Қызылорданың инвестициялық әлеуеті жоғары

1110

0

Экономиканы дамыту үшін тікелей инвестицияға басымдық беру маңызды. Өйткені инвестиция – кез келген экономиканы алға жылжытушы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі кезекті жолдауында «Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деген болатын.

Тың жобалар қолға алынуда

Қазақстан кейінгі бес жылда жыл сайын шамамен 20 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартқан. Бұл – Ұлттық банк ұсынған ресми дерек. Ендігі міндет – осы көрсеткішті 25 млрд долларға жеткізу. Үкімет 2026 жылға қарай аталған межені бағындыруды жоспарлап отыр. Шетел инвесторларының берекелі елге үйір екенін ескерсек, тұрақты қалпынан танбаған еліміз үшін бұл межені бағындыруға мүмкіндік мол.

Шынында да, кейінгі бес жылдағы көрсеткіш жақсы. Тек 2020 жылы ғана COVID-19 пандемиясына байланысты инвестиция ағыны төмендеп, 17,2 млрд долларды құраған. Мұндай жағдай жалпы әлем бойынша қалыптасқанын ескерсек, дүрлігерлік ештеңе жоқ. 2020 жылы әлемдегі инвестиция ағыны 35 пайызға, ал Қазақстанда 29,8 пайызға қысқарған болатын. Дегенмен, 2021 жылы Қазақстан жағдайды жедел түзеп алды. Былтыр тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағынының 23,8 млрд долларды құрауы соған дәлел. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 38,9 пайызға жоғары. Негізі кейінгі бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш 2019 жылы тіркелген екен – 24,4 млрд доллар.

2022 жылдың қаңтарында Қазақстан 54 елдің, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Жапонияның азаматтары үшін визасыз режимді қалпына келтірді. Ал өткен жылы кәсіпкерлерге салықты үш жылға дейін кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін инвестициялық салық несиесін енгізді.

Бұл ретте Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту. Республика бойынша 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің құрамындағы инвестицияның үлесін 25%-ға жеткізу міндеті қойылған.

Биылғы маусымда Үкімет 2026 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатты бекітті. Соған сәйкес Қазақстан қосылған құны жоғары тауарлардың бәсекеге қабілетті өндірісіне инвестиция салумен басқаша жұмыс істемек.

Аймақ алдыңғы қатарда

Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасында негізінен жеке инвестицияларға басымдық беріледі. Сондықтан Сыр өңірінде де инвестиция тарту мәселесі жолға қойылып келеді. Аймақтың экономикасын қалпына келтіру мен дамытудың драйвері болатын жобаларға басымдық берілуде.

Бұл  бағытта  аймақта атқарылған жұмыстар да айтарлықтай. Инвестиция тарту – облыстың басты басымдықтарының бірі. Шетелдік тікелей инвестиция да тартыла бастады. Аймақтың инвестиция саласындағы оң динамика туралы осы сейсенбіде, яғни, 15 қарашада ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында да айтылды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қызылорда облысының инвестициялар көлемі республика бойынша алдыңғы қатарда екенін айтты.

Жыл басынан бері республиканың жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2,5 пайызды құрады. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторы 2,8 пайызға, қызмет көрсету саласы 1,6 пайызға өсті. Салалардың ішінде ауыл шаруашылығында 8,2, ақпарат және байланыс бойынша 7,1, құрылыста 5, өңдеу өнеркәсібінде 4,3, сауда саласында 4,1, көлік және қоймалауда 3,9% өсім бар.

– Өңірлер арасындағы ең жоғары өсім Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында байқалды, – деді Әлібек Қуантыров.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында Премьер-Министр бүгінде ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отырғанын, ал нақты сектор оның тұрақтылығының негізгі факторы болып қала беретінін айтып, аймағымызда оң динамика байқалатынын атап өтті. Оның айтуынша, экономика өсімінің негізгі факторларының бірі – отандық және шетелдік инвестицияларды тарту. Жалпы, есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестицияның өсімі 6,7 пайызды құрады.

– Бұл ретте өндіруші емес салаларға инвестиция тарту бойынша белсенділік бар. Жылжымайтын мүлікпен операцияларда, көлік пен қоймада, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте жоғары көрсеткіштер байқалды. Барлық негізгі макроиндикаторлар  бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы мен Шымкентте өсім байқалады. Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Оң серпінді сақтау үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жандандыру қажет. Өңірлердің әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді ұстанып, инвестицияларды тарту және қолдау бойынша жұмысты күшейтіп, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысына тұрақты мониторинг жүргізіп отыруы керек, – деді Үкімет басшысы.

Айта кетсек, өткен қыркүйектегі Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, биылға 373,5 млрд теңге көрсеткіш бекітілгенін қаперге салған болатын. Сондай-ақ, ірі инвестициялық жобаларды әкелу бойынша қала, аудан әкімдері, бірқатар басқармаларға нақты тапсырма берген.

