Білім бәсекесінде биікті бағындырды

407

0

Білім – шеті жоқ алып мұхит іспеттес. Ол жолда арманыңды адаспай анық табу тек білімге ден қойып, ізденістің ізіне түскен шын мықтылардың ғана қолынан келеді. Қызылордалық озық ойлылар осы тұста өздерінің нағыз білімді жастар екенін еліміздің түкпір-түкпірінде дәлелдеп жүр. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде республикалық «Intellecta» интеллектуалды сайыстың жеңімпазы атанған «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының студенттері қонақ болып, жарыстан алған әсерін бөлісті.

– 27 сәуір күні Ақтөбе қаласында республикалық «Мұғалім» жобасының ұйымдастыруымен интеллектуалды сайыс өтті. Онда аймақтық кезеңде жеңімпаз атанған Алматы, Семей, Қарағанды және Ақтөбе қаласының студенттерімен бақ сынастық. Нәтижесінде бірінші орынды қанжығамызға байлап, жеңіспен оралдық. Біз өз тобымызды «Dariya» деп атадық. Сайыс біз үшін үлкен тәжірибе болды. Осы арқылы қоғамдық қордағы өзге де студенттермен танысып, байланыс нығая түсті. Алдағы уақытта өтетін өзге де жарыстарға бұдан да жоғары деңгейде дайындалып, білім бәсекесінде биіктей түсеміз, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының стипендиаты Шәміл Анарбай.

– Жалпы, «Intellecta» интеллектуалды сайысы 4 кезең бойынша өтті. Алғашқы кезең «Isebreaking» деп аталады. Біз мұнда ғылым, кітап, тарих, дәстүр, кино және музыка деген алты категория бойынша бақ сынадық. «Master mind» деген атау қойылған екінші кезеңде әртүрлі тақырыптағы 30 блиц-сұраққа 2 минут ішінде жауап берсек, «Expecto patronum» бөлімінде екі химиялық, физикалық эксперимент жасадық. Ал соңғы кезең «Vabank» деп аталды. Бұл кезеңде де сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, барлық кезең бойынша 4 850 ұпай жинап, жеңіске жеттік. Осылайша біз болашақ мұғалімдер арасында өткізілген байқаудың алғашқы жеңімпаздары атандық, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті, «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының стипендиаты Мадияр Дүзімбайұлы.

– «Білім Ыбырай» қоғамдық қоры республикалық «Мұғалім» деген жоба аясында жүзеге асады, яғни, бұл жобаның мақсаты – педагогикалық бағытта білім алатын студенттерге қосымша қолдау көрсетіп, мектеп бітіруші үздік түлектерді мұғалім болуға үйрету. Білімге құштар жастардың жолын ашып, оларға үздіксіз қолдау көрсетуде аталған қоғамдық қордың маңызы зор.  Біз студенттерді «Кәсіби даму», «Тұлғалық даму», «Әлеуметтік даму» және «Тіл білімі» деп аталатын 4 бағыт бойынша дамытамыз. Қазіргі таңда қорда 108 студент бар. Олардың 70-ке жуығы 30 мың теңге көлемінде қосымша шәкіртақы алады. Ал бұл интеллектуалды сайыс біздің алғашқы жеңісіміз емес. Шәкірттеріміз қандай жарысқа қатысса да, үнемі жеңіспен оралады, – деді «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының үйлестірушісі Азамат Әбимолда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<