Мың мәрте мадақтауға тұрарлық

565

0

Сәл шегініс жасасақ, 1980-1990 жылдары Сырдағы бас қала – Қызылордада құрылыстың қарқынды болғанын айтуымыз керек. Қазіргі күнде көріп жүрген Абай даңғылы, Желтоқсан, А.Тоқмағамбетов көшелерінде түрлі ғимараттардың салынуы да сол жылдары еді. Одан кейін «Ақмешіт», «Мерей» мөлтек аудандары, диагностикалық орталық, облыстық аурухананың ғимараттары қалаға ажар қосты.


90-шы жылдар басында Қызыл­ордада сол кезгі жаңа тех­нология деп есептелетін жаб­дықтары бар гофрокартон шыға­ратын цех құрылысы бас­талды. Бұл – КСРО-ның ыдырап жатқан уақыты. Халыққа қажет зауыт соның себебімен бірден банкротқа кетті. Өйткені, сырттан тасылатын шикізаттың қымбатқа түсуі құрылысқа әсерін тигізбей қоймады. Жұмыс бірден тоқтады.


Осыдан кейін облыс бо­йын­ша құрылыс саласы тоқы­рады. Әсіресе, тұрғын үйлерді тұрғызу өте баяу жүрді. Тіпті 80-жылдардың ортасында бас­талған «Мерей» шағын ауда­ны­ның құрылысы 2004 жылға дейін созылғаны бар. Мұнда әлі де іргетасы құйылып, әрі қарай жалғасын таппаған құрылыс орындарына кезігесіз.

Тұрғын үйлер тізбегі тоқтамайды

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында аймақтағы құрылыстың жандана қоймағанын айтқанбыз. Әдетте әр жылдары қаланың қай аймағынан болсын, баспана да, басқасы да салынып жатты. Өте жылдам болмаса да жыл сайын бірнеше ғимарат құрылысы бітетін.

Өткен уақыт өзімізге аян. Ал кейінгі жылдары біздегі тұрғын үй құрылысының қарқыны қалай?! Ілгерілеу бар ма? Осылай десек, сөзсіз иә деріңіз анық. Өйткені, көз алдымызда салынып жатқан үйлер мұны жоққа шығармайды.


Иә, облыс алып құрылыс алаңына айналды. Тек соңғы 7 жыл ішінде 3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аймақ орталығының өзінде 2013-2020 жылдары 15 жаңа шағын аудан салынды. Тұрғын үйді берудің жылдық көлемі 2,2 есе өсті.


Мысалы, 2017 жылы негізінен апаттық жағдайда тұрған баспана мәселесі шешілді. 2013 жылдан бері үйі жарамсыз деп танылған, кезекте тұрған 645 отбасы жаңа пәтер алды. Осыдан екі жыл бұрын тек бюджет қаражаты есебінен 15 арендалық және 55 несиелік үй, барлығы 813 пәтер пайдалануға берілді.


Сондай-ақ соңғы бес жылда жеке тұрғын үй тұрғызуға 29 мың жер учаскесі инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы республикалық, облыстық бюджеттен 5 млрд 500 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы «СПМК-70» және Сырдария өзенінің сол жағалауында 1 мың 290 пәтерлі тұрғын үй құрылысына, СПМК-70, Шанхай, Титов, әл Фараби шағын аудандарының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға арналған.
Көре білсек, мұндай мысалдар өте көп бізде…

Жағалауға сән берді жаңа қала

2017 жылы Сыр бойында есте қаларлықтай құрылыс пайда болды. Бұл Қызылорда қаласының даму жоспарына сәйкес, Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту мақсатында іске асқан дүние еді. Көлемі 1 мың 532 гектар аумаққа заманауи үлгіде жаңа қала тұрғызу басталып кетті.


Бұның алғашқы бастамасы ретінде дарияның екі жағын қосар жаңа автомобиль көпірі пайда болды. Бір жылдан соң сол жағалаудан 1925 жылы «Қазақ» деген атауды қайтару туралы тарихи қаулы қабылдаған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы негізінде «Рухани жаңғыру» орталығы салынды.


Біртіндеп үйлер беріле бастады. Жаңа ауданға қоныстанушыларға керегі алдымен балабақша еді. Мұнда 320 орындық мектепке дейінгі білім беру ғимараты әп-сәтте салынды. «Болашақ» университеті, ІТ-паркі бар жастар ресурстық орталығы, «Орда» мектебі жұртшылық игілігіне берілді.

