Қаратереңде кәсіпкерлік қанат жайды

382

0

Бойындағы қабілетін, потенциалын пайдаланбайтын адамдар өте көп. Өзінің қай шаруаға икемі барын дәлелдей алмай, тіпті өзін-өзі жете танымай ғұмыр кешетіндер бар. Белгілісі, олардың көңілі пәс, өзіне де, өзгеге де сенімсіз көзқараспен өмір сүреді.

Мемлекет ұстанған бағыт соңғы уақытта мұндай адамдардың санын біршама азайтты. Өзін, өзінің еңбегін бағалайтын, тәуекел етіп, ертеңге сеніп іс бас­тайтын жастар көбейді. Қалай дейсіз ғой? Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы іргелі бастамалар, аз пайызды несие халыққа үлкен қолдау болды.

Жуырда Арал ауданындағы Қаратерең ауылына бардық. Байқасақ, екі мыңға тарта халқы бар ауылда бұрын болмаған қызмет көрсету нысандары ашылып, «кәсіп бастасақ, сол мақсатта білім алсақ» дейтін жастардың саны артыпты. Бұл, әрине, олардың қабілет-қарымын пайдаланып, елге пайда келтіру жолындағы алғашқы қадамы. Қаратереңнің аты қаламгер Бауыржан Омаровтың «Қаратерең вальсі» туындысы арқылы елге етене таныс. Сонда ол: «Қаратерең көп теңіздің ортасында тербелген бүгінгі түрік жұртындай түрленіп тұрар еді. Кез келген үйдің маңында теңкиген қайық, алты құлаш ау, төрт құлаш таяу… Дөңгеленіп, дестеленген қабадан… Таң саз бере балықшы ауыл тіршілігіне кірісетін. Күллі Қаратерең көк теңізден несібе теруге аттанатын», – деп жазады. Түрік еліндей Қаратерең көп теңіздің ортасында емес, десе де, қазір жағалай жатқан көлдерге қайтадан су толып, ауылдың әрі кіріп қалды. Бірақ атағы Алматының апортынан бір мысқал да кем емес Аралдың қаязы сол күйі теңізге оралмады. Алайда, сары сазан мен ақбалық теңіз жағалаған жұрттың қазанын майлы, тұрмысын жайлы етуде. Ел тұрмақ, Ресей, Польша, Грузия, Дания, Әзербайжан, Германия, Өзбекстан нарығына жол тартты. Қаратереңде республикаға, шетелге Аралдың ақмаржанын аттандыратын «Қуаныш» балық зауыты бұрыннан бар. Жылдың басында журналистермен жүздесуде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев «2017 жылы «АР-М-КОН» ЖШС-ның «Балық түрлерін сақтау және қатыру жобасы іске қосылды. Ә.Жаңайбековтың «Қуатбай» балық өңдеу цехы ашылды» деп ауыл азаматын атағанда елең ете қалғанбыз. Қаратереңге барғанда ауыл әкімі Құдабай Жиенбаевқа «мұндағы кәсіпкерліктің жай-күйі қалай» деп арнайы сауал қойдық.

– Өткен жылы ауылда «АР-М-КОН» ЖШС директоры К.Шәудірбаева өз қаражаты есебінен 60 млн теңге жұмсап «Балық қабылдау» цехын ашса, жеке кәсіпкер Ә.Жаңайбеков 10 млн теңгеге «Балық қабылдау, қатыру» цехын ашып, балық шаруашылығын дамыту ба­ғы­­тында жұмыс істеуде. Бұ­рын­ғыдай емес, қазір балық шаруа­шылығы аяғына тұрды. Балық байлық болу үшін, оны қатырып, сұрыптап, өңдеуде жаңа технологияны қолдану керек. Кәсіпкерлер осы мақсатта еңбек етуде. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер И.Айнабаев «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша ұсақ мал алып, мал шаруашылығын дамытса, Г.Шалтаева наубайхана ашты. Бұл өткен жылғы кә­сіпкерлік бағытындағы жұ­мыстар, − дейді ол. Балық өңдеу цехының бір емес екеуінің ашылуы, әрине, сұраныстың арқасында ұсыныстың артқанын көрсетеді.

– Биыл балық шаруашы­лығын дамыту мақсатында «Қы­зылорда» өңірлік инвес­тиция­лық орталығы» микро­қаржылық ұйымы ЖШС арқылы несие алдым. Бүгінде теңіз бойындағы ауылдардан бөлек, басқа облыстардан келетін балықшылар көбейді. Облыс  аумағын балықпен қамтамасыз етудеміз. Өзім ғана емес ұлым Данияр да бұл салаға бейім. Осы жылы «Бастау-Бизнес жобасы» аясында білім алуға талпынып жүр, − дейді Әшім Жаңайбеков.

«Бәрекелді» дейтін бастамалар бұл ғана емес. Қаратереңде тәуекел етіп, бизнес ортада бақ сынағандар, әсіресе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту» мем­ле­кет­­тік бағдарламасы аясында іс бастаған. Биыл несие алуға 14 жоба дайындалса, қайтарымсыз не­сиеге 4 жоба ұсынылып, оның 3-і қолдау тапқан. «Бизнес-кең­ес­ші» жобасы аясында мал бор­­дақылау алаңын салу, ұсақ мал өсіру, монша салу, жал­да­­малы киіз үй, аспаздық, дәне­керлеу цехын ашу үшін құжат­тар дайындалса, жоғарыда атап өткен Ә.Жаңайбеков ба­лық шаруашылығын, жеке кәсіп­­­кер З.Қуанышбаева мал шаруа­­­­шылығын дамыту мақ­сатында «Қызылорда» өңірлік ин­вес­тициялық орталығы» микро­­­­қар­жылық ұйымы» ЖШС арқылы қаржы алған. А.Де­месінова азық-түлікпен ай­на­­лысу мақсатында бизнес бас­таған. «Бастау-Бизнес» жо­басы бойынша 14 адам оқуға ниет білдірген. Тізімге қарасақ, бір­қатары жастар. Әлгінде ай­тып өткеніміздей, шағын жә­­не орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттің басты эконо­микалық саясаты ғана емес, халықты, жастарды қолдаудың тиімді әдісіне айналған. Ауыл әкімімен әңгімелесу барысынан мына бір ұсынысты да айта кетті. 

– Бұл ауылдың адамдары теңіздің таудай толқынымен арпалысып еңбек етуге, өмір сүруге үйренген. Басқа жақтан, сырттан келген бірде-бір адам бұл жанкешті еңбекке үйреніп, бала-шағасын асырап, әрі содан жаны рахат таппас еді. Ауыл маңы мал жайылымына қолайсыз, жер сортаң. Сондықтан, әсіресе, балық шаруашылығын дамытуға, балық аулау құралдарын алуға қайтарымсыз несие берілсе, ауыл тұрғындары үшін  тиімді болар еді, − дейді ол.

Ауылда асау теңіздің тол­қынынан тайсалмайтын, тәуекел деп бизнес бастайтын жастардың көп екеніне көзіміз жетті. Бұрын Қаратерең ұшқыштарының көп­тігімен, қарымды қаламгер, балықшыларымен, тіпті «Қара­терең вальсімен» танымал еді, енді кәсіпкерлерімен де атағы алысқа кететініне сенімдіміз.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<