Еңбек есейткен жан

307

0

Менің әкем Өтеген Жүргенбаев соғыстан елге келе салып еңбекке араласты. Қайда ауыр жұмыс болса, соның басы-қасында жүретін. Қазіргі Аманкелді ауылы бұрын 3-ауыл, одан кейін Ленин колхозы атанды. Әкем колхоз бастығының орынбасары, егіс бригадирі болды.

Ауылда «Айзада аңызы», «Данагүл аңызы» деген жерлер бар. Сол егіске баратын жолға төтесінен өз күшімен көпір салды. Ол «Өтеген көпірі» атанды, бүгінгі күнге дейін бар.

Ол кісі тарыққанға қолдау көрсетуге дайын тұратын. Данагүл апамды сексендегі анасымен екеуін «Комсомол» совхозынан әкеліп, үйдің қасынан жер кепе соғып, елден жылу жинап, қатарға қосылуына себепші болды. Ертеде «Қостоған» жығылып кетіп, ауылымызды су басу қаупі туды, бөгеуге бүкіл ел жиналды. Әкем соған басшылық жасап, қарабурамен зорға бөгеді. Сауықшыл кісі болатын. Бір тойда:

– Алтау кенен айтамын ақылдасып,

Көкпар таздар кетеді тақымдасып,

Шаршы тойда кез болған құрбым,

Араны отырайық жақындатып, – деп айтып отыратын.

Әкемді білетін замандастары Ишанбек, Бабабек көкелер «Алтын көкемнің қызы» дейтін. Қарулы, қайратты еді,  қатарлары Дөдең дейтін. Кейінгі жылдары Аманкелді совхозының қой шаруашылығына араласып, шопан болды. Бұл салада да алдыңғы қатарға шықты. Колхоз кезінде еңбекақыға астық беретін. Оны диірменге тартып, табаға нан жабамыз. Соғыстан кейінгі жылдары әкемнің арқасында таршылық көрген жоқпын.

Шешем Айышкүл әкемнің жұмысына жағдай жасап, үй шаруасын өзі атқаратын. Жаз болса қолдан қарық қазып, қауын егетін. Қауыны бітік болатын. Әкем өмірінің соңына дейін еңбектен қол үзген жоқ. Мен 80-нің сеңгіріне шықтым. Әкем туралы естелік жазу – перзенттік парызым.

Алтын Өтегенқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<