Қазалыда қарқынды даму бар

500

0

Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қалыптасқан дәстүр бойынша халық алдындағы есепті кездесуін өткізді. Оған облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен облыстағы салалық департамент басшылары, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым төрағалары, ардагерлер, аудан активі мен тұрғындар қатысты.
Мұрат Нәлқожаұлы ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамуы мен алдағы міндеттері туралы баяндамасын бюджеттің орындалуынан бастап жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесі жайлы да кеңінен айтты. Жыл ішінде кәсіпорындарда 12,7 млрд тең­генің өнімі өндіріліп, өнеркәсіптік бағытқа 2,9 млрд теңгенің инвестициясы тартылған.
Бүгінде ауданда 4325 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Оларда 8958 адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы жаңадан 820 кәсіпкер тіркелді, нәтижесінде 847 адам жаңа жұмыс орнын тапты.
Кәсіпкерлікті қолдау шаралары бойынша жыл ішінде «Бастау-бизнес» жобасы аясында жоспарланған 220 адам оқу курстарын сәтті аяқтады. Ал, «Бизнес – кеңесші» жобасымен 274 талапкер оқу курсынан өткен.
Мемлекет тарапынан аудан кәсіп­керлеріне 1 млрд 664 млн теңгенің қолдауы көрсетіліп отыр.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­аралық автокөлік жолы бойынан аудан кәсіпкерлерінің 3 сервистік қызмет көрсету нысандары пайдалануға берілді. Қазіргі таңда 2 жобаның құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Ауданда сауда қызметі де дамып келеді. Тұрғындарға 6 сауда базары, 2 мал базары, 9 ірі сауда орталығы, 17 сауда үйі мен 800-ден астам шағын сау­да дүкені қызмет көрсетуде. Оның ішінде 16 кәсіпкерлік нысаны өткен жылы пайдалануға берілген. Биыл жаңадан 28 кәсіпкерлік нысаны ашылады деген меже бар. «Осы жобалардың нәтижесінде 2018 жылы сауда нүктелеріндегі бөлшек сауда айналымы 7 млрд теңгені құрады» деген аудан әкімі аймақ басшысы алдағы үш жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп белгілегенін еске салды.
Қазалы халқының негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығы екені белгілі. Сон­дықтан да аудан әкімінің баяндамасынан осы саланың тыныс-тіршілігі қалыс қалмады. Бұл салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 543 млн теңгені құраған. 11 млрд 498 млн теңге көлемінде өнім өндіріліп, 1 млрд теңгеден астам субсидия төленді.
Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сырдария өзеніндегі су тапшылығы жағдайына қарамастан, аудан диқандары егілген 6480 гектар күріштің әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жинады. Ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйылды.
Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылы егіліп, 14428 тонна өнім алынды. Жиналған өнім көршілес Арал, Қармақшы аудандары мен Ақтөбе, Астана, Байқоңыр қалаларына сатылып, Ресей еліне 500  тонна қауын-қарбыз экспортқа шығарылды.
2018 жылы 4720 гектар суармалы жер бойындағы су шаруашылығы нысандарына 119 дана құжат әзірленіп, барлығы респуб­ликалық меншікке тапсырылды. Енді 15821 гектар суармалы жерді қайта жаңғырту үшін оның бойындағы канал құжаты әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жасалып, жер учаскесін пайдаланбаған 18 жеке және заңды тұлғадан 4364 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Аудан көлемінде төрт түліктің барлық түрінде өсім бары байқалады. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 67 пайызы жеке тұлғаларда, 4 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 29 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Соның мүйізді ірі қарасы – 36666, қой – 47139, ешкі – 37183, жылқы – 26613, түйе 9322 басқа жеткізілген.
Айрықша айта кететін жаңалық, ауданнан тұңғыш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне 29 бас түйе, Өзбекстан Республикасына 100 бас мүйізді ірі қара экспортталды. Өткен жылы «Бақыт» шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан 29 бас мүйізді ірі қара әкелді. Биыл шаруашылықтар тарапынан шет мемлекеттен асыл тұқымды 400 бас сиыр алынады деп межеленуде.
Кездесу жиынында аудан басшысы ау­дан­­ның инженерлік-инфрақұрылымын да­мы­­ту мәселесі де басты назарда тұрған­дығын атап өтті. Себебі, жер кезегінде тұр­ған тұр­­ғындар саны жыл өткен сайын көбейіп ке­леді.
Өткен жылы инфрақұрылыммен қам­та­масыз етілген Әйтеке би кенті мен Басы­қа­ра автожолы бағытындағы 56 гектар жер учаскесінен 180 адамға, 5 квартал айма­­ғындағы 210 гектар жер учаскесінен 622 тұрғынға кезегімен жер учаскесі табыс­талған. Сөйтіп кезекте тұрған 800 адамның жер алуға берген өтініші қана­ғаттандырылған.
Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша бюджеттен 451 млн теңге бөлініп, Әйтеке би кентінің 5 квартал аумағында 18 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңге тұрады.
Бұл тұста аудан әкімі: «2019 жылға осы тұрғын үйлердің құрылысын жалғастыруға республикалық бюджеттен 457 млн теңге берілді. Сонымен қатар, кент пен қала аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын салу үшін құжаттарын әзірлеп, қаржыландыруға республикалық бюджетке ұсындық. Осы жұмыстар толық аяқталғанда кезекте тұрған 252 адамды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар», – деген жағымды жаңалықты жеткізді.
– Бүгіндері Қазалы қаласына газ апаруға тиісті қаржы бөлініп, /«ЮгГазПроект» ЖШС/ жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Сонымен қатар, демеушілік есебінен Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отын жеткізу жұмысының жоба-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Бұны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде іске асыру үшін келісім жүргізіліп жатыр, – деген аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі қалып қойған тұрғын үйлерді толықтай газ желісімен қамту үшін аудандық бюджеттен 12,0 млн теңге бөлініп, жоба әзірленіп жатқанын айтты.
Аудан әкімінің есебінен кейін облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов, еңбек ардагерлері Ботабай Рыстығұл, Мақсұт Айгелдиев, қала тұрғыны Самат Мұсаев, Бірлік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шынтас Қани, тағы басқалары атқарылған жұмысқа ризашылықтарын білдіре келе, «Солжаға» алқабындағы инженерлік жүйеге келтірілген егістіктің су қашыртқырларын ретке келтіру, кенттің 5-ші квартал аймағына баратын жолға аспалы көпір салу, «Хантамы» қорымының тазалығына көңіл бөлу, қалаға газ жеткізу, «Қарлан» көпірі құрылысын бастауға ықпал ету сияқты өтініш-тілектерін ортаға салды.
Жиында облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов сөз сөйлеп, аймақ көлеміндегі бірқатар оң өзгерістерге тоқталды, жарқын істердің алдағы кезде де жалғасын таба беруіне тілектестігін білдірді.

Сахи ҚАПАР,
журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<