СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰР

645

0

ҚАМҚОРЛЫҚ ПЕН ҚОЛДАУ ҚАНАТТАНДЫРҒАН АЙМАҚ

СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰРҚазақтың қалың тарихының парақтары «мың өліп, мың тірілгенін» айғақтайды. Баһадүр бабалар Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлы даланы ұрпағына аманаттау үшін «күндіз күлмеді, түн ұйықтамады”. Жүзжылдықтарға созылған азаттық күресінің жеңісі жиырмасыншы ғасырдың соңында ғана қолға тиді. Ғасырлар тоғысындағы сол кезең қазақтың тағдырын бұрын-соңды түспеген соны сүрлеуге бұрды. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде әлемнің саяси картасынан өз орнын алды. Шекарасын бекітіп, елдігін мойындатты. Адамның құқығы мен бостандығына кепілдік берген Ата Заңын қабылдап, астанасын Арқаға көшірді. Бар болғаны екі онжылдықта ғасырға татитын жолды жүріп өтті. Әлемдік қауымдастықтағы өз орнын белгілеп, төрткүл дүние санасатын мемлекетке айналды. Халқымыздың атақ пен абыройының асқақтауы, тәуелсіз ел ретінде жер-жаһанға танылуы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен тікелей байланысты. 

Қазақстан Президенті жүргізіп отырған сындарлы саясат пен әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер айтқан пікірлер жетерлік. Солардың бірі Еуропа Қайта құру және даму банкінің президенті Жан Лемьер «Қол жеткен нәтижелерге тоқмейілсімей, экономикалық реформаларды алға апаруда, тиісінше қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін арттыруда әрдайым ілгерілей беруге ұмтылып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты үлкен құрметке лайық. Әлбетте, Президент алған бағытынан айнымай келеді, оның басты белгілері – жинақталған сындарлы тәжірибені жазбай пайдалану, әлем үшін ашық болып қала беру. Бұл – саудадағы ашықтық, саясаттағы ашықтық, жаңа идеяларға ашықтық. Сол себепті біз Қазақстанмен біргеміз, бірге бола береміз” дейді. Осы тектес ой орамдарынан Елбасының әлемдік қауымдастықтағы беделі айқын көрінеді.  
Қазақтың кең-байтақ даласының қай өңіріне де кие қонған, құт дарыған. Әйткенмен, тұтас түркі жұрты Сыр бойын атамекеніміз деп таниды. Ұлы дарияның бойында орналасқан қазақтың ежелгі астаналары бұл мекеннің тарихтағы орнын айшықтап тұрғандай. Елбасының осы өлкені «Сыр – Алаштың анасы” деп атауында ерекше мән бар. Мұнда қазақ халқының келешегіне қатысты тағдырлы шешімдер қабылданғаны өзінше бөлек әңгіме.
Елбасы тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысының, ондағы еңбексүйгіш халықтың ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Елбасының Сыр еліне жасаған әрбір сапарынан мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түседі. Ұлт Көшбасшысының ыстық пейілі, ағайынға арнаған лебіздері жұртшылықтың көңілін көтереді. 
Уақыт дөңгелегін кері айналдырып, тәуелсіздіктің елең-алаң шағына сәл шегініс жасасақ. Елбасы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде Арал тағдырына адам тағдыры деп қарап, экологиялық аймақтағы мемлекет басшыларының басын қосты. Арал проблемасы алғаш рет халықаралық деңгейде Қызылордада талқыланды. Н.Назарбаевтың бастамасымен халықаралық «Аралды құтқару қоры» құрылып, экологиялық өңірдің мәселелерін жіті назарда ұстады. 
Бұл кезде жас мемлекеттің алдында басқа да мыңдаған күрделі мәселелер тұрған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Сыр бойындағы экологиялық апаттан зардап шеккен халықты қат-қабат қасіреттен құтқаруды екінші кезекке ысырып қоймады. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, Қазақстанның Дүниежүзілік Банкпен ынтымақтастығына негіз қаланды. Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы ұлғайды. Аймақтың ауа райы өзгеріп, климаттың табиғи болмысы қалыптасты. Ауданда балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар ата кәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Қазіргі таңда Аралда бұрынғы кеңес заманында салынбаған жаңа технологиялы балық зауыттары жұмыс істейді.
Сыр өңірі үшін маңызы аса зор «САРАТС» жобасының алғашқы нәтижелерімен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев оның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді. Қасиетті Арал топырағында тұрып, «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі халық жадында мәңгі қалды. Теңіздің оралуы туралы әлемдік ақпарат құралдары жарыса жазып, табиғи апат салдарын жоюдың осынау үлгісіне таңдай қақты. Қазіргі таңда «САРАТС-2» жобасын жүзеге асыруды бастау қолға алынуда. Мамандардың талқысынан өткен, қабылданған шешімдер бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан ел ежелден бері Жер-анадан ризығын теріп келеді. Қайсыбір жылдары қыс айларында арнасы толған дария асау мінез көрсетіп, қала іргесіндегі мекендер мен саяжайларды су басып қалды. Арнасына сыймай жатқан өзеннің суы егістікке керек кезде тапшылық етті. Бұл күрделі мәселенің де шешімін Елбасы айтты. Ол Оңтүстік Қазақстанның аумағынан Көксарай су реттегішін салу еді. Су реттегіші пайдалануға берілгелі қыс соңында судан құтыла алмай, көктемде су таба алмай қиналатын еңбекшілердің уайымы азайды. Қызылорданы судан қорғауға әрі қажет кезінде егістікті суландыруға қабілетті Көксарай су реттегіші дарияның төменгі ағысындағы елдің игілігіне жарап тұр.
