Қызылордада кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлінуде

1675

0

Биыл мемлекеттік қолдау ретінде 5,8 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылуда. Сондай-ақ, Мемлекет Басшысының тапсырмасымен «Жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын құру» мақсатында арнайы жоспар әзірленіп, құжат бекітілуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев мәлімдеді.


-Былтыр облыста кәсіпкерлер саны 4,2 пайызға, жұмыспен қамтылғандар 8,7 пайызға, ал өндірілген өнім көлемі 15,7 пайызға артты. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың нәтижесінде оң көрсеткішге ие болдық. Сонымен қатар, 3 885 кәсіпкерлік бастамаға 2,4 млрд. теңге көлемінде мемлекеттік грант табысталды. Биыл мемлекеттік қолдау шаралары жалғасатын болады. Атап айтсақ, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығына» – 950 млн. теңге, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына – 2,5 млрд. теңге және мемлекеттік гранттар беру үшін «Еңбек» бағдарламасына – 2,4 млрд.теңге бөлінді, – деді Мұрат Тасқараев.


«Қызылорда жантақ балы» ЖШС-нің директоры Асхат Раисов былтыр «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы «Бал шығару» жобасына 50 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қазіргі таңда кәсіпкердің өнімі бірнеше сауда орталығында сатылуда.


-Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібімді ашуға мүмкіндік туды. Біз үш түрлі балды шығарудамыз. Әзірге бес адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта жеке кәсібімді кеңейтіп, кең көлемде бал өндіруді қолға алмақпын, – деді жеке кәсіпкер Асхат Раисов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<