ҚОЛТАҢБАСЫ ДАРА «ДӘНЕКЕР»

465

0

 Елдің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістігінЕлбасының айтуыншабір ғана Қызылорда облысынан көруге боладыМұның айқын дәлелікүрделі экономикалық жағдайларға қарамастанСырдың сол жағалауында жаңа қала бой көтерді.

Құрмет

Облыс халқы үшін сәулетті құрылыс көз қуанышы ғана емес, болашаққа деген сенімге айналды. Танымал америкалық тележурналист Ларри Кингтің «тарихқа үңілер болсақ, елдердің шаһарларды жаулап алғанын көреміз, ал Қазақстан қала салады» деген сөзін ел дамуының нақты бағасы ретінде қабылдауға болады. Байқасақ, Сырдың сол қапталындағы жаңа қала елге құрметтің белгісіндей болып бой түзеді. Бұл сөзге сәнімен, өзіндік ғибратпен әр кірпіші қаланған ғимараттар дәлел. Нысандар мердігері – 18 құрылыс компаниясы.

Елбасының Жезқазғанда кәсіпкерлермен кездесуінде айтқан сөзімен ел азаматтарының ойы бір жерден шықты. «Әрбір кәсіпкер табысының бір бөлшегін халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағыттауы тиіс» деген тапсырма «Туған жер» бағдарламасында нақтылана түсті. «Бұлаққа бұлақ қосылса, теңіз болады». Ендеше, іргетасы ізгі ниетпен қаланған құрылыстар сол жағалау тіршілігін жандандырды.

Бүгінде сол жағалауда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында мердігерлер жеке қаржысы есебінен тұрғын үй салып жатыр. Ел дегенде елгезек, жұрт дегенде жанын салатын компаниялардың бірі – «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС. Директоры – Әбдімәжит Жансақалов. «Дәнекердің» еншісіндегі 40 пәтерлі тұрғын үй құрылысы Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына тарту десек болады. Құрылыстың аумағы 2400 шаршы метрді құрайды. Өткен жылдың қарашасында іргетасы қаланған үйдің қазір 5-қабаты өрілуде. Ізін ала 2-қабатта сылақ, 3-қабатта электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Ел көкейінде «тұрғын үйдің бағасы қалай болар екен?» дегендей сұрақ алдымен туындайтыны анық. Айтайық. Компания басшысы Әбдімәжит Әлмағамбетұлы ғимараттың басым бөлігі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына тиесілі екенін айтты. Бағасы шаршы метріне – 120 мың теңге. Бұл ел бойынша ең төменгі мөлшер.  Нысанның жанында балабақша құрылысы аяқталып, Жастар үйі мен «Болашақ» университеті оқу корпусының кірпіштері қалана бастады. Сол жағалауды бойлай қазір жол да салынып жатыр. Бұл халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолына жалғасады. Қаланы тоғыз жолдың торабы дерсің.

Тұрғын үйдің сипаты мен санынан сапасына көшсек. Мұндайда құрылысшылардың тәжірибесі ең алдымен ескеріледі. Бұл орайда жиырма жылдан астам талай ауқымды құрылыс нысанының кірпішін қалаған бірінші категориялы лицензиясы бар компания сенім үдесінен шыққан. Бас инженері Серік Асқаров құрылыс материалдарының басым бөлігі компания цехтарында жасалғанын жеткізді. Құрылыс бағытындағы өзге компаниялардан артықшылығы, кірпіш, бетон, терезе де өздерінде өндіріледі. Тек сәнді кірпіштер Көкшетаудан алдырылыпты. Бүгінде құрылыс алаңында 150-ге тарта құрылысшы еңбек етуде. Бұрын компания басшысы жергілікті азаматтардың құрылыс басына жоламайтынын қынжылып айтушы еді. Бүгінгі жағдай басқа. Былтырдан бері өзіміздің жігіттер Өзбекстаннан келетін бригадалардың алдын орап, құрылыс басынан табылды.

Сонымен, қазақы нақышты ескерген қызыл үйлердің ерекшелігі неде? Қызыл демекші, мұндай үйлердің көп салынуының да себебі бар. Сырдың ауа райына, жел мен дауылына қасқайып тұратын мықты тас сол – қызыл кірпіш. Сәннен бұрын сапаның алда жүретінін осыдан-ақ аңғарсақ керек. Ал әзірге тұрғын үйдің ескерер тұсы ретінде әр үйде жеке газ қондырғысы орнатылатыны айтылуда.

