Елге қызметтің ендігі міндеті

399

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIII сессиясы өтті. Сессияға облыс әкiмi Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, облыс әкiмiнiң орынбасарлары мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, облыстық басқармалар және аумақтық инспекциялардың басшылары қатысты. Аудан, қала әкімдері, мәслихат төрағалары және активі бейнебайланыс жүйесі арқылы қосылды.

Айта кетейік, 25 сәуір күні ҚР Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау өтіп, нәтижесінде 78,9% дауыспен Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы сайланды. Бүгінгі сессияда ҚР Парламенті Сенатына сайланған Наурызбай Байқадамовтың мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Облыс әкімі Сенат депутатын жаңа қызметімен құттықтап, сәттілік тіледі.

– Өңірде атқарылған ауқымды шаралардың әркез басынан табылып, облыстық мәслихаттың төрағасы ретінде халық қалаулыларын мақсатты жұмыстарға жұмылдыра білген Наурызбай Сейтқалиұлының еңбегін ерекше атап өту қажет. Наурызбай Сейтқалиұлы тарих ғылымдарының кандидаты ретінде ғылым саласында нәтижелі еңбек етіп, әр жылдары ауқымды, әрі күрделі сала облыстық білім басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихаттың хатшысы, төрағасы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы қызметінде нәтижелі жұмыстар жүргізді. Облыстық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы ретінде жұмыстарды жоғары деңгейде үйлестіріп, ел мүддесі жолында адал қызмет еткен Наурызбай Сейтқалиұлына Сыр өңірі халқының және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Наурызбай Сейтқалиұлына облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Наурызбай Байқадамов «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыс әкімінің орынбасары, облыстық мәслихаттың 6-шы, 7-ші, 8-ші шақырылымында мәслихат хатшысы және өзге де жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қызмет барысында өңірдің идеологиялық бағыттағы маңызды жұмыстарына атсалысып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты.

Сессияда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов қалыптасқан бос орынға 2023 жылдың 19 наурызынан бастап «AMANAT» партиясы облыстық филиалының партиялық тізіміне бірінші болып тіркелген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлының жаңа депутат ретінде тіркелгенін хабарлады.

Сонымен бірге, сессияда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес ашық дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк даусымен Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайланды.

– Осы кезге дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарып келген Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы өздеріңіздің қолдауларыңызбен қызметін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастыратын болады. Мұрат Жолкелдіұлы – 15 жылға жуық мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі басшы. Осы кезге дейін атқарған қызметіне алғыс білдіріп, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы болып сайлануымен құттықтаймын! Қазіргі әлемде болып жатқан дағдарыс пен елде қалыптасқан қиын кезеңде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды депутаттық корпуспен әрі қарай жандандырып, жүйелі түрде жүргізеді деп сенеміз. Алдағы уақытта бірлесіп атқарар жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мұрат Тілеуімбетов Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшысы және басқа да жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Жаңақорған ауданында 2 жылдан аса қызмет етіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлесін қосты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<