9 желтоқсанда шыны зауытының күйдіру пеші іске қосылмақ

935

0

Облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 46 жоба жүзеге асырылмақ. Биыл 4 жобаның іске қосылуы жоспарлануда. Айта кететін жәйт, аймақта жаңа өнім өндіру бағытындағы ірі стратегиялық жобалардың бірі – шыны зауыты. Зауыт жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, 9 желтоқсанда күйдіру пеші іске қосылмақ.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев хабалады.


«Өңірдегі ірі стратегиялық жобамыздың бірі – шыны зауыты. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, зауытта 200-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Сондай-ақ, биыл «Аралтұз» акционерлік қоғамы қуаттылығы жылына 180 мың тонналық ІІІ испан цехын іске қосады. Қазіргі таңда, «Аралтұз» акционерлік қоғамының ІІІ испан цехы бойынша ас тұзының сынамалық өнімі шығарылуда. Бүгінгі таңда, өнімнің 75 пайыздан астамы Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Украинаға экспортталады. Сырдария ауданында «Ақжарма-1» серіктестігінің қуаттылығы жылына 630 тонна болатын күріш өңдеу цехы іске қосылуға дайын. Ал Жаңақорған ауданында қуаттылығы жылына 3 млн дана керамзит блоктарын шығаратын алғашқы өндіріс ашылды. Керамзит блоктарын өндіруге арналған қажетті шикізат базасы Жаңақорған ауданындағы «Ақ құм» бентонтті саз кен орны болып табылады. Сонымен қатар, 2018 жылы іске қосылған тампонажды цемент зауыты 3 жылдың ішінде 1,9 млн. тоннадан аса өнім шығарып, оның 500 мыңға жуығы Өзбекстан мемлекетіне экспортталды. Биыл зауыт 1 миллион тонна цемент өндіріп, алғаш рет толық өндірістік қуаттылығы қол жеткізді», – деді Ринат Қалдыбекұлы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<