Ақпан. Ауыл баласы

3947

0

Ақұлпа қанат ақпанның қары,

Шағылысып күнге шатқалдың бәрі.

Тосын адамды адастыратын,

Тоғайдың тар жол таптаурындары.

Ерімей сол қар ұзақ тұратын,

Тұмақты жігіт тұзақ құратын.

Қарала төбет соңына еретін,

Қораның жанын күзет қылатын.

Кеткенде аңшы бекем аттанып,

Жылайтын бала жекелеп қалып.

Апасы сонда ұрсатын оған,

Ақ қарға қара текемет қағып.

Есеюге асық сол сары бала,

Аңырағанда аңсары – дала.

Тұсайды оны үйдің маңына,

Тізілген көзден моншағы ғана.

Кеудесін құйттай наласы құрсап,

Бұлқынған мінез таласы бұл шақ.

Балаға біткен ең ғажап мінез –

Жылау мен күлу арасы бір сәт.

Қылығын сосын қырға лақтырып,

Кететін ойнап сырғанақ мініп.

Сүртеді мұрнын жеңіне жағып,

Ең таза жан сол кірлеп-ақ тұрып.

Іздемейді оны ешкім күніге,

Бір қарап алмай кештің түріне.

Салған төсекке аяғы жетпей,

Құлайды келіп пештің түбіне.

Жүре тұрмаған далада тағы,

Көңілі мүмкін алағат әлі.

Басқа бір әлемге еніп кетеді,

Түсінде керіп садақ атады.

Жалт етіп бір аң сырт ала қашқан,

Жалаңаштанып қырқадан асқан.

…Табалдырықтағы түлкіге түседі,

Кіртиген көзі уқалап ашқан.

Осылай маңғаз таң атырады,

Қолына нанын ала тұрады.

Түсініксіздеу боп түсіне кірген,

Бұл – көкесінің жаңа тұмағы.

Зырылдағандай жарыста шанаң,

Уақытқа еріп алыстаса адам.

Ұмыта бастар бала кезеңді,

Осы бір сурет таныс па, саған?..

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<