Алтын көмбелі ақынға құрмет

1247

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада көрнекті ақын, Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулеттің 70 жасқа толуына орай «Қазақ поэзиясындағы дара талант» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.

«Алтайдың алтын тамыры» атты кітап көрмесінен басталған кеш «Baiterek school», «Ұлағат» білім ордасы» мектебінің жоғары сынып оқушылары мен «Өркениет» медициналық колледжі студенттерінің өнерімен жалғасты.

Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің оқушысы, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Е.Сармырзаев ақын өлеңдерін ерекше нақышпен оқыды. Облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушысы Мерей Бағыбергенқызы ақын сөзіне жазылған тәжік әні «Сарбонды» сызылта салып, қошеметке ие болды.

Кеш қонақтары Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, ақын  Қ.Есімсейітова, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Н.Рахмет, «Сыр бойы» газетінің қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Д.Аяшұлы сөз сөйлеп, ұлттық, адамгершілік құндылықтардың алтын көмбесіндей ақын өлеңдері туралы пікірлерін ортаға салды. Жастарды кітап оқуға, елдік мүдделерге адал болуға шақырды.

Қазақ лирикасының кемелдену кезеңінде өрнекті қолтаңбасын  танытқан, өмірін өлеңге арнаған ақынның шығармашылығымен таныстыру, оқырман жанын тебірентер жырларын оқуға шақыру, жастардың поэзияға қызығушылығын арттыру мақсатындағы кеш танымдық, тағылымдық дәрежеде өтті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<