– Әрбір инвестицияның артында жаңа мүмкіндік бар, яғни жаңа мүмкіндік, ол – ең әуелі жұмыс орындары. Халықтың табысын арттырып, әл-ауқатын осындай ірі жобалармен ғана көтере аламыз. Әкімдер белсенді түрде инвестиция тарту бағытында жұмыс жасауға тиіспіз. Былтырғы болған бір реттік жобалардың орнын басатын жаңа жобалар табу қажет. Ірі инвесторлармен кездесіп, келіссөздер жүргізіңіздер. Тек нақты нәтиже болуы керек, – деген еді облыс әкімі.

Он айда 290 млрд теңге

Облыс әкімінің инвестициялық әлеуетті арттыру бағытындағы тапсырмалары бойынша Сыр өңірі бірқатар нәтижелерге қол жеткізді. Жоспарға сәйкес биыл облысқа 373,5 млрд теңге инвестиция тарту қажет. Осы жоспарды орындау үшін 19 шілдеде облыс әкімінің төрағалығымен өткізілген алқа отырысында қала және аудан әкімдіктеріне белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің үлесіне сәйкес меже бекітілді. Өткен он айда өңірге 290,9 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіштің өсімі 25%-ды құрады. Жоспарлы көрсеткіш 77,8%-ға орындалды.

Осылайша, аймақтың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында оң көрсеткішке қол жеткізілді. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіштің ең жоғары өсімі – Сырдария, Жаңақорған, Шиелі және Қазалы аудандарында байқалды. Бұл өсім негізінен өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және жинақтау салаларына, қаржы және сақтандыру қызметіне, жылжымайтын мүлікпен операцияларда, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету, өнер, ойын-сауық, демалыс және басқа салаларда байқалып отыр.

Айта кету керек, инвестиция тартудың оң нәтижесіне қол жеткізу үшін облыста қолайлы климат қалыптасқан. Облыс әкімдігінің тарапынан инвестиция тарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жобалар жандана бастады

Нәтиже көңіл қуантарлық. Айталық, биылдан бастап шетел компанияларымен бірлескен жобалар жандана бастады. Осы жылдың қыркүйек айында инвестиция саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов Түркия еліне жасалған іссапар барысында бір топ түрік инвесторымен кездескен болатын.

Қос тараптың қызығушылығын оятқан ірі бастаманың бірі – жылына 28 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы. «Tat Gida» компаниясының басшылығымен Қызылордада қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу мәселесі талқыланды. Кездесу нәтижесінде шетелдік инвесторлар қыркүйек айында өңірге іссапармен келіп, зауыт орналасатын және томат егілетін жер телімдерімен танысты. Келер жылы зауыт құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Атап өтерлігі, биыл «Таt» компаниясымен бірлесіп, 10 гектар жерге тәжірибелік қызанақ егілді. Зауыт құрылысы үшін 30 гектар жер телімі табысталды. Жоба бастамашысы қажетті инфрақұрылым жеткізу мақсатында жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге кірісті.

Сондай-ақ, тамыз айында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі, «KOC Holding» түрік компаниясы мен қазақстандық инвестор арасында арнайы Жол картасы бекітілді.

Жаңа ЖЭО – ең ауқымды жоба

Түркия тарапынан жүзеге асырылатын тың жобалардың қатарында қуаттылығы жылына 240 МВт болатын жылу-электр орталығын салу жобасы да бар. Ол үшін «Акса энерджи» компаниясының басшылығымен кездесу ұйымдастырылып, облыс орталығынан жылу-электр орталығын салу жобасына қатысты кейбір мәселелер пысықталған. Құны 215 млрд теңгені құрайтын жылу-электр орталығының капсула салу рәсімі 7 қыркүйекте түрік инвесторларының қатысуымен Қызылорда қаласында өткізілгені баршаға мәлім.

Жоба аймағымызды алдағы уақытта жылумен, электр энергиясымен толық қамтамасыз етеді. Артылғанын сатуға да мүмкіндік болады. Осылайша, Қызылорданы ғана емес, басқа да өңірлерді қауіпсіз энергиямен қамтамасыз етуге жол ашады. Келісім-шарт бойынша жобаның мерзімі – 36 ай. Дегенмен, аймақ басшысы жоба құрылысының алғышарты жасалған инвесторлармен кездесу жиынынан соң журналистерге берген сұхбатында құрылысты 1,5-2 жылда толық бітіруге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді. Бұл бағытта компания басшыларымен қосымша келіссөздер жүруде.

Айта кетейік, «Акса Энерджи» – мазут, табиғи газ, жел генераторлары мен су-электр станцияларында электр энергиясын өндіру саласындағы әлемдік тәжірибесі мол, жетекші компаниялардың бірі. Алпауыт мекеме Африканың Гана, Мали, Мадагаскар, Конго елдерінде және Өзбекстан мен Түркияда жылу-электр орталығын салған. Келер жылы компания Қызылордада құрылыс жұмыстарын бастайды.

