Кеше Астанада Қызылорда облысының елордаға тартуы – зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясының таныстырылымы өтті. Жаңа музейдің таныстырылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Қазақстан Президенті экспозиция аумағында Қызылорда облысының жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті. Елбасыға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Мемлекет басшысы ғылым мен жаңа технологияларды дамыту ісіндегі ғарыш өнеркәсібінің маңыздылығын атап өтті.
– Менің тапсырмам бойынша француз тарапымен бірлесіп жасанды жерсерігін құрастыратын зауытты іске қостық. Жуырда өзіміздің жерсеріктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар, 2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібіміз жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан музейге дәл өлшемде жасалған «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран-тасығыштары орнатылды, жақын арада «Боран» орбитааралық кемесінің макеті қойылады, экспозиция маңындағы аймақ абаттандырылды.
Сондай-ақ, кешен аумағында зымырандардың техникалық сипаттамасы, жасалуы және пайдалану тарихы туралы барлық мәліметтер көрсетілген арнайы ақпараттық стендтер қойылды.
Ашық аспан астындағы музейдегі танымал макеттер жөнінде айта кетсек, «Союз» – «Королевтің жетілігі» деп аталып кеткен Р-7 жинақтамасының ең танымал зымыраны.
Ал, «Протон» – автоматты ғарыш аппараттарын Жер шарының орбитасы мен әрі қарай ғарыш кеңістігіне шығаруға арналған ауыр санатты біржолғы зымыран-тасығыш. «Протон» зымыран тасығышы барлық кеңестік және ресейлік орбиталық станция мен «Мир» станциясының модульдері және халықаралық ғарыш станцияларын шығару құралы. Оның көмегімен «Глонасс» жерсеріктік жүйе кеңейтіліп, «Экспресс» сериялы жерсеріктер ұшырылады.
«Зенит» – негізгі орта санатты, екі сатылы зымыран тасығыш. Алғашқы ұшырылымы 1985 жылдың 13 сәуірінде жүзеге асырылды. «Зенит» – толығымен автоматтандырылған және ұшырылым құралында персоналдың болуын қажет етпейтін алғашқы әрі жалғыз әмбебап кешен. Бұл зымыранды тіпті 80-90 жылдары «21 ғасырдың ракетасы» деп атайтын.
«Зенит» ұшырылым кешенінің негізінде «Бәйтерек» ресей-қазақстандық бірлескен жоба жүзеге асырылатын болады деп жоспарлануда.
«Боран» – «Энергия-Боран» бағдарламасының аясында жасап шығарылған көпмәртелік орбитальді ғарыш кемесі. «Энергия-Боран» халықаралық ғарыш станциясын жасау кеңес дәуіріндегі ең ауқымды бағдарлама болатын. 18 жыл ішінде ғарыш станциясын 86 министрлік пен ведомство жанындағы 1286 кәсіпорынның миллионнан астам қызметкері әзірледі, мемлекеттің ең ірі ғылыми-өндірістік орталықтары осы жұмысқа тартылған. «Боран» космопланын қондыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағында күшейтілген ұшырылу-қону жолағы бар «Юбилейный» аэродромы арнайы салынды.
Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі музей мен планетарийдің құрылысын салуды жоспарлап отыр
***
Осы күні Мемлекет басшысы жаңадан ашылған «Almaty balabaqshasy» балабақшасына барды.
Қазақстан Президенті Астана қаласының сол жағалауында орналасқан 240 орындық жаңа балабақшаны аралап көрді. Бұл білім мекемесінде балалар шығармашылығын дамытып, олардың демалысын ұйымдастыру үшін музыка залы мен ойын алаңдары бар.
Мемлекет басшысы елорданың жаңа нысандарымен танысу барысында Астана қаласының сол жағалауында орналасқан ботаникалық баққа барды.
Қазақстан Президенті «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының өкілдерімен әңгімелесіп, бас қаланы және бүкіл Қазақстанды көгалдандыру үшін жүргізілген жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев ботаникалық бақтың ортасында орналасқан оранжереяны аралап көріп, оны отандық және халықаралық мамандандырылған институттардың ғылыми әлеуетін пайдалана отырып әрі қарай дамыту қажеттігін айтты.
Таныстырылым рәсімі кезінде Мемлекет басшысы елорданың көшірілу тарихы мен жаңа астананы салудың негізгі кезеңдері жөнінде айтты.
– Астана төңірегінде орман өспейді деп үнемі айтылатын. Бірақ, бүгінде мұндағы 83 мың гектар жерге отырғызылған ағаштардың биіктігі 20-25 метрге дейін жетті. Жыл сайын орман алқабының аумағы 5 мың гектарға ұлғайып келеді. Осы орманды «Шортанды-Бурабай саяжай аймағымен» қосқымыз келеді, – деді Президент.
Бақ аумағында велосипед жолы, жүгіруге арналған жолақ, спорттық жабынды, жаяу жүргіншілерге арналған көпір және жасанды су қоймасы бар. Көгалдандыру аумағының жалпы көлемі 613 мың шаршы метрден асады. Мұнда Еуропа, Азия және Солтүстік Америка елдерінен әкелінген алуан түрлі бұталы өсімдіктер мен ағаштар бар.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<