Экономикалық құрылымы жағынан жылдар бойына аграрлық аймақ болған Сыр өңірі тәуелсіздік алған соң мұнайлы аймаққа айналды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жалдық мерзімі аяқталған Құмкөл жерін әлі де біздің облыстың еншісіне қалдыра тұруға шешім қабылданды. Қазақтың дархан даласының, қойнауы қазынаға толы жерінің байлығы баршаға ортақ. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мұнайшылық кәсіпті игерген сырбойылықтар бүгінде Елбасының осы шешімінің пайдасын көріп отыр. 
Қызылорда халқы кеніштерде есепсіз жанып жатқан ілеспе газды жылдар бойы тұтына алмады. Қисапсыз байлық босқа жанып жатқанда, қала халқы құны аспандап тұрған отын мен көмірді пайдалануға мәжбүр болды. Елдің қамын ойлайтын Елбасы бұл істе де бастамашалық танытып, Қызылорда қаласын газдандыру жобасына қыруар қаржы бөлінді. Жыл сайынғы Жолдауларында газдандыруды аяқтау туралы Үкіметке тапсырма берді. Міне, осының арқасында облыс орталығы арзан «көгілдір отынның” игілігін молынан көріп отыр. Ал, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры іске қосылғанда аудандар мен ауылдар «көгілдір отын» жағады. 
Алдағы уақытта Қызылорда облысын кешенді газдандыру қолға алынбақ. Бірінші кезеңде, яғни, 2013-2015 жылдары 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар тиісті дәрежеде жүзеге асырылған жағдайда облыс халқының 70 пайызын газбен қамтуға қол жеткізіледі. Бұл тапсырманы жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Бүгінде құрылысы жүріп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі Қазақстан экономикасының күретамырына айналар күн алыс емес. Осы алып жоба Сыр елінің әлеуетінің артуына қызмет етуде. Қытай мен Еуропаны жалғастыратын транзиттік дәліздің 800 шақырымнан астамы Қызылорда облысының аймағында. Президент бастамасымен қолға алынған бұл ұлы жол облыстың барлық аудандарын басып өтеді. Қазіргі уақытта құрылыста бірнеше мыңдаған адам жұмыс істейді. Жаңа ғасырдың жаңа Жібек жолы аймақ экономикасы мен әлеуметтік дамуына қомақты үлес қосып келеді. 
Соңғы он жылда елімізде табысты жүзеге асырылған «Таза су» бағдарламасы тұрғындарды суды тасымалдап пайдалану машақатынан құтқарды. Бұл бағдарлама шапағатын сырбойылықтар да көруде. Облыстың елді мекендеріне су құбырлары тартылып, жүздеген ауылдар таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Қызылорда қаласының өзекті мәселенің бірі – ауыз су сапасына қатысты да оң шешімдер қабылдануда. Осы мақсатта «Қызылжарма» жерасты су қоймасын игеру басталды. Қазіргі таңда 10 ұңғыма бұрғыланды. Жыл соңына дейін тағы да 6-ның бұрғылануы аяқталады. Қажетті инфрақұрылымдармен жабдықтау жұмыстары аяқталған соң, жыл соңына дейін облыс орталығының су жүйесі осы ұңғымаларға қосылады.
Сыр елі Елбасының ерекше ықыласына бөленген аймақ. Соңғы жылдары әлеуметтік салаға көрсетілген қолдау арқасында жүздеген мектептер мен балабақшалар, медициналық нысандар салынып, пайдалануға берілді. Біздің облыс халқы Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан”, «Тұрғын үй құрылысы”, «Мәдени мұра”, «Қолжетімді баспана”, «Жұмыспен қамту”, «Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламаларының игілігін молынан көріп келеді. 
Қызылорда облысында Елбасы тапсырмасымен қолға алынған Үдемелі индустриялдық-инновациялық бағдарламасының аяқ алысы тәп-тәуір. Осы жылдың басында шыны зауытының құрылысын Ақтөбе облысында салу туралы Үкімет қаулысының жобасы әзірленген болатын. Облыс басшылығы бұл шешімді түбегейлі өзгертуді сұрап, жобаның біздің облыста жүзеге асуына қол жеткізді. Бұл өндіріс тәулігіне 600 тонна әйнек шығаратын болса, жылына 180000 тоннаға жуық өнім дайындайды. Кәсіпорын өнімді экспортқа шығарумен ерекшеленбек. Yдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған» темір жол құрылысы жүргізілуде.
Ал, «Баласауысқандық» ванадий кен орнына келетін болсақ, онда алғашқы 6 тонна сынамалы аммоний метаванадаты өндірілді. Қазіргі таңда, құрылғыны футеровкалау жұмыстары аяқталуға таяу. Өндіріс толық іске қосылғанда метаванадаттан басқа молибденді де өндіру жоспарда бар. 
Сыр өңірі Елбасының қамқорлығы арқасында өндірісі өркендеп, тұрмысы оңалған өлкеге айналды. Халық та Елбасының баянды бастамаларын ұдайы қолдап, өз ой-пікірлерін білдіріп отырады. Қамқорлық қанаттандырған аймақ тұрғындары тәуелсіз еліміздің болашағы жолында еңбек етіп, Тұңғыш Президенттің жанына топтасуды өмірлік мұрат тұтады. 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

