БІР ҰЖЫМДА – ҮШ МИЛЛИОНЕР

881

0

БІР ҰЖЫМДА – ҮШ МИЛЛИОНЕРБілімнің дамуы адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші саналады. Елбасы өзінің «Қазақстан-2050» Жолдауында білім саласын жан-жақты дамытуды негізгі тірек ете отырып, болашақ ұрпақты мектеп қабырғасынан белгілі бір кәсіпке бейімдеу қажеттігіне көңіл бөлді. Соған орай бүгінгі ұстазға жүктелетін міндет пен артылатын сенім деңгейі өсті. Бұдан он жыл бұрынғы ұстаз бен бүгінгі мұғалімді салыстыруға болмайды. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел байлығын еселеп тасытатын, заманауи технологияны жан-жақты меңгерген озық ойлы маман, білікті ғалым, біртуар өнертапқыш. Өркениетке ұмтылған елдің ертеңін осы тұрғыда тәрбиелеу бүгінгі ұстаздан терең білім мен жоғары біліктілікті талап етеді. Сонымен қатар, аймақ басшысы облыс мұғалімдерінің тамыз мәслихатында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің әрбір ұстазы алты Алашқа үлгі болуы қажеттігін баса айтқан-ды. Мұғалімнің мәртебесін көтеруді бағамдаған әкім өз қатарынан ілгері озып, білімді шәкірттерімен мақтана білген бір топ озат ұстазға қомақты қаржыны да қоса ұсынды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандардың арасында №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының үш бірдей мұғалімі бар. Біздің бүгінгі әңгімеміз солар жайлы болмақ. 

ТОЛҚЫН

Қызылорда педагогикалық институтының жалпы білім беретін пәндер бөлімінің 1995 жылғы түлегі Толқын Жұмағұлованың ұстаздық жолы сәтті басталып, жарасымды жалғасуда. Өзі алғашқы ұстаздық жолын бастаған №26-шы мамандандырылған темір жол мектеп-интернаты негізінде ашылған облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат ұжымымен біте қайнасып, қиыншылық пен қуанышты бірге бөлісіп келеді. Өзі оқытатын жалпы білім беретін пәндер бойынша талай шәкірттері аймақтық, облыстық, республикалық олимпиадалар мен сайыстарда, халықаралық «Сәтбаев оқулары», «Золотое руно» ғылыми конференцияларында жүлдегер танылып, арнайы дипломдармен марапатталды. Шәкірттерінің арасында үздік нәтиже көрсетіп, Қазақ Ұлттық университеті мен ҚМУ-дың оқу грантын жеңіп алғандары да бар. Түрлі тақырыптарды қамтитын халықаралық, республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияларда Толқын Жұмағұлованың әр тақырыптағы баяндамалары ұсынылды. Сонымен қатар оның жоғары сыныптарға арналған оқу-әдістемелік құралдары облыс мектептеріне таратылып, қосымша әдебиет ретінде пайдаланылып келеді.

– Кешегі мұғалім мен бүгінгі ұстаз арасындағы айырмашылықты айтып жеткізу мүмкін емес, – дейді Толқын әңгіме арасында. – Заманына қарай адамы дегендейін, өмірге тез бейімделетін бүгінгі баланы оқыту ұстаздан білім мен сабырлылықты қажет етеді. Сондықтан да біліктілікті арттыру курстарында оқуды қалыпты дәстүрге айналдырдық. Қазір де үш айлық курста дәріс алып жүрміз. 

2009-2010 жылғы республикалық «Алтын глобус» номинациясының жеңімпазы, жоғары санатты ұстаз Толқын Жұмағұлова әр жылдары облыс әкімінің, облыстық білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының, жергілікті білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, ұстаздық еңбегі лайықты бағаланып келеді. Ізденімпаз ұстаздың ел тарихына, оқытудың үздік әдістерін талдаған тұшымды ой-пікірлері жергілікті басылымдарда жарияланып тұрады.

ГҮЛЗАДА

Өзі туралы емес, шәкірті жайында көбірек әңгімелеу Гүлзаданың қанына сіңген қасиет пе деп қаласың. Оқушысының жеткен жетістіктерін, олардың қозғаған тақырыптарын айта келіп, әрқайсысының алған мадақтауларын жатқа айтады. Мәселен, өткен жылы облыстық олимпиададан бірінші орын алған шәкірті Шолпан Көрғұлова биылғы жылы республикалық пәндік олимпиададан екінші орынға көтеріліп, күміс медальді иеленді. Республикалық шығармалар байқауында шәкірті Дина Сәбит бірінші орынды иеленсе, 3 оқушысы «Дарын» сырттай оқу мектебінің грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ бұдан екі жыл бұрын халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциялардан бес оқушысы бірдей жүлдемен оралды. Облыстық ғылыми жоба жарыстарынан, Абай, Маханбет оқуларынан, шығармалар байқауынан жүлделі оралып, мектеп мәртебесін көтеріп жатқан шәкірттері қаншама.  

Қызылорда мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін үздік бітіріп, магистратураны тәмамдаған Гүлзада Нұрмаханованың дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жұмыс істегеніне де жеті жылдың жүзі ауыпты. Ізденіске, білімге, білмекке ұмтылысқа толы әр жыл Гүлзаданың есінде өзіндік болмысымен, ерекше оқиғасымен қалыпты. Бір ғана Абай, Маханбет оқуларына оқушы дайындаудың өзі неге тұрады. Ұстаз оқушының негізгі мақсаты ақын өлеңдерін сыдыртып жатқа айтып шығу емес, оның мәні мен мазмұнына мән беріп, терең толғаныспен тыңдаушы жүрегіне жеткізуінде жатқанын түсіндіре білуі шарт. 
– Сырт көзге тым сыпайы, сабырлы көрінетін Гүлзаданы сабақ үстінде танымай қаламыз,– дейді Толқын Тұраққызы әріптесі жайында.– Ол өз пәнін айрықша құрметтейді, сабақты жан-тәнімен, ынта-ықыласымен түсіндіруге тырысады. Содан да болар оның шәкірттері ҰБТ-те үнемі жоғары балл жинайды. 