 Қайраткерлік

«Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС-ның атауын ылғи да еңселі нысандардың ашылу салтанатында естиміз. Тәуелсіздік жылдарынан бері құрылыс саласының бел ортасында жүрген, әлеуеті жоғары компанияның елге қызмет еткеніне биыл – 21 жыл. Өз өмірінің ғана сәулетшісі емес, тұтас халықтың өміріне әсер еткен компания басшылығы мен құрылысшылардың еңбегі көзге жылы ұшырайды. Тасбөгеттегі 200 орынға арналған көпсалалы балалар ауруханасының ғимараты мен ішіне кіріп, көз тастасаңыз, киіз үйдің шаңырағындай сән түзеген ерекше орын – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» «Дәнекердің» ерен еңбегі, күш-қуатымен салынған. Компанияның іргелі істерінің бірі 6 млрд теңгеден астам қаржыға салынған – балалар ауруханасы. Аурухана ашылғаннан бері сапалы медициналық көмек алу үшін сырбойылық балғындар алысқа ұзамайтын болды.

«Дәнекердің» өмірбаянынан компанияның қиын өткелдерін, құрылысшының қайратын таныдық. Ақпарат айқын болуы үшін Әбдімәжит Жансақаловтың өзімен кездестік. Біз барғанда құрылысшылармен жиналыс өткізіп жатыр екен. Аз уақытта басшының қысқа-нұсқа ойларымен айналасындағыларды үйіріп, иіріп әкететінін байқадық. Газетте «басылым басшысына тартады» деген тіркес бар. Ал құрылыс компаниясы басшысының шегедей нық сөзінен оның  тас түйін тірлігі аңғарылды.

«Дәнекер» ашық акционерлік қоғамы 1997 жылы бұрынғы «СМПК-1. Агропромтехника» негізінде құрылған. Алғашында бұл компанияға өндірістік-техникалық бөлім басшысы болып орналасқан Әбдімәжит Жансақалов 1989 жылы сол мекеменің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Бұдан кейінгі жағдай елге мәлім. Кеңес Одағы ыдырап, ел – ерге, ер жерге қараған күн туды. Құрылыс компаниясында баяғыдай күй жоқ, бірақ ақылмен жол табатын басшы бұл тығырықтан да шыға білді. Жабыққан жандарға жалау болу үшін жұмыртқа да сатты, күріш, ұн, апельсинді де өткізді. Салиқалы істерді сабырмен атқара жүріп тәуекел етті. 1997 жылдан бастап Байқоңыр қаласында және Қызылорда қаласы мен аудандарда тұрғын үйлер мен мектептердің жылыту, сумен жабдықтау, кәріз су жүйелерін жөндеу жұмыстарымен айналысты. Атқарған жұмыс көптің көңілінен шықса керек, істің ауқымы кеңейіп, жоспарлы түрде кірісті. 2003 жылы «Дәнекер құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. Бағыт – құрылыс-монтаждау жұмыстары. Іс оңға басты. «Таза су» бағдарламасына сәйкес, Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш аудандарындағы елді мекендерде ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту, «Қорқыт ата» атындағы әуежай ғимаратының құрылысын, орталық стадион, қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу компанияға жүктелді.

2010 жылға дейін серіктестік Жосалы кентіндегі 60 орындық туберкулезге қарсы күрес диспансерін, тәулігіне 150 дана цистерна жуатын станцияны, Сырдария ауданының А.Тоқмағамбетов ауылында 150 орындық ауыл клубын, Қызылорда қаласында «Халыққа қызмет көрсету орталығын», Арысқұм кешенінде 200 орындық жұмысшылар қалашығын салды. Сондай-ақ, жаңа КПРС базасы құрылыстарын, Қызылорда қаласы халқын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 4228 метр Жібек жолы каналын және ұзындығы 1824 метр ирригациялық жүйе құрылысын жүргізіп, «Тағзым» алаңына кеңейту және абаттандыру, Тереңөзек кентінің орталық алаңын көркейту жұмыстарын жүрігізді. 