ҒАСЫРДЫҢ ҒАЖАЙЫП ЖОБАСЫ
Әлемде мұхит пен мұхитты қосқан арналар бар, бірақ құрғап қалған теңізді қайта қалпына келтірген жобалар жоқтың қасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасының жүзеге асырылуы осының жарқын мысалы. Әлемдік қауымдастық Кіші Арал теңізінің қайта оралуын жоғары бағалап, оны ғасыр жобасы деп атады. 
Елбасы сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экологиялық аймақтағы Қызылордада бес мемлекет басшыларының басын қосып, алғаш рет Арал проблемасын халықаралық деңгейде талқылады. Арал экологиясы әлемнің ортақ проблемасы екеніне жер жүзі қауымдастығының көздерін жеткізіп, оны сауықтыру жолында көп күш-жігер жұмсады. 
Осы кезеңде буыны бекімеген жас мемлекеттің басқа да қиындықтары көп болғанына қарамастан, халықты осынау қасіреттен құтқаруға белсене кірісуі үлкен ерлік еді. Соның нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалудың идеясы САРАТС жобасы дүниеге келді. Жобаның алғашқы кезеңінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырым Көкарал бөгеті тұрғызылып, Ақлақ тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, Қараөзек, Әйтек тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Аралдың суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есе ұлғайды. Аймақтың ауа райы жақсарды. Байырғы балық шаруашылығы қайта өркендеді. Қаладан 75 шақырымға қашықтап кеткен теңіз қазір 17 шақырымға жақындады. Теңіз тағдыры Орта Азия мемлекеттеріне ортақ болса да бірде-бір ел мұндай істі қолға алмаған еді. 
Аралдың қайта оралуы аймақтағы дәстүрлі балық шаруашылығының қайта жандануына серпін берді. Соның нәтижесінде тұзданған судың көлемі азайды. Бұрын теңізде балықтың екі-ақ түрі болса, қазір 22 түрі бар. Бүгінгі таңда одан 4,5 мың тоннадай балық ауланатын болса, болашақта 30 мың тонна өнім алуға мүмкіндік туды. 
Елбасы Аралға сапарында жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруға тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру қолға алынып, оның 6 компоненті мақұлданды. Жалпы алғанда, екінші кезеңнің іске асырылуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. 
Бүгінде екі ауданда қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған бірнеше балық зауыты жұмыс істейді. Биылғы жылы құрамында «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ, балық институтының Арал филиалы және 19 балық шаруашылығы мен мүдделі ұйымдар кіретін балық консорциумы құрылды. Бұл өндірілген өнімнің өңделуіне жол ашып, оны Ресей, Украина, басқа да елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік беріп отыр. 
Арал жұртшылығы Елбасының тікелей қамқорлығын көріп, бүгінгі ұстанған саясатының жемісін нақты сезініп отыр. Халықтың өз Президентіне деген ықыласы айрықша. Құрғап қалған теңіздің қайта оралуы халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартып, ертеңге деген сенімін еселей түсуде. Әлем жұртшылығы ғасыр жобасы атаған ұлан-ғайыр істің шарапатын, ғажайып жемісін халық көруде.
Әділбек ӘЙІМБЕТОВ,
облыстық Балық шаруашылығы консорциумының төрағасы.

