ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ АЙМАҚТЫ АЛҒА БАСТАДЫ

606

0

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру мәселелері талқыланған жиын өтті. Оған стратегия авторлары – Ресей ғылым академиясының академигі Абел Агенбегян мен Ресей Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы ғылыми кеңесінің мүшесі Сергей Календжян қатысты.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын 2013 жылдың желтоқсанында экономист-ғалым, академик Абел Аганбегян бастаған қазақстандық және ресейлік ғалымдар мен мамандар тобы әзірлеген болатын. Ол облыс экономикасы үшін күрделі кезеңде қабылданып, іске асырыла бастағанын атап өту керек. Себебі еліміз бойынша қысқарған мұнай өндірісінің басым бөлігі Сыр еліне тиесілі. Соған қарамастан, жұмыс жүйелі әрі табанды түрде жүргізіліп, тәуір нәтижеге қол жетті. 2016 жылғы сапарында ғалым: «Бұл өзгерістер елдегі рецессиялар, экономикалық күрделі кезеңдерде мүмкін болып отыр. Аталған реформаларды табысты жүзеге асыруда облыс басшылығының принциптік ұстанымы мен белсенділігі маңызды роль атқарды. Алда әлі де қыруар шаруа күтіп тұр. Бірақ болашаққа деген сенімнің іргетасы қазірден қаланды», – деп пікір білдіргені бар.
Стратегияны жүзеге асырудың аралық нәтижелері екі жыл сайын қорытындыланып отырады. Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың даму қарқынына дәлел боларлық барлық макроэкономикалық көрсеткіш бойынша оң динамика байқалғанын атап өтті. 2017 жылы бір ғана көрсеткіш – өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша оң векторға қол жеткізу мүмкін болған жоқ. Себебі соңғы 5 жылда мұнай өндірісінің көлемі 2 есе кеміді.
– 2013 жылы даму стратегиясын қабылдаған кезде біз экономиканы индустрияландыру арқылы әртараптандыру міндетін басты орынға қойдық. Соңғы 5 жыл ішінде аймақта 50-ден астам өнеркәсіп нысаны іске қосылса, оның 16-сы – ірі және орта кәсіпорындар. Нәтижесінде, өңдеуші секторда осы кезең ішінде өндірілген өнім көлемі 65 процентке артса, шикізаттық емес сектордың экспорт көлемі тек соңғы жылдың өзінде 60 процентке өсті, – деді аймақ басшысы.
Бірлескен жұмыс тобының отырысында облыс әкімінің орынбасарлары таяу болашаққа бағдар болған құжаттың орындалу қарқыны, жетістіктер мен проблемалар туралы егжей-тегжей айтып берді. 2018 жыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктегі қызылордалықтардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді деген сенім бар. Саланы қолдауға бағытталған шаралар туралы баяндаған облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким статистиканы алға тартты. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің нәтижесінде бүгінде облыста кәсіпкерлікке бет бұрғандардың үлесі 22-ден 26%-ке өсті. Ал, тұрақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны өткен жылы 5,2%-ке артты.
– Кәсіпкерлерді толғандыратын негізгі үш мәселе бар. Олар – қаржының қолжетімділігі, әкімшілік кедергілердің болмауы, жер телімдерін бөлу кезіндегі ашықтық пен жариялылық. Осылардың түйіні ретінде Қызылордада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Онда кәсіпкер өзіне қажетті кез келген мемлекеттік қызмет түрін пайдалана алады, – деді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.
Аймақ басшысы да өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуы ел экономикасына ерекше серпін беретінін жеткізді.
– Болашағымыз осы салада екеніне көзіміз жетті. Оның үстіне, біздің алдымызда 90 мыңға дерлік өзін өнімсіз жұмыспен қамтығандарды рәсімдеу міндеті тұр. Осыған байланысты біз 2018 жылды «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдадық, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Одан кейін облыс әкімінің орынбасарлары Серік Қожаниязов, Руслан Рүстемов, Қуанышбек Ысқақов өздері жетекшілік ететін салалардың жетістіктері мен мәселелеріне тоқталды. Әсіресе, халықты баспанамен қамту қарқыны көңіл қуантады. Соңғы 5 жыл ішінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2 есе артты. Егер 2013 жылы 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 600 мың шаршы метрден асып түсті. Нәтижесінде, тек облыс орталығының өзінде соңғы жылдары 14 жаңа шағын аудан пайда болды. Өткен жылы облыстағы апатты тұрғын үйлер мәселесі толығымен шешілді. Сөйтіп, соңғы 3 жылда 309 отбасы апатты үйлерін жаңа әрі жайлы пәтерлерге алмастырды.
Академик Абел Аганбегян экономиканы әртараптандыруда аймақ басшылығының дұрыс шешім қабылдағанын айтты. Соның арқасында Қызылорда облысы шикізатқа тәуелсіз экономикалық аймақ құрды.
– Соңғы 5 жыл ішінде өте ауқымды жұмыс жүргізілді. Біз бірнеше стратегия жасақтауға қатыстық. Олардың ешқайсысы сіздердікіндей табысты жүзеге асырылған жоқ. Ең маңыздысы, сіздер өндеу өнеркәсібіне басымдық бердіңіздер. Қызылорда күн сайын өзгеріп жатыр. Мұны біз әр келген сапарымызда байқап жүрміз. Ең бастысы, осымен тоқтап қалмай, басты салаларды дамыту бойынша жұмысты жалғастыру керек, – деді ғалым.
Жұмыс сапары барысында Абел Аганбегян мен Сергей Календжян Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында болып, бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралады. Сырдарияның сол жағалауында салынып жатқан жаңа қаланың құрылысы мен кәсіпкерлікті қолдау орталығының жұмысымен танысты.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<