Береке бастауы – бірлескен іс

339

0

 Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Ашық азаматтық қоғам – белсенді даму» тақырыбындағы үкі­меттік емес ұйым өкілдерімен өткен кездесуге қатысты. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Өркениет Қызылорда» қоғамдық қоры ұйымдастырған шараға өңірде белсенді жұмыс істеп жүрген қоғамдық ұйымдар өкілдері жиналды.

Кездесуді  облыстық Азамат­тық Альянс қауымдастығының төрайымы Ақтолқын Сунгур жүргізді. Жиында сөз сөйлеген ай­­­мақ басшысы өңірдің әлеу­­меттік-экономикалық да­­му қарқыны туралы қыс­­­­­қаша баяндады. Ұлт Көш­бас­­­­шысының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы мен «Прези­денттің бес әлеуметтік баста­масы» үндеуіне қатысты қолға алынған жұмыстарға тоқ­талды.

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясындағы бірнеше мә­дени-әлеуметтік және ғы­лыми-танымдық маңызды жобаларды атап өткен Қырымбек Елеуұлы әлемдік кеңістікте ұлты­мыз­дың табысты болуы оның та­биғи байлығынан бұрын азаматтардың бәсекеге қабілет­тілігімен өлшенетінін айтты.

– Сондықтан әрбір қазақс­тандық, яғни, біз, тұтас ұлт ретінде              ХХІ  ғасырға лайықты қасиет­терге ие болуымыз керек. Ол – ұлттық намыс, мәдени ашықтық, компьютерлік сауат­тылық, шет тілдерін білу, – деді облыс басшысы.

Ата-баба дәстүріне сай дау­лы мәселелерді сотсыз шешу институттарын дамыту үшін құрылған Сотсыз татуласу орта­лығының бірінші бо­лып біздің өңірде жұмыс іс­тей бастауы кездейсоқтық емес. Ұлттық құндылықтар ұлықталған, салт-дәстүрі сақтал­ған аймақ ретінде бізде зор әлеуеттік негіз бар.

 Аймақ басшысы Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы шең­берінде жүзеге асырылып жат­қан шараларды да атап өтті. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 667,4 мың шаршы метр тұрғын үй салу және жаңа тұрғын үй аумақтарына 495 шақырым инженерлік желілер жүргізу жоспарлануда. Қазір  3 жылға арналған «Орда» тұрғын үй құрылысының Жол картасы әзірленді. Бұл көпбалалы отба­сылар, мүгедектер мен тұр­ғындардың аз қамтылған топ­тарына арналған. Әдетте осы топтағылардың алдын ала төлемді салуға қаражаты бол­майды. Осыны ескеріп «Нұр­лы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұр­ғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюд­жеттен 2 млрд теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Олар тұрғындарға кейін өтеу құқығымен алғашқы төлемсіз ай сайынғы жалға алу құны шартымен беріледі. «Орда» тұрғын үй бағдарламасы Прези­дент бастамасының қисынды жалғасы және Сыр өңірі – бұл бағдарламаны жүзеге асырып отырған  бірден-бір аймақ. Қазір басқа өңірлер «Орда» бағдарламасын зерттеуге қызы­ғушылық танытуда. Сондай-ақ, Қызылорда – талабы таудай жастарға өмірлік азық боларлық білім беруді ұйымдастырған жалғыз облыс. Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында, облыс әкімінің грантымен еліміздегі университеттерде, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан жастардың болашақтарынан ата-аналары да, өңір басшылығы да үлкен үміт күтіп отыр. 

Биыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы». Бюджеті 32 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлікті дамытудың «Жол картасы» бекітілді.  Ендігі кезекте 90 мыңнан астам өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды жұмысқа орналастыру, ол үшін биылғы атаулы жылда ауқымды шараларды жүзеге асыру міндеті тұр. Кәсіпкерлікті дамытуға байланысты облыс әкімі әрбір елді мекендегі жұмыс сарапқа салынатынын, ол үшін әрбір әкім, сала жетекшілері жауапты екенін, оған үкіметтік емес ұйымдар да ерекше атсалысу қажеттігін айтты. Өйткені барлық мәселенің шешімі осы кәсіпкерлікті дамытуға байланысты. 

Азаматтық сектордың қызметіне қолдау көрсету үшін былтыр жергілікті бюджеттен 181 әлеуметтік жобаны іске асыруға 1,2 млрд теңге қарастырылса, биыл 954,8 млн теңге қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін тағы қосымша ақша бөлінетін болады. Жалпы облыс республикада үкіметтік емес ұйым қызметін қаржыландыру жағынан көш басында. Қоғамдық ұйымдарға әдістемелік-құқықтық көмек көрсетететін ақпараттық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастыруға 4,3 млн теңге бөлініп, оның жұмыстары жүргізілуде. 

Әлеуметтік жобалардың негізгі бағыттары – қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті нығайту, жастар саясатын іске асыру мен балалар бастамаларын қолдау, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына қолдау көрсету.

Кездесуде облыстық Азаматтық Альянс қауымдастығының төрайымы  А.Сунгур қоғамдық ұйымдардың тұрақты дамуына жағдай туғызу, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, олардың қоғамдағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудегі рөлін арттыру туралы хабарлама жасады.

«Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының директоры Нұрлыбек Мыңжас «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдардың 30 проценті ғана қатысатынын айтты. Бұл бағытта «Сыр елі және ХХІ ғасыр», «Ашық азаматтық», «Руханиятты қолдау», «Өркениет Қызылорда», «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы», «Туған жер», «Темірқазық», «Ізет» қоғамдық бірлестіктері мен қорлары  жұмыс жүргізуде. Орталық басшысы жергілікті бюджеттен әлеуметтік жобалар алған үкіметтік емес ұйымдарды ғана емес, барлық азаматтық қоғам институттарын қоғамдық сананы жаңғыртуға бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Өйткені қоғамдық сананы өзгерту, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда, ұлттың бәсекелік қабілетін арттыруда үкіметтік емес ұйым мүшелерінің белсенді араласуы қажет.