Еңбекті бұқара да, билік те бағалайды. 2006 жылдың қоры­тындысы бойынша компания облыс әкімдігінің сертификаты мен «Сыр сәулеті» номинациясына ие болды. 2009 жылы Еуропалық кәсіпкерлер Ассамблеясы номинациялық комитетінің (Ұлыбритания) шешімімен серіктестік директоры Әбдімәжит Жансақалов «2009 жылдың үздік менеджері» медалімен, 2008 жылы «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағымен марапатталды. Ал «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС Австрия астанасы – Вена қаласында өткен ХХІ ғасыр көшбасшылары бүкілхалықтық имидждік бағдарламасы лауреаттарының дипломын иеленді.

Марапатқа құрылысшылар тоқмейілсіген жоқ, қайта құрылыстың қарқыны артқан. Мұнан кейін Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде 1200 орындық, Шиелі ауданының Н.Бекежанов ауылында 600 орындық мектеп, Жалағаш ауданының Жаңадария ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақорған ауданының Сүттіқұдық елді мекенінде 90 орындық балабақша,  Шиелі ауданында ауысымына  250 келушіге арналған емхананың құрылысын жүргізді.

2012 жылдан бастап серіктестік «Ақбұлақ» бағдарламасына сай Сырдария ауданының Тереңөзек кенті және Іңкәрдария ауылы мен Ақжарма елді мекені, Қармақшы ауданының Ақтөбе елді мекені, Шиелі ауданының Тәжібаев, Алмалы ауылдарындағы жеке тұрғын үйлерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында үйлерге су құбырларын тартып берді.

Сапалы маманды таңдау, тани білу келбеттегі емес, көкіректегі көздің ашықтығынан. Құрылысты қиыннан қиыстырып тұрғызу – шын шебердің ісі. Серіктестік директоры алдымен адамның іскерлігі мен адалдығына мән беретінін айтады. Сонда ғана құны қыруар қаржыны құрайтын 200 орындық көпсалалы балалар ауруханасын салуға тәуекел етуге болады. Компанияның соңғы жылдардағы жұмыстарына қайта зер салсақ, 2016 жылы М.Нәлібаев ауылындағы 300 орындық мектепті пайдалануға берді. Өткен жылы Жаңақорған ауданындағы Түгіскен елді мекенінде басталған 140 орындық балабақшаның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталуға жақын, осы жылдың мамыр айында тапсырылады. Ал жақында Сырдария ауданында 42 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы басталды.

«Адамның адамшылығы істі қалай аяқтағанынан емес, қалай бастағанынан білінеді» дейді хәкім Абай. Компанияның бастауында талапшылдықпен қатар, жолдан да, жолдастықтан да қалмайын деген ізгі ниет бар. Сондықтан жұмыс – салмақты, жоспар – тиянақты. Бірақ ең бастысы – басшының тиянақтылығы. Ердің іскерлігі мен жеңісі қашанда елдің мәртебесі емес пе?!

Қамқорлық

«Мен құрылысшы екенімді мақтан тұтамын». Әбдімәжит Жансақаловтың бізбен әңгімесі осылай басталған болатын. Жастық күш-қуатын күлкі, қыдырысқа емес, келелі іске, құрылысқа арнау үшін о баста бойда дарын болу керек. Өйткені Шерхан Мұртаза: «Көлдің тақырға айналуы оңай, байдың пақырға айналуы оңай. Ал, таусылмайтын байлық ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады», − дейтін еді ғой. Бұл даналық нені меңзейді? Қолдағы емес, мидағы, имандағы байлығыңа сен дегені.

«Дәнекердің» бір даралығы бар. Шалғай жатқан елді мекендердегі құрылыс нысандарын ел игілігіне табысталғаннан кейін компания атынан сый-сияпаттар беріп тұрады. Мекемеге кіріс болып келген қаражат серіктестіктің дамуына, халыққа көмек көрсетуге, қайырымдылыққа жұмсалады. Айталық, Шиелі ауданында ауысымына 250 келушіні қабылдауға дайын емхана құрылысын бітіргесін, нысанның ашылу салтанатында емхана қызметкерлеріне компания тарапынан жедел жәрдем көлігін тарту етті. Ал Шиелі ауданынының Н.Бекежанов ауылындағы 600 орындық мектепті пайдалануға беру кезінде – музыкалық құрал-жабдық, Жаңақорған ауданының Жайылма ауылындағы 250 орындық мектеп дәлізіне – төсейтін кілем, Сүттіқұдық елді мекеніндегі 90 орындық балабақшаға плазмалық теледидарды сыйға тартты.

