Аудан әкімінің Шиелі кентін аралау жұмыстары жалғасуда

223

0

Фото: Шиелі ауданы

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күні кеше Көкшоқы мөлтек ауданынан басталған зерделеу жұмыстарын Шиелі кентінің орталығында жалғастырды. Базар аумағында орналасқан заңсыз құрылыстар мен аудан ажарына кері әсерін тигізіп тұрғын нысандарды сүріп тастау жөнінде жауаптыларға тапсырмалар берді.

Алдымен, Айтбай Насриддинұлы орталық стадионның жай-күйін қарап, алдағы «Алтын дән» пісімшілік мерекесінің қарсаңында нысанды жаңғырту, сырлау, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Мұнан соң, сапаржай маңындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын аралап, қоймалар мен контейнер, вагондарды, шашылып жатқан қоқыстарды тазартуды тапсырды.

Сондай-ақ, бей-берекет орналасқан әжетханаларды алып тастап, орнына бір үлгідегі әжетханалар қою керектігін нақтылады. Содан соң, Әбдіманап базарының сыртқы қоршауын жаңарту қажеттігін айтып, орындалуын кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергеновке жүктеді. Келесі кезекте, бір бағыттағы Байтұрсынов көшесіндегі сауда нысандарының сыртқы келбетін жаңарту қажеттігін, мекемелердің сыртқы қоршауларын сырлау керектігін айтты.

Сонымен қатар, теміржол вокзалы маңындағы Дәулеткерей көшесінде орналасқан нысандардың келбетін жаңалап, сырлау турасында тапсырмалар берді. Сондай-ақ, Бұдабай көшесінде орналасқан кәсіпкерлік нысандарының иелеріне өз аумақтарын арам шөптен тазалап, сыртқы қоршауын сырлауды жүктеді.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<