Арал ауданы.

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ

«Адамның қиялына тұлпар ілесе алмайды». – деген тәмсіл бар. Бәлкім солай да шығар. Алайда, біздің елімізде санаулы уақытта жүзеге асқан игілікті істер адамзаттың мүмкіншілігі шексіз екендігін дәлелдеді. Тәуелсіз Қазақстанда қолға алынған ғаламат жобалар төрткүл әлемді қайран қалдыруда. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың байыпты ұстанымы, көрегенділігі арқасында ғажайып жетістіктерді бағындырғанымыз баршаға аян. Әрі мұндай оқиғалардың жалқы еместігі жан жадыратады. 
«Теміржол – экономиканың күре тамыры». Біздің республикамызда бұл саланың алға басуына ерекше мән беріледі. «Жезқазған-Бейнеу» теміржолы құрылысы соның айғағы. Телекөпірде Елбасымыз «Бұл – еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. Дүниежүзінде мың шақырымнан асатын теміржол құрылысын салып жатқан бірде-бір мемлекет жоқ. Жоба барысында мыңдаған адам тұрақты жұмысқа орналасады. Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту» – деген еді. Міне, бұл сөздер енді ақиқатқа айналуда. 
Аталмыш жобаның ұзындығы 988 шақырымды қамтиды. Желісі Абай, Атанши елді мекендерінен өтіп, Жезқазғанға ұласады. Келешекте Сексеуіл тораптық стансаға айналады. Инфрақұрылым дамиды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ондаған мың текше метр жерге топырақ төселді. Шпалдар жүргізілуде. Кіші көпірдің, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автожолының маңындағы көпірдің негізгі жұмыстары аяқталды. Мен құрылысшы ретінде осынау алып жобаның жүзеге асуына атсалысып жүргенімді зор бақыт санаймын. 
«Базис-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарымен шұғылданады. Нақты кезеңде салынуға тиісті тұрғын үйлердің баршасында құрылыс жұмыстары басталып кетті. Серіктестікте 500-ге тарта адам еңбек етеді. Олардың ішінде жергілікті тұрғындар аз емес. Құрылысқа керекті материалдар кедергісіз жеткізілуде. Түрлі техникалармен қамтылған. 
Серіктестік кенттегі мәдени өзге де шараларға демеушілік көрсетуден, көркейту-көгалдандыру, тазалық сақтау жұмыстарынан қалыс қалып көрген емес. Бұл біздің азаматтық парызымыз деп санаймыз. 
Марат КӨПЕШОВ,
«Базис-А» құрылыс компаниясы №2 филиалының директоры, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы».

Сексеуіл кенті.

СЫНДАРЛЫ САЯСАТТЫҢ ЖЕМІСІ

Сыр аймағына Елбасы келеді екен деген қуанышты хабарды естігенде жүрегімді қуаныш кернеп қоя берді. Өйткені, сексен жастың сеңгірінде шыққан мен Елбасымен бір емес, бірнеше рет дидарласқаным бар.
Соқтықпалы соқпақты өмір жолымен жүріп келеміз ғой. Содан да еліміздің кешегі келбеті мен бүгінгі бейнесі көз алдымызда көлбеңдеп тұра қалып, айырмашылығы жер мен көктей екендігіне көзіміз жетеді. Еліміздің еңсесін тіктеп, әлемге әйгіленуі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі мен кемеңгерлігінің, сарабдал саясатының сыйы десем, асыра айтқандығым болмас.
Алаштың анасы – Сыр елінің де жыл сайын емес, ай сайын айшықтанып, абаттандырылуы Елбасымыздың сындарлы саясатының жергілікті жерде жүзеге асырылуынан, ел-халықтың қолдауынан деп білемін. Мен маржандай маңдай терімді сыпырып, еліміздің ертеңі үшін, ұрпағымыздың кемеңгер келешегі үшін еңбек еткен жанмын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, атам қазақ айтқандай, сол еңбегімнің тәтті нанын жеп отырған жағдайым бар. Он баланы өмірге әкеліп, бүгінде немере-шөберелерімнің қызығына да кенеліп отырмын. Тағы да қайталап айтайын, біздердің мұндай бақыт құшағына кенелуіміз Елбасымыздың көрегенділігі мен кемеңгерлігінің арқасы.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұстанып отырған мемлекеттік бағыт-бағдары – ел дамуының басты кепілі. Ендеше, еліміз тыныш, Елбасымыз әманда аман болсын деген аналық ақ тілегімді алғаусыз айтқым бар. Еліміз Елбасымен бірге жасай берсін!
Сәлима ЖҰМАБЕКОВА,
Еңбек Ері, Батыр ана.