Әбдімәжит Жансақалов Өзбекстанда, Ташкент облысының Бостандық ауданында дүние есігін ашқан. Орта мектепті бітірген соң Қызылордадағы политехникумға оқуға түседі. Одан кейін іле шала Жамбыл гидромелиоративті ауыл шаруашылық институтының Қызылорда филиалын бітіреді. Содан бері инженер-құрылысшы мамандығын басқа кәсіпке ауыстырып көрген емес.

Бүгінде серіктестіктің жұмысы – отбасылық бизнес. Бұл ел үшін аса қызық тақырып. Алайда жұмыстың алға басуына шын жанашырлық пен іскерлік керек екені айтпаса да түсінікті. Айталық, әлемде шағын және орта бизнестің көпшілігі отбасылық келісімшарт бойынша іс жүргізеді.  Қазір директордың орынбасары – інісі Хамит Жансақалов, ал бас бухгалтердің орынбасары – қызы Индира, кірпіш зауытының директоры – ұлы Төлеутай екенін білдік.

– Інім Хамит компаниядағы жұмысты бес саусағындай біледі. Өйткені, ол жарты ғасыр бойы компанияның әрбір жұмысын, сынағын бізбен бірге өткерген. Ағайынды болған соң қызметі көтерілген жоқ. Ол – біздің бизнестегі профессор, − деді Әбдімәжит аға.

Индира да жоғары білім алғасын «ҚазГерМұнай» компаниясында жұмыс істеді. Бәсекелестік ортада бағын сынады. Бірақ әкесі бухгалтерлік есеп бойынша жақсы маман іздегенде қызына «бізге жұмысқа кел» деп қолқа салады. Индира әуелде келіспейді. Бірақ әкеге бір сөзді екі рет айтқызбайсың ғой.

Ал Төлеутай мектеп бітірген соң әке жолымен жүруге ниеттенген жоқ. Университетті экономист-қаржыгер мамандығы бойынша бітірді. Қаржы полициясында жұмыс істеді. Бірақ әкенің көзі ұлының бойынан кәсіпке деген қабілетті таныды. «Сен де құрылыс саласына келсең қайтеді» деген кеңесін бірде емеурінмен білдірсе, бірде шынымен ақылын айтты.  Әкемнің компаниясы екен деп Төлеутай қаржы полициясындағы қызметінен бірден келе қойған жоқ. Алдымен инженер-құрылысшы ретінде диплом алып, содан кейін ғана отбасылық бизнеске қосылды. Қазір «Дәнекер» ЖШС – кірпіш зауытының директоры. Жоспар бойынша, нысандарды кірпішпен қамтамасыз етеді.

Ағамен әңгімелесе отырып, қабырғадағы спорттық жүлдеге көзім түсіп кетті. «Аға, бұл не?» деген сұрағыма:

− Өткенде бір спортшы қыз шет елге жарысқа шығу үшін демеуші болуды сұраған. Сайыстан келген соң алтын жүлдесін компанияға сыйға тартты, − деп жауап берді.

Жөн білетін, істің көзін танып, қалың жұртты біріктіре білетін ағаның қалпына риза болдық. Бұл ел сенімін арқалаған депутатта болуы керек қасиет. Асыра мақтағанымыз емес, ақпарат көздерінен Әбдімәжит Жансақаловтың елге берген көмектерінің тізімін көзіміз шалды. «Оң қолым бергенді сол қолым көрмесін» дейтін пейілін аңғардық. Әйтсе де, жақсы істі жарияласақ, жақсылық тек еселене түседі.

Қанша тұрғынның еміне, үйлеріне, балаларына қаржылай көмектескенін Жансақаловтың өзі нақты білер. Бірақ қашанда шаңы бұрқырап жататын Қызылорда қаласының әл-Фараби аумағындағы Нысанбай жырау көшесін тегістеп, ГПС төсеп беруі көпшілікті қуантты. Сыр елінің дамуына қосқан үлесін естісеңіз көңіліңіз тояды. Бұл іске осынша қаржы құйыңыз деп ешкім міндеттемегені айқын. Көңіл қалап, ниеттенбесе, миллиондаған қаржыны қалтадан суырып беру екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл компания жетекшісінің елге деген қамқорлығы деп түсіндік.

«Сенім – ердің серігі». Санамыз ісімізден озып жүру үшін сенім керек. Қысылтаяңда көмек қолын созу үшін сенім керек. Ал ел сенімін арқалау үшін елге деген құрмет, қайраткерлік, қамқорлық керек екенін түсіндік.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.