Гүлзада Мырзахметқызының қазақ тілі мен әдебиеті, оны оқыту жолдары, Сыр өңірі ақындары поэзиясындағы ана бейнесінің сомдалуы жайындағы шағын әдістемелік құралдары шығарылып, тәжірибесі облыс мектептеріне таратылды. Сонымен қатар республикалық «Қазақ әдебиеті» журналына, жергілікті басылымдарға бірінші санатты мұғалімнің пәнді оқытудағы ой-пікірлері, ұсыныстары жарияланып, іс-тәжірибелері ортаға салынды. Ізденімпаз ұстаз шәкірттерін ғылыми жоба жұмыстарына жетелегені, жақсы көрсеткіштерге жеткізгені үшін республикалық, облыстық білім саласы тарапынан түрлі марапаттауларды иеленіп келеді.

ГҮЛНАЗ

Гүлназ Әбдікамалованың Алматыдағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін бітіріп, оқушыларды біліммен сусындатып жүргеніне он бес жылдың жүзі болыпты. Оқушыларға биология және экология пәндерін тереңдетіп оқыту мақсатында оның әрбір сәті ізденіске толы десек, артық айтқандық емес. Мектеп-интернат түлектерінің соңғы бес жыл көлеміндегі ҰБТ қорытындысын саралағанда олардың арасынан 4 «Алтын белгі», 3 «Үздік аттестат» иегері мен 2 грант жеңімпазы шығыпты.Тағы бір айта кетерлігі, осы кезеңде биология пәнін таңдаған түлектердің басым бөлігі «5-тік» баға алып, 21,9-23,9 аралығында балл жинапты. Облыстық, республикалық пәндік олимпиадаға, ғылыми-жоба жарыстарына қатысып, үздік шығып жүрген шәкірттері де баршылық. Биылғы жылы бір оқушысы республикалық ғылыми «Зерде» шығармашылық жарысынан және екі оқушысы халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми жоба жарысынан І орынды иеленіп, жеңімпаз атанса, өткен жылы екі шәкірті халықаралық «Сәтбаев оқуларынан» ІІ орынды жеңіп алды. Бір ғана «Ақбота-2012» интеллектуалдық марафонында бір оқушысы – І, 15 оқушысы – ІІ, 6 оқушысы ІІІ орынды иеленіп, мектеп мерейін бір асырды. Жалпы соңғы бес жыл көлеміндегі білім сапасы мен үлгірім мониторингі Гүлназ Оразбайқызының сабақ беретін сыныптары бойынша 100 пайызды құрайды. Бұл бірінші санатты биология пәні мұғалімінің ізденіске толы ұстаздық жолын айқындап тұрғандай.

Бүгінгі ұстаз тек орта мектеп оқулығымен ғана шектеліп қалмай, шығармашылықпен жұмыс істей білуге машықтанғаны абзал. Гүлназды өз тұстастарының білімге ұмтылысы, ғылымға құлаш ұруы қуантады. Солармен бірге өзі де зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оқу-әдістемелік құралдарын шығаруды дәстүрге айналдырды. Қазір оның биология пәнін оқытудың, экология тақырыбын жетілдірудің, оқушыларды ғылыми-ізденіс жұмыстарына баулудың жолдарын айқындайтын түрлі әдістемелік құралдары облыс мектептеріне таратылып, оқу бағдарламасында қосымша әдебиет ретінде пайдаланылып келеді. Сонымен қатар Гүлназдың республика деңгейінде өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жасаған түрлі тақырыптардағы баяндамалары да ел көлемінде тәжірибе ретінде таратылды.  
– Ұстаз болу – абыройлы іс, сонымен қатар ол ерекше жауапкершілік пен өз-өзіңе сенімділікті қажет етеді,– дейді Гүлназ Оразбайқызы.– Себебі, ұстаз алдындағы әрбір шәкірт бір отбасының үміті, бақыты, ертеңі саналады. Олардың нағыз адам болып қалыптасуына мектептің, ондағы әр мұғалімнің өзіндік қатысы бар. Сондықтан да ұстаз әрдайым өзіне сыни көзқараспен қарап, білімін жетілдіріп отыруы керек.
Гүлназ әркез өзінің кәсіби құзыреттілігін, біліктілігін жетілдіруге мән беріп, педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған түрлі курстардан өтті. Оның ақпараттық бағдарламаларды, электронды оқытуды, интерактивті құрылғыларды жан-жақты меңгеру, қолдану жөніндегі алған сертификаттары бар. 
– Үшеуі де біздің ұжымның мақтанышы, – дейді №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директорының міндетін атқарушы Ағайша Саянова.– Оқушының білімге ынтасын арттырғаны үшін «Дарын» РҒПО-ның, республикалық «Өрлеу» ұлттық орталығы АҚ-ның, ҚМУ-дың түрлі марапаттауларына ие болған. Қазір біздің миллионерлеріміз ҚР Педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курсының бірінші деңгейлі курсында оқып жатыр. 
Бүгінгі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, парасатты ұрпақ тәрбиелеу жолында тер төгіп жүрген үш ұстаздың ізгілікті жолы сәтті жалғаса беретіні айқын. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<