Қармақшы ауданы.

ЕЛБАСЫ ДЕСЕ, ЕЛ ДЕСЕ

Қазақ деген халықпын елдігі нұр,

Елдігіне еркіндік берді ғұмыр.
Байрақты бабалардың байтақ жолы,
Ер болмыс Елбасының ерлігі бұл!
Дүниені кезіп кетті атым бүгін,
Қауызынан жарылып жатыр жырым.
Елбасы мен Ел атын бір өлеңнің,
Бір жолына сыйғызды ақындығым.
Көтеріліп ақ күмбез сардаламнан,
Озып кеткен баяғы ордалардан.
Күн шапағын көтерген қанатымен,
Алтын қыран – атамнан қалған арман.
Төңіректі төрдегі түрге малып,
Жиырма жылда көркейдім гүлге оранып.
Қазақ десе азат деп ұйқастырам,
Ел дегенде Елбасы тілге оралып.
Өміріңе жарасқан өр тұлға шат,
Тектің тінін жалғаған көркің ғажап.
Көк туыңды кеудеңнен жоғары тұт,
Бақытыңды бағала, еркін қазақ!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

СЫРДА МЕТАЛЛУРГИЯ САЛАСЫ БАР

Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуі жолында тың ұсыныстарды ортаға салумен қатар, дұрыс шешімдерді батыл қолдап келе жатқаны анық. Осы орайда Президент өзінің биылғы халыққа Жолдауында «Біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бірінші болып жеке меншікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасадық. Біздің моделіміз шетелдік инвестицияларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген», деп атап көрсетті. Бұл батылдық пен ашықтық Сыр өңірінде де жаңа идеялардың жүзеге асуына бастама болды деп айтқанымыз жөн. Атап айтқанда, бұрындары негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы Қызылорда облысында металлургия саласы пайда болды. 
Ол Шиелі ауданынан бастау алды. Ауданның жетістігі мен жаңалықшылдығын сөз ететін болсақ, үстіміздегі жылы өңірлік Индустрияландыру картасына сай 4 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Оның қатарында жобалық құны 1 млрд. теңге көлеміндегі ванадий металын автоклавты тәсіл бойынша өндіруді қолға алатын зауытты іске қосатын «Фирма Балауса» ЖШС-ның бастамасы облыс әкімі тарапынан қолдау тауып, жүйелі жұмыстарға кірісті. Аталмыш өндіріс орны өте сирек кездесетін металл ваннадий өндірумен шұғылданады. Ванадий – автокөлік, әскери техникаларды жасап шығару барысында темірге қосылып, оның беріктігін арттыратын металл. Егер ол қосылмаса, техникалардың салмағы бірнеше есеге артып, беріктігі өте төмен болар еді. 
– Нақты кезеңде өндіріс орнын қайта жаңғырту, жаңадан жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, заман талабына сай қалдықсыз өндіріс орнығуы үшін ванадий өндіруден соң, бірнеше сатылы қосымша өнім шығару цехтары жұмыс жасайтын болады. Мәселен, аккумулятор шығару, темір-бетон бұйымдары, басқа да қажетті заттар өндіріле бастайды. Кәсіпорында қазір 225 адам еңбек етеді. Арнайы мамандардан өзгесінің басымы жергілікті жердің азаматтары, – дейді Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Мақұлбеков бізбен әңгімесінде. 
Иә, Сыр өңірі жаңаша қарқынмен дамып келеді. Өнеркәсіптің қатарына металлургияның қосылуы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттырып, кәсіби жаңа саланың қалыптасуын жеделдетеді. 
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы.

