Артық білім кітапта

1229

0

Жуырда Жаңақорған ауданында А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен «КІТАП шоу-2024» фестивалі өткізілді.

Онда халықтың кітап оқу белсенділігін, балалар мен жасөспірімдердің сауаттылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту басты мақсат етілді. Кітапқұмарлар тәжірибесін бөлісіп, жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерін насихаттау ойластырылды.

Мерекелік іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов құттықтау сөзімен ашып, «КІТАП шоу-2024» фестивалінің басты мақсаты мен шара аясындағы әдеби-танымдық, мәдени шараларға тоқталды. Сондай-ақ ақын Файзулла Сахиев, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтай, айтыс ақыны Нұрлан Жапеков, қаламгер Ерубай Қалдыбек, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова және жас таланттар Алғыс хатпен марапатталды.

Жиында ақын Файзулла Сахиев, Баян Үсейінова сөз алып, өз пікірлерін білдірсе, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтай кей адамдардың газет ұстамайтын, кітап оқымайтын рухани жұтаңдыққа ұшырауын өткір сынады. Берген ақылына ақы сұрамайтын алтын қазынаға ден қоюды еске салды. «Жақсының сөзі – жанып тұрған шамдай, шешеннің сөзі – ағып тұрған балдай, мұның бәрі кітапта» деп сөзін қорытты.

Мерекеде «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында кітаптар керуені, көрмесі жасақталып, көпшілікке ұсынылды. Әлшекей өнер мектебінің бишілері өнер көрсетіп, талантты суретшілер кітап авторларының суретін шығарма желісі бойынша салды. «Қыран» мектебінің оқушылары «Кітап ескірмейді», «Кітап сөйлейді» атты көріністер көрсетті. Шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Ғазиза РҮСТЕМБЕК,

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<