Алдағы жылдары жоспар бойынша халыққа қажет деген әлеуметтік нысандардың құрылысы басталмақ. Неке сарайы, дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты мен жатақханасы, 3500 орындық көпфункциялы жабық футбол манежі, музыкалық драма театр, көпсалалы аурухана, сауда-жәрмеңке кешені, т.б ғимараттар құрылысы жүре бастайды.

Кәсіпорын құрылысы кенжелемейді


Аймақта жұмыс көзін тудыратын бірден-бір орын – өнеркәсіп өндірісі. Әрине, кәсіпорындар жұмысы құлашын кеңге жайса, жергілікті тұрғынның жағдайына жақсы қырынан әсер етер еді.

Бастысы, жұмыссыздықты болдырмайтын мұндай өндіріс ошақтарының құрылысы аз емес.


2018 жылдың соңында республика бойынша аса ірі өндіріс орындарының бірі – тампонажды цемент зауыты мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл экспортқа бағдарланған өндіріс ошағы еді. Қазір кәсіпорын толығымен цемент шығарумен айналысады.


Сол жылы қазан айында «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды. Оны қаржыландыру мәселесі Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы шешілген. Негізгі мердігері – «Доберсек» атты неміс компаниясы. Міне, біз аз ғана мысал келтірген өндірістік мекемелердің көптеп салынуын әлі де халық күтеді.


5 жылда 200 ғимарат

Кейінгі 5 жылда аймақта алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысандарының 63 проценті жаңартылған екен. Облыс орталығынан онкологиялық бөлімшесімен қоса 300 төсекке арналған көпсалалы аурухананың құрылыс жобасы да дайындалу үстінде.

Сол жағалаудағы жаңа қалада салынатын нысан аймақ халқы үшін өте маңызды болып отыр.


Бұдан бөлек, соңғы жылдары облыстық бюджет есебінен және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорттық ғимараттардың құрылысы жақсы жүрді. Бір ғана мысал, осы қаражат шеңберінде аймақтың жеті елді мекенінде (Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдары және Сексеуіл мен Төретам кенті) осындай кешендер салынды. Ал жеке инвесторлардың есебінен тағы да 5 денешынықтыру-сауықтыру орталығын айтпай кетуге болмайды.

Жалағаш ауданының Таң ауылы, Шиелі ауданының Бестам, Төңкеріс, Жаңақорған ауданының орталығы мен Сүттіқұдықта спорттық нысандар пайдалануға берілді. Әрі олар толықтай жабдықталып, бірден оқу-жаттығу жұмыстарын бастап кетті.


Салалық басқарма мәліметіне сүйенсек, 7 жыл ішінде облыста барлығы 200-ден аса әлеуметтік нысан берілген. Биылдың өзінде үш ғимараттың құрылысы бітті. Шиелідегі тарихи-өлкетану мұражайы, қаладағы Теннис орталығы және Қызылорда ОІІД-нің әскери және арнайы дайындығы бойынша оқу-жаттығу полигоны пайдалануға берілді. Енді жыл аяғына дейін тағы да 18 нысан құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек түрлі бағыттағы 12 құрылыс ғимараты келесі жылға өтпелі.


Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында мектеп құрылысын тоқтатпау өте маңызды. Әсіресе, қалалық жердегі халық санының өсімі білім беретін ұйымдардың аздығын білдіртіп те қояды. Бұл мәселеге жаңадан қосылып жатқан шағын аудандарды қосыңыз.


Бұған қатысты бір қуаныш, былтыр Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық білім ордасы пайдалануға берілді. Жеке инвестор есебінен салынған 500 орындық «Зерде» мектебі де өз жұмысын бастады. Жаңадан қосылған «Бәйтерек» шағын ауданында «Жол картасы» аясында 600, «Саяхат» шағын ауданынан жеке инвестор есебінен 300 орындық мектептің құрылысы жүруде. Ал «СПМК-70» шағын ауданынан 600 орындық жеке мектептің құрылысын бастау жақын күндерге белгіленіпті. Ең жақсысы, кейінгі жылдарда аймақтағы апатты мектептердің орнына 37 жаңа мектеп салынған еді.


Әлемді әбігерге салған пандемия бірқатар кедергі келтіргенімен құрылыс өз қарқынынан жаңылмады. Салада айтарлықтай жетістіктер жоқ емес. Қала мен даланың көркеюіне үлес қосар осы бір маман иелерінің сан жылғы еңбегі тек мадақтауға ғана лайық.


Тәуелсіздік жылдарында Қызылорда өңірі осылай қарыштап дамыды. Қарқынды құрылыс алаңына айналған өңірдің гүлденуіне үлкен үлес қосқан құрылысшы деген маман иесінің маңдай тері шын мәнінде мың мәрте мадақтауға тұрарлық.

Ержан ҚОЖАС,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<