ЖАРТЫ ӘЛЕМДІ ЖАЛҒАСТЫРҒАН ЖОЛ

СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰРОсыдан үш жыл бұрын біздің облыста басталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы еліміз үшін маңызы ерекше. Қазақстанның бес облысының аумағынан өтетін әйгілі автобанның 812 шақырымы біздің өңірден өтеді. 
Еліміз осы халықаралық жобаға қатысу мүмкіндігіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік қауымдастық алдындағы беделі арқасында қол жеткізіп отырғандығын айрықша атап өткен жөн. Әлем экономикасында қаржы дағдарысы басталған тұста, автомибиль жолдары саласын дамытуға бағытталған жобаға 10 млрд. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуі тәуекелді шаруа еді. Ресей, Қазақстан және Қытай мемлекеттерін жалғастыратын автобан құрылысын қаржыландыруда үлесі басым Бүкіләлемдік банк өзінің көпжылдық тарихында алғаш рет жол саласына осынша мөлшерде қаржы құйып отыр. 
Алдыңғы жылы облысымызға іссапармен келген Елбасымыздың өзі күре жолдың халық үшін пайдасы мен тиімділігінің қаншалықты екенін айтқан болатын. Сонымен бірге, өзінің Сыр аймағына ерекше қамқорлық танытатынын да әрдайым қайталап келеді. Қазақстан аумағын Еуропа және Қытаймен жалғастыратын халықаралық автобан құрылысы аяқталғанда жергілікті халыққа жұмыс көзін ашуға мүмкіндік береді. Оның бойында салынатын халықаралық талаптарға сай келетін мейрамхана, қонақ үй, май құю секілді қоғамдық қызмет көрсету саласы да айрықша дамиды. Бүгіннің өзінде Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында да қарымды тірліктер байқалуда. Мегажоба аясында тек республикамыздың ғана емес, сонымен қатар, облыстың экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамуына жол ашылады. 
Алып елдерді жалғастыратын құрылыс елімізде көлік-логистикалық кластерін дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елімізде қазіргі заманғы автожолдың салынуына қол жеткізіледі. Көп ұзамай жарты әлемді жалғастыратын жоба игілігін қызылордалықтар да көретін болады. 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НҰРЛЫ ЖОЛҒА ТҮСКЕН ҰЛАН

СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰРНұрсұлтан өзіне осы есімді берген Балдырған әжесіне әркез риза болады. Кезінде ақ күріштен тау тұрғызып, өзінің ақ-адал еңбегімен Еңбек Ері атанған Балдырған Мұстафаева өзінің тұңғыш немересіне өз тұстастарын оралымды ойларымен, батыл іс-қимылдарымен, ұтымды ұсыныстарымен баурап алатын Елбасының атын бергенде оған сәл де болса ұқсаса деген арманы екенін үнемі айтып отыратын-ды. Өзінің Елбасымен түскен суреті әлі күнге қарашаңырақтың төрінде ілулі тұр. Төрт-бес жасар ұлттық киім киген Нұрсұлтан Тұңғыш Президенттің құшағында мәз болып тұр. Сонда Елбасы кішкентай аттасына дойбы, ұшақтың макетін сыйлаған. Әжесі одан кейін де үлкен кісінің өзі туралы үнемі сұрастыратынын айтып, өзінің атына лайық болуы қажеттігін құлағына құятын-ды. Өзін жанындай жақсы көретін әжесінің тәрбиесі болар, әлде Елбасының атына сай болуды өзіне мақсат еткендіктен болар, әйтеуір Нұрсұлтан қатарынан кейін қалуды өзіне ар санайтын. Қаладағы Тұрар Рысқұлов атындағы №222 мектепті ойдағыдай бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің заң бөліміне оқуға түсті. Сонда оқып жүргенінде Елбасымен тағы жүздесудің сәті түсті. 2005 жылы Сыр өңіріне келген сапарында Мемлекет басшысы студент Нұрсұлтанға өзінің қолтаңбасы бар сағат сыйлап, алдағы өміріне сәттілік тілеген еді.

