Қауіпсіздік қатаң қадағалануы тиіс

470

0

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.  Онда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал ұрлығының алдын алу және онымен күресу мәселелері қарастырылды.
Жыл басынан бері жол-көлік оқиға­ларының саны 7%-ке, жол-көлік апатынан зардап шеккендердің саны 9%-ке азайған. Бұл мәселе үнемі ведомствоаралық комиссияның бақылауында. Ресми мәлімет­терге қарағанда, Қазақстанда соңғы 10 жыл ішінде 162 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 27 мыңнан астам адам қаза болып, 211 мыңнан астам адам жарақат алған.    
– Ағымдағы жылдың 7 айында аймақта жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендердің саны 9%-ке, жазатайым оқи­ғалардың саны 25%-ке азайған. Дегенмен, оң динамикаға қарамастан, кей елді мекендерде жазатайым оқиғалар саны артып отыр, – деді аймақ басшысы.      
Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жағдайы туралы баяндаған облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы  Б.Ибраев жол апатының алдын алуға бағытталған шаралар туралы да айтты. Қазір көпқабатты үй аулаларын бақылайтын 30 қызметкерден тұратын 15 жаяу бағыт бар. Жаяу бағыт есірткі сақтау, зорлау, ұрлық, бұзақылық деректерін анықтаған.
Жыл басынан облыс көлемінде 74 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталса, олардың 84,2 процентін жол апаттарына тікелей әсер ететін көлікті мас күйінде айдау, жылдамдықты арттыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу, қарсы бағытқа шығу сияқты өрескел құқық бұзушылықтар құрады.
Жыл басынан облыс көлемінде орын алған жол-көлік оқиғалардың саны – 14, жарақат алғандар – 13, жол апатынан қаза болғандар 20 процентке азайды. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің салғырттығы, соның ішінде жолға жүгіріп шығу, мас күйінде көлік басқару, жолаушыларды тасымалдау кезінде, әсіресе балаларды тасымалдағанда жол-қауіпсіздік ережелерін сақтамау, көлікті техникалық тексеруден уақытылы және сапалы өткізбеу, мотоцикл айдағанда қауіпсіздік шлемін кимеу, елді мекендер мен үлкен трассаларда жылдамдық ережесін сақтамау болып отыр. Тағы бір айтарлық мәселе – республикалық маңызы бар тас жолдарда қараусыз малдардың жүруінен 24 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл жолға жақын орналасқан елді мекендердегі жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан орын алуда.
Осыған байланысты облыс әкімі жергілікті полиция қызметіне облыстың елді мекендеріндегі жазатайым оқиғалардың себептерін анықтап талдауды, жолды кесіп өту кезінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Мал ұрлығының алдын алу туралы хабарлама жасаған облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Ғ.Төлебаев биылғы жылдың 7 айында мал ұрлығы көрсеткішінің төмендегенін айтты. Соңғы кезде малдың өрістен ұрланып кету деректері жиі орын алуда. Жайылымда жүрген мал қылмыскерлерге оңай олжа болып отыр. Ауылдар мен Қызылорда қаласының шет аймақтарында пада, бақташы ұйымдастыру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмей келеді.
Жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 103 қылмыскер ұсталып, 139 қылмыс дәлелденіп, тиісті шешім қабылданған. Сонымен қатар, 20 қылмыстық топ ұсталып, 82 мал ұрлығын жасағандары дәлелденген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылатындардың көпшілігі мал иелерімен татуласып, яғни шығынды өтеп, кешірім алып, жауапкершіліктен босатылады. Осылайша барымташылар оңай құтылып, баяғы кәсібіне қайтып кіріседі.
Хабарламашының айтуынша, мал ұрлығы тоқтамауының бірнеше себептері бар. Біріншіден, малдың қараусыз жүруі, екіншіден, арзан әрі құжаты жоқ етті қабылдайтын орындардың болуы, үшіншіден, ет сататын орындардың бақылаусыздығы. Мал ұрлығының алдын алу үшін әр ауылдық округ әкімдігінің бір қызметкеріне бақташылардың жұмысын бақылап отыруды жүктеп, бұған жұмыспен қамтылмаған адамдарды тарту керек. Осы ретте соңғы 3-4 жылда мал ұрлығы орын алмаған Шиелі ауданының Н.Бекежанов ауылдық округінде ұйымдастырылған оң тәжірибе көпке үлгі боларлық.
Мал ұрлаушылардың аяғын тартуы, орын алған деректерді әшкерелеу үшін малдың нақты есебін жүргізу, таңба басу, чип енгізу, ветеринарлық паспорт беру жұмыстарын, мал базарларын, ет сататын және өңдейтін орындарды бақылауға алу қажет. Облыс орталығында орналасқан мал базарын қаланың шет аймағына көшіру, сауда уақытын күндізге ауыстыру әлі күнге дейін шешілмей отыр.
Облыс әкімі атап өткендей, бұл мәселе алғаш рет 2015 жылдың басында комиссия отырысында қаралып, сол кезден бастап ұрлық саны жыл сайын төмендеуде. Дегенмен, қылмысқа қарсы күрес қарқынын бәсеңдетуге болмайды.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Әпетовтің айтуынша, малды уақытылы бірдейлендіруді, оларды дерекқор базасына енгізу және шығаруды, ілеспе құжаттарымен тасымалдауды, бақташылықты ауылдық округ әкімдері ұйымдастыруы керек. Сойылатын мал арнайы алаңдар мен пункттерге ветеринариялық анықтамамен тасымалданады. Ет, сүт өнімдерін сатумен айналысатын 16 ішкі сауда нысандарында сараптамадан өтіп, тұтынушыларға сатуға рұқсат етіледі.
Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, құқық қорғау органдарының өкілдері қойылған сауалдарға жауап берді. Н.Бекежанов ауылдық округінің әкімі Ф.Ержановқа мал жайылымын тиімді ұйымдастыра білгені үшін облыс әкімінің алғыс хаты тапсырылып, оның мал ұрлығына қарсы күрестегі тәжірибесін басқа елді мекендерде қолдану ұсынылды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<