Кәсіпкерлікті қолдау жалғасады

537

0

Мемлекет басшысы Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында ең алдымен экономикалық белсенділікті, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту бағытында бірқатар бастамалар көтерді. Биылғы жылы өз тиімділігін көрсеткен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламалары келер жылы да іске асырылып, микроқаржы ұйымдарының әлеуеті кеңеймек.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов атқарылып жатқан жобалар туралы кеңінен баяндады.


«Пандемия жағдайында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бизнестің әл-ауқатын жақсарту мақсатында ауқымды және жедел қолдау шараларын тапсырған болатын. Бизнес үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылып, мемлекеттік бағдарламалардың несиелендіру шарттары жеңілдетілді. Биыл облыста «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» атты бағдарламаларды іске асыру үшін 3,6 млрд.теңге қаржы қарастырылған. Жыл басынан бері бұл жобалар аясында субсидия жалпы несие портфелі 17,3 млрд. теңгені құрайтын 1144 жобаға қолдау берілген болатын. Президентіміздің биылғы Жолдауында аталған бағдарламаларды 2022 жылға ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл ретте Мемлекет басшысы жергілікті жерде жұмыс істейтін және сол жердің бизнесі мен олардың мүмкіндіктерін білетін микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосуды және мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуды қамтамасыз ету туралы тапсырды. Өңірімізде жыл басынан бері бұл бағытта 6 жылдан астам өзінің тиімділігн көрсеткен «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 150 ден астам жобаға 903 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесімен шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 18,5 пайызға жеткізу жоспарлануда»,- деді Фердоуси Әбілқасымұлы.


Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқттаған түлектерді несиелендіру үшін «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 1 млрд.теңге қарастырылған. Қаражат облыс әкімдігінің Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп құрылған «Atameken Qyzylorda» арқылы 238 жобаға берілетін болады. Бүгінде өңірде 50 мыңнан аса кәсіпкер жұмыс жасайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<