Уақыт бір орнында тұрмайды. Елбасының әрбір сөзі мен ісі бір-бірімен үйлесім тауып, ел өмірінде өзіндік қолтаңбасымен айшықталып келеді. Алысқа бармай-ақ, оны Сыр өңірінің бас қаласының өзінен аңғаруға әбден болады. Кезінде Алаштың астанасы болған, қазір де қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылорданың күн өткен сайын аумағы кеңейіп, сәулетті нысандар қатары көбейіп келеді. Туған жерінің керегесінің кеңіп, сәулетінің артқанын әркім де мақтаныш етеді. Нұрсұлтан да солай. 
– Менің әжем үнемі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бәрі де болады, тек төзім мен уақыт керек» деген сөзін еске алатын-ды,– дейді Нұрсұлтан Әбілдаев өз сөзінде.– Мен әркез Елбасы мен әжемнің үміті мен сенімін ақтауға ұмтыламын. Өз қатарластарымның ертеңге сеніммен қарап, батыл қадамдарға баруын құптаймын. Себебі, өзім де университетті бітіргеннен кейін біршама уақыт жұмыссыз жүрдім. Бойда жастық жігер, өмірге деген құлшыныс болса, кездескен қиындықтың бәрін де жеңуге болады. Тек шындығында да төзім мен уақыт керек екен.
Өткенді ой елегінен өткізген Нұрсұлтан Алтынбекұлы өзінің бала кезінде Президенттің ақ батасын алғанын өмірлік мақтаныш тұтады. 
Қараңыз, жоғары оқу орнын ойдағыдай бітірді, әкесі Алтынбек пен анасы Маржанның өрісін кеңейтіп келін түсіріп, немере сүйгізіп отыр, өзі мемлекеттік қызметте. 
Ортасына сыйлы, дос-жарандарымен, туған-туыстарымен қарым-қатынасы ойдағыдай. Оны алға жетелейтін өмірге деген ынтасы мен өз-өзіне сенімділігі, ертеңге деген құлшынысы. 
Елбасыдан алған батасы бақ батаға айналып, өмірін нұрлы жолға бастап келеді. Нұрсұлтан сол үшін де қуанады.

Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ НӘТИЖЕСІ

Сыр өңірі тұрғындарының дені ауылдық жерлерде тұрады. Олардың негізгі тіршілік көзі күріш дақылымен тікелей қатысты. Елдегілер бұл кәсіпті меңгергеніне ғасырға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында күріш елдің мерейін өсірді, абыройын асқақтатты, беделін биіктетті. Қазіргі күні де дария бойындағы дүйім ел сол дақылды аялап, одан мол өнімге негіз қалап келеді. Бұл игілікті істер агроөнеркәсіптің ажарын ашып, аймақтың дамуына оң септігін тигізіп отыр. 
Өзім дүниеге келген Сырдария ауданы Нағи Ілиясов атындағы ауыл кезінде күріш егумен күллі жұртқа мәшһүр болған құтты қоныстың бірі саналады. Сол жарасымды дәстүр күні бүгінге дейін қаз-қалпында сақталып, жылма-жыл жергілікті диқандар мол өнімді қамбаға құйып келеді. «Абзал және К» толық серіктестігі аталмыш шаруашылыққа отандық инвестор ретінде көптеген көмегін жасап, бүгінгі нарық талабына сәйкес еңбек етуге көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ, біз ауылды абаттандыруға, көркейту мен көгалдандыруға мән беріп, бұл бағытта оң істерді жүзеге асыруды жөн көрдік. Соның нәтижесінде туған жер төріндегі қаншама ғимараттың сәулеттік келбетін қазіргі талапқа сай жаңғырттық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев біздің аймаққа жасаған сапары барысында Нағи Ілиясов ауылына да ат басын бұрып, халықтың ауызбірлігі мен татулығы арқасында қол жеткізген зор табыстарға оң бағасын бергені бізді мерейлендіре түседі. Осындай мемлекеттік-жекеменшік негізде жүзеге асқан жұмыстар нәтижесінде мен «Парыз» сыйлығына ие болдым. Бұл марапат маған үлкен жауапкершілік жүктейді. 
Күріш шаруашылығы – әрдайым мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін сала. Бұл орайда Президентіміздің көрсетіп отырған қамқорлығын ерекше атап өткеніміз орынды. Мәселен, күріш шаруашылығына берілетін субсидия көлемі жылдан жылға артып отыр. Үстіміздегі жылдың шілде айында күріш егу шығындарын өтеуге берілетін субсидия нормасы 18 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтерілді. Сонымен қатар, алғаш рет гербицидтерді пайдалануды субсидиялау шарасы қолға алына бастады. Осының нәтижесінде бір гектар жерге егін егуге жұмсалатын шығынның қомақты бөлігіне мемлекет тарапынан субсидия берілетіні мемлекеттің бұл салаға көрсетіп отырған үлкен қамқорлығы деп нық сеніммен айта аламын. Яғни, бір гектарға 166 мың теңге жұмсайтын болсақ, сол шығынның 43 мың теңгесін мемлекет өтеп беріп отыр. Оны ауыл шаруашылығын пәрменді қорғау деп санаймыз. 
Рас, күріш өндірісінде бірқатар проблема баршылық. Диқандардың табыс табуы мен саланы дамытуда қиындықтар кездеседі. Кейбір диқандар өз өнімдерін арзан бағаға өткізуге мәжбүр болып келді. Бұл орайда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күріш консорциумын құруға мән беріп, күріш кластерін қалыптастыруға көңіл бөлді. Сонымен қатар, бәсекелестік ортадағы жағдайды қалыптастыру үшін биыл «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС күріш бағасын 40 теңгеден түсірмей сатып алмақшы. Бұл да елдегілердің еңсе жазуына игі әсерін тигізетін болады. 
Абзал ЕРАЛИЕВ,