«Ізет» қоғамдық қорының төрағасы Шыңғыс Үмбетаев кәсіпкерлікке оқыту, біліктілікті арттыру тұрғысындағы ой-пікірлерін ортаға салды.

– Кәсіпкерлер палатасына өз жобамды ұсынуға барғанда кәсіпкерлікке қызығушылық танытушылардың көбейгенін байқадым. ҮЕҰ-лар да жаппай кәсіпкерлікті дамыту шараларына үлес қосып келеді. Кәсіпке баулу, іс жүргізудің әліппесін үйрету мақсатында курстар, бизнес-тренингтер, семинарлар жиі ұйымдастырылады, – деді ол.

Қазір «Ізет» қоғамдық қоры «ZhasProject» бағыты бойынша оқуы, жұмысы жоқ жастарға жоба жазуды, оларды гранттық конкурстарға ұсынуды үйретететін  тренингтер өткізуде. «Қолжетімді орта» жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандардың мекемелерге еркін кіріп-шығуын қамтамасыз ету, яғни пандустардың стандартқа сәйкес орнатылуына үлес қосты. Жылыжайлар орнату жобасы мүлде тың бастамаға негіз болды. Алғашында Ресейден алдырылған жылыжайларды кейіннен өздері де жасай алатындықтарын байқады. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының гранттық конкурсына жоба ұсынды. Ш.Үмбетаевтың айтуынша, өз ісін ашып, оны дөңгелетуге жастардың жалын-жігері жетеді. Ол алдағы уақытта кәсіпкерлер палатасы немесе жастар басқармасы  жанынан жас кәсіпкерлер кеңесін құру туралы ұсынысын жеткізді.   

Сырдария ауданы Айдарлы ауылындағы түкті кілем тоқуды үйрету шеберханасының ұйымдастырушысы Роза Әлбатырова қазақтың түкті кілеміне сұраныстың көбейіп отырғанын айтты. Әлеуметтік жобалар конкурсына қатысу арқылы кілем станоктарын, тігін машиналарын, басқа да құрал-жабдықтар, шикізаттар алды. Қазір қоғамдық бірлестік түкті кілемді жаңғыртуды жолға қойды. Тапсырыс шетелдерден де түсіп жатады. Бүгінде Р.Әлбатырованың 100-ден аса шәкірті бар.

– Кілеммен қатар тігін де тігеміз. Жан-жақтан тапсырыс түсіп жатыр. Мен көптен бері келіншектер мен әжелер киімі туралы жобаны ойымда пісіріп келемін. Келіншек – жұрттың бәрінің назарында болатын әулетінің айнасы. Оның киімі сәнді де салтанатты, ыңғайлы болуы керек. Ал әжелердің киімі балаларының әлеуетіне, дәрежесіне сай, салиқалы, әулетінің анасы екенін айқындап тұруы тиіс, – деді шебер.

Шебердің айтуынша, нарықты жаулап алған сапасыз маталардан тігілген, бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ бадырайған оюлар, жапсырма тастар, сапасыз кестелер салынған киімдер жас келіншектерге де, қадірлі әжелерге де лайықты емес. Оның ендігі мақсаты – әйелдер киімін тігетін шеберхана ашу. Тігіншілер, дизайнерлер, шеберлер мен тоқымашылар дайын. Қаражат мәселесі шешілсе, 2 айда сән көрсетілімін өткізуді жоспарлап отыр. Қазір ауыл әкімдігі шеберханаға ғимарат берді. Тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдауға болады.

Аймақ басшысы өңірлік инвестициялық орталыққа қаржы бөлу мәселесін тез арада шешіп беруді тапсырды.  

Жалағаш ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы Садық Әлиев ардагерлер мен зейнеткерлердің басын қосқан ұйымның жұмысымен таныстырды. Қоғамдық бірлестік әлеуметтік тапсырыстармен қатар халықаралық қорлармен де тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Қоғамдық келісімді нығайту, ардагерлердің салауатты өмір салтын қалыптастыру, оларға әртүрлі әлеуметтік және медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру, жастар тәрбиесіне қатысты жобаларды жүзеге асыруда. БҰҰ Даму бағдарламасының, Ұлыбритания елшілігінің, ЮСАИД қорының жобаларын жүзеге асыру арқылы бірлестік көптеген бастамаларға ұйтқы болды. Нәтижесінде аға буын өкілдері елдің ынтымағы мен тыныштығын, ұрпақтар сабақтастығының сақталуына өз үлестерін қосып отыр.      

Жиында «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Жандос Тұсмағамбетов «Әлеуметтік балабақша» жобасының қажеттілігі туралы айта келіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қолдау шараларымен таныстырды. Дағдарыс орталығын паналаушылардың басым бөлігі аналар мен балалар болғандықтан, әйелдер балаларын балабақшаға орналастыра алмайды. Сондықтан ондай балаларға әлеуметтік, психологиялық, медициналық көмек көрсететін орталық керек. Балалары балабақшаға барса, аналары мелекеттік бағдарламалар бойынша арнайы курстардан өтіп, мамандық алар еді.  Облыс әкімі облыстық білім басқармасының басшылығына осы мәселені жіті зерттеп, ұсыныс беруді тапсырды. 

Кездесу барысында билік пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым-қатынасын орнықтыратын кеңестер, еліміздің әлеуметтік модернизациясында үкіметтік емес ұйымдардың алатын орны, билікпен бірлескен іс-қимылдың маңызы жайлы айтылды.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<