«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» – РУХЫМЫЗДЫҢ АЙҒАҒЫ

352

0

Әлеуметтік желіден бірнеше рет шаңырақ көтерген жастардың той өткізуден бас тартып, қайырымдылық жасағанын көргенде шын сүйсінгенбіз. Жақында осындай әңгімені құлағым шалып, тағы да қуанып қалдым.

– Шашылып-төгіліп үйлену тойын жасаудың не керегі бар? Одан да екі жасқа ата-аналары бірігіп, үй әперсе…  
– Меніңше екі жас тойға кететін шығынды қайырымдылыққа жұмсағаны дұрыс. Болмаса саяхаттап қайтсын.  
– Тойға 300-400 адам шақырып не керек, ең дұрысы ет жақындарыңа шағын отырыс жасап, үйден тамақ берсе де болады…  
Жалпы қазір қоғамда әр нәрсеге байыппен қарау, яғни, прагматизм анық байқалады. Тіпті өзін дамытуға, жаңа қырынан танылуға асығатын жастар көбейді. Әлеуметтік желідегі психологиялық тренингтер мен түпкі сананы өзгертуге байланысты кітаптарға сұраныс жоғары. Бұл – қоғамды жаңартуға көп септігін тигізеді. Өйткені бәсекеге қабілетті тұлға ең алдымен сауатты, түрлі ғылым салаларынан, әсіресе математикадан, психологиядан хабары болуы керек.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты – қоғамдық сананы өзгерту. Әрине, жылдар бойы санамызда жатталып қалған қағиданы бұзып-жарып, күнделікті дағдымызды басқа арнаға бұру оңай шаруа емес. Ол үшін ең алдымен әр адам өзін жеңуі тиіс.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 200-ге жуық ауқымды шаралар өткізілді. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы аймақтағы барлық аудан тұрғындарымен кездесіп, семинарлар ұйымдастырды. Алайда атқарылған жұмыстар өз мақсатына жетті ма, көпшілік сұранысын қанағаттандыра алды ма деген сауалдар көкейден кетпейді. Өйткені кейбір шараларға қатысушылардың мәжбүрліктен отырғанын, тіпті кейбірін ешнәрсе қызықтырмайтынын байқағанымызда жанымыз күйзелді. Әсіресе жастар аудиториясын қандай тақырыптар қызықтырады? Оларға қандай форматтағы шаралар ұнайды деген сауалдар санамызда сайрап тұрды. Алғашқы әрекетіміз өте сәтті шықты десек қателеспейміз. Облыстық «Ана мен бала» орталығына барып, 20 жаңа туған сәбиге есімдері жазылған домбыра сыйлау рәсімі көпшіліктің ыстық ықыласын тудырды. Бұдан бөлек, Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша мектеп мұғалімдерінің дебаты, «Ғашықтық жырлардағы ұлттық құндылықтар» сайысы, ұлттық сусындар акциясы аймақта алғаш рет өткізілді.
Жасыратыны жоқ, бағдарлама логотипін кез келген шараларға қою қатты белең алып кетті. Сондай-ақ көпшілік шараларда кері байланыс, қатысушылардың пікірі, ұсынысы туралы мүлдем назардан тыс қалып жатады. Оның үстіне бағдарлама мазмұнына сәйкес келмейтін спорттық сайыстар, байқауларға логотипін жапсыру жұртты жалықтырып жіберді. Мұның басты себебі, әлі де болса бағдарламаның мақсаты мен міндеттерін жете түсінбеуден, екіншіден, есепке енгізу үшін ғана шара өткізушілердің жауапсыздығынан деп білеміз. Жоғарыда аталған мәселелердің бәрін бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Соған қарамастан, орталық мамандары барлық ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында семинар өткіздік. Семинарға ішкі саясат бөлімінің, мәдениет, жастар бөлімдерінің мамандарымен бірге мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Семинарға қатысушылардан бағдарламаға байланысты бірнеше сұрақтарды қамтитын сауалнама алдық. Орталық жүргізген сауалнамаға 730-ға жуық адам қатысты. Олар бағдарлама туралы ақпаратты негізінен интернеттен, телеарнадан алатынын жеткізді. Сауалнамаға қатысушылардың 70% бағдарламаның болашағына сенеді, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жаңа жобаларды күтетінін білдірген. Бұл нәтижеге шын қуандық. Елдің болашағына сеніммен қарайтын жастар өз жобаларын жүзеге асырғысы келеді. Бағдарламаға байланысты ұсыныс-пікір білдірушілер қатары қатысушылардың 40%-ын ғана құрады. Мәселен, базар маңынан радиотораптарын ашу, күнделікті «Қазақ радиосының» хабарларын тыңдау арқылы көпшіліктің рухани әлемін байыту, Сыр өңірінің тарихына байланысты мультфильм түсіру, мектеп оқушыларының киелі жерлерге саяхатын ұйымдастыру, аймақтық туризмді дамытуға байланысты ұсыныстар көңілге қонымды. Жоғарыда аталған пікірлерді жергілікті мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қолдаса екен деген тілегіміз бар.
Елбасы бағдарламаны жаңа мазмұнда дамыту мақсатында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жариялады. Біздің елімізде бұрын-соңды болмаған бірнеше жобаларды ұсынып, тарихи сананы жаңғыртуға байланысты нақты тапсырмалар берілді. Ендігі міндет – жаңа жобаларды нәтижелі іске асыру.
Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасына барлық министрлік пен барлық мемлекеттік органдар жауапты. Бағдарлама әрбір азаматтың санасын өзгертуге, әрбір азаматтың бойында отаншылдық, мемлекетшілдік сезімін оятқанда, өз нәтижесін береді.

Бағдарламаның бәсекелік қабілет, сананың ашықтығы, прагматизм, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, ұлттық бірегейлікті сақтау принциптері меритократиялық қоғам құруды көздейді. Меритократиялық қоғам дегеніміз – бұл  әрқайсысының қабілетіне қарай, еңбегіне қарай, ал мұқтаждарға қажеттіліктеріне қарай құрылған, барлығына тең мүмкіндіктер мен лайықты өмірдің әділ қоғамы.

Ал әділ қоғам, қайырымды қала тұрғызу Әл-Фарабидің трактаттарында жазылғаны көпшілікке аян. Біз көбінесе әділдікті биліктен, шындықты айналадан іздейміз. Шын мәнінде қоғамның кемшілігін әркім өзінен іздеп, соны түзете білсе, ойымыздағыдай өмір сүруге дағдыланар едік.

Заманауи әлемде әр жеке тұлға өзін-өзі көрсете білуі үшін қоршаған ортаға деген қызығушылық, жаңалықты қабылдай білу, шығармашылық және кәсіби бәсекелік қабілет, қоршаған әлемнің сыни қатерлерін қабылдай және еңсере білуі қажет. Сондай-ақ, өз білімін жетілдіруге және өмір бойы білім алуға ұмтылуға ықпал ететін жобалар қажет. Бағдарлама аясында «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» арнайы жобасы мен таңдаулы ақын-жазушылардың көркем шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылып, басылуда. Бұл жобалар мақтануға тұрарлық жетістіктеріміздің бірі ғана.

Бір сөзбен айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бүгінгі қоғамның идеологиялық құжаты. Сондықтан да оған барынша жауапкершілікпен қарағанымыз абзал. Ең бастысы – әр азаматтың әлемді өзгерте алатын мүмкіндігі бар.

Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
облыстық «Рухани жаңғыру» 
орталығының бөлім басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<