Айту керек, жалпы құны 215 млрд теңгеден асатын жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетеді. Бұл – Тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды жоба.

Қызылорда қағаз қаптар өндіреді

Келесі жоба қағаз қаптар өндірісіне арналған. «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесіп түркиялық «Isiklar Holding» компаниясына аталған жобаны облыс аумағында жүзеге асыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген бос тұрған өндірістік ғимараттар ұсынылған.

Нәтижесінде осы жылдың қыркүйегінде түркиялық компанияның бас директоры Ока Хусейн облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовпен кездесіп, жобаны іске асыру мәселелерін талқылады. «Isiklar Holding» – Түркияда қағаз қораптарды өндірумен айналысатын, жылдық айналымы 250 млн АҚШ долларын құрайтын ірі компания. Кездесу аясында түркиялық инвесторға өңірдің инвестициялық әлеуеті және жобаны орналастыру үшін бірнеше өндірістік объекті таныстырылған болатын.

Ірі жобаның тағы бірі – қағаз қораптар өндірісі. Дәлірек айтсақ, гофрленген қағаз қораптар өндірісі жобасы. Түркиядағы гофрленген қағаз қораптардың ең ірі өндірушісі саналатын «Barem Ambalaj» компаниясына облыста бірлескен кәсіпорын ашу ұсынылды.

Сондай-ақ, Түркияның «Milat Hali» компаниясының кілем өндірісіне инвестициялар салуға қатысты ұсынысы қарастырылып, жобаны орналастыру үшін бірнеше өндірістік нысан тізімі мен сипаттамасы берілді.

Иранмен ынтымақтастық

Сыр өңірі Иран Ислам Республикасымен де ынтымақтастық орнатуға бейілді. Осы жылдың тамызында Иранның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Маджид Самадзаде Сабердің облысқа арнайы іссапармен келуі – соның дәлелі. Кездесу барысында елші облыс әкімімен кездесіп, аймақтың инвестициялық әлеуетін, атап айтқанда, жүгері егу, жылыжай кешендерін салу, мал өсіру және ет өңдеу жобаларын жүзеге асыру бойынша мәселелерді талқылаған еді.

Осыдан бір айдай уақыт бұрын облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың және облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың қабылдауында «Fortescue Future Industries» компаниясының өкілдері болды. Бұл – «жасыл энергетика» саласына инвестиция салуға ниетті аустралиялық компания. Кездесу барысында жаңғыртылатын энергия өндірісін, Қазақстандағы және өңірдегі жасыл өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды.

Жаңа әуежай – халық күткен шешім

Өте өзекті әрі аймақ халқы күткен шешім – жаңа, заманауи әуежайдың терминалын салу. «Қорқыт ата» әуежайының жолаушылар мен жүк ағымын одан әрі ұлғайту, қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында әрі қазіргі замануи ғимараттың қажеттілігіне орай, Қызылорда қаласында өткізу қабілеттілігі сағатына 250 жолаушыны құрайтын әуежайдың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданған болатын.

Бұл ретте жеке инвестор Болат Өтемұратовтың қоры әуежай терминалының жұмыс жобасын әзірлеуде. «Верный Капитал» тобы жүзеге асырып жатқан жобаның құны шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі.

Жаңа әуежай терминалы үздік халықаралық тәжірибеге сай болады және бүкіл өңірдің дамуына серпін береді. Шыныдан жасалған витражды қасбеттері бар екі қабатты терминалдың жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайды. Халықаралық және ішкі ұшу аймақтары сәйкесінше 130 және 160 қонақты қабылдай алады. Терминалда телескопиялық өтпе жол, эскалаторлар мен лифттер, жүктерді тапсыру мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, транзиттік жолаушыларға арналған зал, CIP залы қарастырылған. Жаңа ғимаратта өзін-өзі тіркеу пункттері, намазханалар, Duty Free аймағы, сондай-ақ шекара және кеден қызметтері, фитосанитарлық және ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері мен желілік полиция бөлімшелері үшін мамандандырылған орындар ашылады. Құрылыста халықаралық брендтердің жабдықтары, технологиялары және жобалық материалдары пайдаланылады.

Әуежай құрылысы келер жылы басталып, 2024 жылдың ІІІ тоқсанында пайдалануға берілуі жоспарлануда.

Біз жүзеге асырылмақ ірі жобалардың кейбіріне ғана тоқталдық. Жалпы, Сыр өңірінің инвестициялық әлеуеті жоғары. Пысықталып жатқан жобалар да жетерлік. Ең бастысы – облыс әкімдігі тарапынан бекітілген жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу мақсатында іске асырылу сатысындағы, алдағы уақытта іске асырылатын жобаларға сүйемелдеу, бақылау орнату, туындаған мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстар ойдағыдай жүргізіліп жатыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<