Күн электр станциясы

437

0

Қызылорда өңірінде үлкен жобалар жүзеге асуда

Аймақта күннен электр энергиясын өндіруде үш бірдей жоба қолға алынған. Бұл күнде оның екеуі іске қосылды. Соның бірі – былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген «Baikonur Solar» күн электр станциясы. Ол Шиелі ауданына қарасты 14-бекетте орналасқан.
Күн көзінен энергия алатын та­­бақшалар өз реттілігімен кең ал­­қап­ты алып жатыр. Сырттай қара­ғанда үлкен бір қалашық тәріз­­ді. Жобаның жалпы құны – 23 млрд теңге. Мамандардың ай­туынша, сағатына 50 мВт-ға де­йін жарық беруге әлеуетті. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов атал­­­ған жобаның өңір дамуына зор септігін тигізетінін айтқан еді.
– Электр станциясының іске қосылуы еліміздегі жаңартылған энергия көздерінің үлесін арттыру, «жасыл» экономикаға көшу бағытында жасалған зор қадам деп білу керек. Ендеше, болашақта аймақ тұрғындары баламалы энергия көздерін тұтыну деңгейін одан әрі дамыта беретініне сенімдімін, –деген еді облыс әкімі нысанның ашылу салтанатында.
Станция бүгінге дейін «KEGOC» желісіне 5 млн киловатт электр энергиясын өткіз­ген. Яғни, бұл желі арқылы тұты­ну­шыларға беріледі. Нысан құрылысына қазақстандық 400 азамат қатысса, бүгінде 23 азамат жұмыс істейді.
Күн электр станциясы – экологиялық тұрғыда таза, дыбыссыз, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы және өз құнын толық ақтайтын тиімді қондырғы. Ал артықшылығы – алынатын энергия көзінің қалыпқа келе алатынында және белгілі бір шектеулі ресурсқа тәуелді емес. «Baikonur Solar» ЖШС бас директоры Артур Галямов алда айқын мақсат бар екенін жеткізді.
– Бұл электр станциясының іске қосылуы тарифке айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Әйткенмен, өңірде электр энергиясының тапшылығын жояды. Біз бір жылда 73 млн киловатт электр энергиясын өндіруді жоспарлап отырмыз. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Станцияның бір ерекшелігі, мұндағы жабдық­тардың көп­шілігі отандық өндірістен алынған, – деді ол.
А.Галямов жақын арада аудан әкімімен кездескенін айтты. Серіктестік болашақта биз­­­нес­­тің әлеуметтік жауапкер­ші­лігін сезініп, Шиелі кен­ті мен Сұлутөбе, 1 Май ел­ді ме­кендерінің халқына көмектеспек.
– Электр желісін жүргізу, қажетті нысан салу тәрізді елдің мұқтаждығын шешетін жұмыспен айналыспақпыз. Аудан әкімімен осы тақырыпта сөйлесіп, алдағы жоспарды талқыладық, – деді А.Галямов.
Өңірде күннен электр энергиясын өндіретін станциялар ашу ісі әлі де жалғаса бермек. Жақында облыс әкімі «Renovatio Group»  компаниясының тең құрылтайшысы әрі серіктесі Джеймс Колтер Иеди, «EDPR» компаниясының өкілі Дуарте Нуно Менедес да Коста және «BDC Consulting KZ» компаниясының директоры Махмудов Ахад Хошимовичтермен кездесті. Онда шетелдік компания өкілдері әріптестік танытуға ынталы екенін жеткізіп, екі­жақты келісімге қол қойды.
200 Мвт күн электр станция­сы құрылысының құны – 100 млн АҚШ доллары. Жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда қаласының сол жағалауынан 400 гектар жер учаскесі таңдалған. Электр станциясының құрылысы келер жылдың соңында пайда­лануға беріледі деп күтілуде. Бұл ретте аймақ басшысы елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын және осындай ұтымды жобаларды жүзеге асыру екі тарапқа да тиімді екенін атап өткен болатын.

Дәулет ҚЫРДАН.