Әділет Ораз: Өмірімді өзге салада елестете алмаймын

434

0

Фото: Автордан

Ораз Әділет- 4 жылдан бері Қызылорда облысы ТЖД «Жедел құтқару жасағы» РММ-де құтқарушысы болып еңбек етіп келеді.

Ол өзін басқа салада елестете алмайтынын айтады. Өйткені Әділет үшін оның жұмысы – өмірінің мәні. «Бала күнімнен қоғамға қажетті маман иесі болуды және адал қызмет етуді, армандадым. Осылайша арманым мені құтқарушы қызметіне әкелді», – дейді.

Әділет қазір 26 жаста. Қызметке алғаш келген уақытта көңілімде  үлкен қорқыныш болды. Сенімді ақтай аламын ба, нағыз құтқарушы болу үшін нені қаперге алу қажет сынды сан сауал санамда тұрды. Дегенмен бала арманным бүгінде менің өмірлік қызметіме айналғанын үлкен жетістік деп саңаған сәттен бастап аға буыннан мол тәжірибе жинақтап мен де мықты құтқарушы боламын деген мақсат болды.

«Құтқарушылық жұмысты бастаған алғашқы уақытта ата-анам алаңдап, жанын шүберекке түйіп отыратын. Бірақ біздің жұмысымызда күн сайын тәжірибе жинақтау өте маңызды. Кейде суға кеткен адамдарды тереңнен іздеп жатамыз. Мұндайда өзен-көлдің астына жиналған түрлі қалдық та кедергі болады. Оның барлығына ептілік керек. Күнделікті жұмыс оның бәріне үйретеді», – дейді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, құтқарушы болу үшін тез шешім қабылдап қана қоймай, өз ісіне жауап бере алатын адам болуыңыз маңызды. Себебі сүңгуір болу ептілікті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

«Сүңгуірдің жұмысы уақытты, мезгілді таңдамайды. Таңертең немесе кеш, қыс немесе жаз деген анықтамалар біз үшін жоқ. Қай уақытта суға түсу керек болса, сол уақытта суға түсеміз. Біздің жұмыс уақытымыз сағатпен өлшенбейді. Және су қателікті кешірмейді. Сондықтан сүңгуірге ең керегі – стратегия», – дейді Әділет.

4 жылдың ішінде түрлі іздестіру-құтқару жұмыстарына белсене қатыстым. Мен қазіргі өмірімді өзге салада мүлде елестете де алмаймын»-деп жымиды.  Көп сөзге жоқ болса да, биязы мінезімен баурап алатын кейіпкеріміз қызметтегі әр күні тосын оқиғаға толы екенін айтты. Қазірдің өзінде Әділет елімізге төтеннен төнген қауіпі сейілту мақсатында топан су басқан өңірлерде іс-сапарда жүр. Ұялы байланыс арқылы хабарластық.

«Төтеннен төнген қарғын су бірнеше жүз бас жылқы мен сиырды жаңқадай ағызып әкетіп барады. Екпіні тракторды дақалқытса, енді бірінің баспанасын бел ортасына дейін су басып, қара жолдан күдер үзіп, кеш батқанша шатыр төбесінде отырып жан баққан тұрғындар әуедегі тікұшаққа жанұшыра қол созады. Әрине барлығына бір мезетте көмек көрсету мүмкін емес. Кезең кезеңімен әр қайсысымызды әр тарапқа ауылға бөліп мүмкіндігінше жедел әрекет етіп ділгір жанға қол созуға асықтық. Алғашында 24 сағат үзіліссіз көмек көрсеттік.Бір үйді су алса да үлкен қайғы, ал қазір жарты миллион адамның өмірі қыл үстінде тұр. Әрине, мұндайда жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, қазір ахуал бұрынғыдан ретке келе жатыр. Дегенмен қауіп әлі сейілген жоқ. Осы уақытта барлығымыз Атырау өңіріне қайта аттандық. Апат айтып келмейді десе де, уақытпен санаспай ел қауіпсіздігі үшін өзіммен бірге аттанған әріптестеріме басымды идім. Бастысы еліміз аман болсын.»- деп өз сұхбатын аяқтады.

Әрине, халық амандығынан асқан бақыт жоқ. 1 айға жуық уақыт тасқын суды сейілтуге аттанған құтқарушылар қатарындағы Әділетті анасы, бауырлары, жан жары асыға күтуде.

Сұхбаттасқан:

Ә.Ережепова, журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<