызметіне келді. Еңбектен қол үзбестен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институты Қызылорда филиалын құрылыс инженері мамандығы бойынша тәмамдап шықты. Ал 1988 жылдан бастап он жыл бойы «Облрембыттехника» мекемесінде қызмет атқарды.

«Қазхиммонтаж» мекемесінде монтаждаушы қызметін атқарып жүрген кезінде облыстан бөлек еліміздегі іргелі құрылыстарды жүргізуге атсалысты. Мұндай нысандардың қатарында Павлодар мұнай өңдеу зауыты, Шығыс Қазақстандағы мыс балқыту комбинаты, Алматыдағы көкөніс қоймасы секілді орындар бар.

Тоқсаныншы жылдардың басында құрылыс саласы тоқырап қалғаны белгілі. Жұмысын тоқтатқан кәсіпорындар қатарында ағамыз құрылысына атсалысқан тоқылмайтын маталар комбинаты, керамзит-бетон зауыты, Арал мен Қазалыдағы тігін және аяққиім фабрикалары бар. «Әттең, бұл өндіріс орындары бүгінге дейін жұмыс істегенде экономикалық жағдайымыз бұдан әлдеқайда жақсы болар ма еді?!» деп өкінішін білдіреді.

– Ол кезде өмірімде күрт өзгеріс болатынын білген жоқпын, – дейді ағамыз бізбен әңгімесінде. – 1998 жылы сырқаттанып, үйде біраз уақыт ем қабылдауға тура келді. Жұмыстан қол үздім. Қолым бос болғандықтан республикалық және жергілікті басылымдарды жиі шолып тұрамын. Елге ой салатын сүбелі дүниелерді оқығанда жаным жадырап қалады. Кейде қисынға келмейтін мақалаларды да көзіміз шалып қалады. Сол жылдар елдің өзі қайда қарай қадам басатынын білмей дағдарып тұрған кезең емес пе еді? Кейбір мақалаларға қатысты пікірімді білдіру үшін қолыма қалам алып, қағаз бетіне түсіруге әрекет еттім. Тырнақалды мақалам республикалық «Ана тілі» газетінің  бірінші бетінде жарық көрді. Ал жергілікті жердегі мәселелерге қатысты жазғандарым сол кезде дүниеге келген «Ақмешіт ақшамы» газетінде жариялана бастады. Біршама уақыттан кейін сол басылымда қызмет атқаруға ұсыныс түсті. Осылайша журналистика саласындағы еңбек жолым басталды. Аталған газеттен бөлек республикалық «Жас алаш», «Ана тілі», облыстық «Сыр бойы» газетіне мақалалар жазып тұрдым.

Қалалық газетке келгеннен кейін екінші тынысы ашылған секілді. Бас редактор тапсырмасынан бөлек өзінің көкейде жүрген ой-пікірін бөліседі. Газет шығару ісінің қыр-сырына қанықты. Журналист мамандығы жауапкершілікті қажет ететін түсінді. Айтар ойыңды таразылап, сараптап, оқырманға ұсыну керек. Әбден иі қанғаннан кейін ғана жарияласаң, оның салмағы да ауырлай түседі. Оқырман тарапынан оң бағасын алады.

Алғашында қиналғаны рас. Өзі машықтанғандай асықпай отырып жазудың жөні бір бөлек. Ал редакция тапсырмасымен дайындалған мақаланың жайы бір басқа.

– 2001 жылы облыс орталығындағы Қазақстан көшесінің аты өзгеріп, өңірдегі белгілі танымал тұлғаның құрметіне берілді. Еліміздің атауын иеленген көшені тұрғындармен ортақ шешімге келместен ауыстырып жіберуі көпшілікті ойландырып тастады. Сол көшеде ұзақ жылдан бері тұрамын.  Бас редакторға сол жөнінде мақала жазатынымды жеткіздім. Мақала жарияланды. Қалалық әкімдіктің ономастика комиссиясында қайта қаралып, бұрынғы атауы қайтарылды, – дейді ағамыз.

Журналистиканың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Қалалық газетте жарияланған мақалаларына аға буын оң баға берді. Еңбегі еленіп, 2005 жылы облыстық басылымнан қызметке шақыру алды.

