Жауһар жырдың жалғасы

1075

0

Сыр сүлейлері мұрасының бүгінгі жалғастырушысы, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының жыраулармен жұмыс секторының меңгерушісі Майра Сәрсенбаева – дәстүрлі өнердің дамуына ерекше үлесін қосқан  талант иесі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталуы – оның өнер жолындағы  қалтқысыз қызметінің айғағы.

Иә, «Сыр елі – жыр елі» дейтін қанатты сөздің халық аузында жүргені бекерден-бекер емес. Шын мәнісінде, сонау Қорқыт бабамыздың мұраларынан бері қарай сүлейлер сарыны, жыраулар поэзиясы сабағы үзілмей жалғасып келеді. Айталық, аймақтағы жыраулық мектептер арасында Сыр бойындағы ақын-шайырлардың терме-қиссаларын орындаушылардың, сондай-ақ, қобызшылардың облыстық байқаулары дәстүрлі түрде өтіп тұрады.

«Сүлейлер жолымен» атты облыстық байқау, «Кәусар бұлақ» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өз алдына, одан бөлек, қобызбен сүйемелдеп жыр айту арқылы ұлттық өнерді дәріптеу, жыр әлеміне жаңа есімдер шығару мақсатында «Жыр мұра» жобасы қолға алынды.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Соның бір көрінісі – күллі түркі әлеміне ортақ тұлға, ұлы ойшыл Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп, әлемдік мәдени құндылықтар қатарынан орын алды. Осының нәтижесінде облысымыздың жеті ауданында қобыз үйірмелері ашылды. Сондай-ақ, биыл алғаш рет Сыр өңірінде «Қорқыт-Қобыз» атты республикалық қылқобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылар байқауы өтіп, дәстүрлі шараның біріне айналды.

Сыр сүлейлерінің өнерін насихаттау мақсатында Қармақшы ауданындағы Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйі, аудандық әуез мектебі жанынан ашылған Сәрсенбай жырау атындағы жыр сыныбы, Арал ауданында Нұртуған шайыр мектебі, Шиелі ауданында Нартай жыр мектептері бар. Бүгінгі таңда  бұл мектептерде 200-ден астам оқушы дәріс алады. Бір сөзбен айтқанда, аймағымызда ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің берік негізі қаланған, – дейді Майра Сәрсенбаева.

ҚР Мәдениет саласының үздігі, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Майра Сәрсенбаева бұл марапат халықтың өнерге деген ыстық ықыласы мен риясыз құрметінің айғағы екенін, сондықтан өзіне деген жауапкершілік пен сенімінің жүгі ауырлай түскенін айтты. Алдағы уақытта да халықтық өнер жолында қалтқысыз қызмет ете беретінін жеткізді.

Иә, өзіміз куәміз, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өзге салалар секілді мәдениет саласы да көп қиындықтарды басынан өткерді. Мәдениет үйлері жөндеу көрмеді, музыкалық қондырғылар ескірген, сахналық бұйымдар жетіспейтін. Ал қазір бұл қиындықтардың барлығы артта қалды. Мемлекет тарапынан мәдениет саласы мамандарын әлеуметтік тұрғыдан қолдауға, рухани құндылықтарымызды насихаттауға, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға байланысты арнайы  бағдарламалар қабылданып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<