– Сол уақытта облыс басшысы  «Сыр бойы» газетін аптасына бес мәрте шығару туралы тапсырма берді. Жұмысқа қосымша мамандар тартуға тура келді. Бас редактор жергілікті басылымдардағы бірнеше журналисті қызметке шақырды. Осындай сенімге ие болған азаматтардың қатарында мен де бар едім. Журналистерде тыным жоқ. Аймақтың әр қиырына барып қайтасың. Оны жедел газетке ұсынуға тиіссің. Бұған жылдам төселіп кеттім. Елмен жүздескен сәтте сан түрлі ойлар келеді. Оны кейіннен кеңінен қозғауға болады. Жан-жақты жазылған сараптама оқырмандар үшін қызықты екені даусыз. Журналист – өте қызықты мамандық қой. Білмегеніңді үйренуден жалықпайсың. Бір тақырыпқа қалам тарта отырып, кейіннен сол мәселені сала маманы секілді түсініп кетуің ғажап емес. Жергілікті басылымдардағы кейбір әріптестерімнің осындай ойлы мақалаларынан сондай ізденімпаздықты аңғарамын. Бұл журналистика саласының абырой-беделін арттыра түседі, – дейді Ыдырыс ағамыз.

Экономика бөлімінің тілшісі ретінде өндіріс, құрылыс саласындағы ел, өңір үшін маңызды нысандардың іске қосылған сәтіне талай рет куә болды. Ақжолтай жаңалықтарды оқырманға жеткізуге асықты.  «Ақшабұлақтағы» алғашқы газ құбыры, дариядағы жаңа көпірдің, әлеуметтік нысандар мен жаңа ғимараттардың пайдалануға берілуі, банк және өзге де құрылымдардың қызметі жайлы жазылған дүниелер ерекше есінде қалды.

Әдетте, газеттің қат-қабат жұмысында аударманың маңызы зор. Кейде орыс тілінде жарияланған мақалаларды қазақшаға аударуға тура келеді. Осы жұмыс Ыдырыс ағамызға жүктеледі. Уақыттың тығыз болғанына қарамастан, бұл жұмысты тыңғылықты орындай білетін әріптестің бұл ісі жас буынға үлгі боларлық.

Журналистің жазғанының бәрі сәтті шыға бермеуі мүмкін. Алматы қаласында белгілі бір тақырыпта семинар өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен жиналған журналистерге сол мәселеге байланысты мақала жазу тапсырылды. Ағамыз оған қиналған жоқ. Семинарда оқығаны мен көңілге түйгені көсіле жазуға көп көмегін тигізді. Сарапшылар 30-ға тарта журналистің арасынан ол кісінің мақаласын үздік деп таңдады. Осылайша арнайы сыйлық табыс етіп, мерейін үстем еткені бар еді. Облыстық басылымды ұзақ жылдар басқарған белгілі қаламгер Жақсылық Рахматулла әріптесіміздің сараптамаға бейім екенін талай мәрте мысалға келтіргенін ұмытқан жоқпыз.

Канадалық мұнайшылар өздері ұйымдастырған бір шараға қатысты жергілікті және республикалық басылымдарда жарияланған мақалаларды саралап, жақсы деп танығанын өз елдеріндегі газетке аударып басқаны бар. Ол Ыдырыс ағамыздың мақаласы болатын. Сол секілді Ы.Тәжіұлы «Үздік журналист» номинациясының иегері, республикалық байқау жеңімпазы.

– Журналистика – билік пен бұқара арасын жалғайтын алтын көпір. Қалам иелері сол алтын көпірдің жанкешті жолаушысы іспеттес. Жанкешті деуімізге негіз бар. Маңызды мәселені көтеру жолында олар отқа да, суға да түседі. Кейде өзгелердің жағдайын ойлап жүрген журналистің өзінің әлеуметтік жағдайы толыққанды шешіле қоймаған болуы мүмкін. Әрине, билік тарапынан ел үшін жасалып жатқан әрбір игі іс қалам иелерінің көзінен таса қалмайды, – дейді Ыдекең ағынан жарылып.

Жаратылысынан кішіпейіл, жан дүниесі таза, көпшілікке сыйлы ағамыз – үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Айсұлу екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Отанасы, ұл-қызы және келіні де – денсаулық сақтау саласының мамандары.

Өмір – өткел. Адам өз ғұмырын мағыналы сүруге тырысады. Байқап қарасақ, ағамыз сол уақытты жайсаң мінезі, кішіпейіл келбетімен бақытты өткізіп келеді. Өзінің еңбекқорлығы, жауапкершілігі, тиянақтылығы арқасында журналистика саласында жемісті еңбек етті. Ұрпаққа саналы тәрбие беріп шаңырақ шуағына бөленіп отыр.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

Пікірлер:

Пікір жазыңыз