Қазақстан күрішшілер одағының төрағасы, «Абзал және К» толық серіктестігінің төрағасы, Президенттік «Парыз» сыйлығының иегері.

«КӨГІЛДІР ОТЫН» – КӨПШІЛІК ИГІЛІГІ

СЫРДЫҢ ЕЛІ – ЕРЕН ЕҢБЕК, ДАСТАН-ЖЫР, ТӘУЕЛСІЗДІК ШАПАҒАТЫ ШАШҚАН НҰРЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен басталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының құрылысы бірегей жобалардың қатарында. Құны 3,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын бұл жоба бүгінгі таңда «Қазақстан-Қытай» магистральді газ құбырын салу туралы екі ел үкіметтері арасында жасалған келісімге, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Қытай Ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) арасында жасалған уағдаластыққа сәйкес жүзеге асырылуда.

Елдің оңтүстігіндегі қалың көпшілік үміт артып отырған «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырының жобасы – инвестициялық стратегиялық жобалар тізбесіне енгізілген. Сондай-ақ, ол 2010-2014 жылдарға арналған еліміздің Индустрияландыру картасына енген аса маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. 
Ел тұрғындарын газ және газбен жабдықтау нарығында өзіндік орны бар «ҚазТрансГаз» компаниясы жуырда тағы бір маңызды қадам жасады. Қыркүйектің алғашқы онкүндігінде «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын «көгілдір отынға» толтыру ісі салтанатты жағдайда ашылып, қос мемлекеттің басшылары қатысқан шара тікелей телекөпір арқылы таратылғаны мәлім. Осы күні Оңтүстік Қазақстан облысының «Ақбұлақ» кентінде «Бозой-Шымкент» газ учаскесін газға толтырумен бірге «Бозой» және «Ақбұлақ» газ өлшеу стансалары пайдалануға берілді. Аталған газ құбыры еліміздің оңтүстігінде орналасқан бірнеше облыстарды табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл магистральді құбыр Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Бұл осы құбыр бойында, яғни оңтүстікте орналасқан 500-ден астам елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көреді деген сөз. 
Осы ірі жоба аясында алдағы уақытта «Бозой» кенті мен қала іргесіндегі «Қараөзек» елді мекенінде екі компрессорлық станса салу көзделіп отыр. Ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аяқталған тұста ол жылына 2,5 млрд. текше метрге дейінгі көлемде газ тасымалдау мүмкіндігіне ие болады. Кейіннен «Бозой» компрессорлық стансасы пайдалануға берілген кезде аталған газ құбырының қуаты жылына 6 млрд. текше метрді құрайды деп болжануда. Ал, жобаның екінші кезеңі 2015 жылы аяқталады деп күтілуде. Сол кезде газ құбырының бойындағы барлық нысандар толық пайдалануға беріліп, алып магистральдің негізгі қуаты10 млрд. текше метрді құрайтын болады. 
 «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының біздің облыс аумағын көктей өтуі саланың жаңа көкжиектерін айқындап отыр. Нақтылап айтсақ, ең алдымен бірегей жоба көршілес аймақтарымен бірге біздің облыс тұрғындарын да табиғи газбен қамтамасыз етеді. Облыс басшысы Қ.Көшербаев үстіміздегі жылдың басында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы халыққа берген есебінде «көгілдір отынның» игілігі туралы айта келіп, осы жұмысты дереу қолға алатынын жеткізген еді. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының газға деген қажеттілігін толық өтеу үшін алдыңғы кезекте «Бейнеу-Шымкент» газ құбырынан қалаға дейін құбыр тартылып, облыс орталығында екінші автоматтандырылған газ бөлу стансасы салынатынын атап өткен-ді. Осылайша, «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырынан облыс орталығына құбыр тартылып, шаһар ішінде екінші автоматтандырылған газ тарату станциясы салынатыны айқындалды. Сонымен қатар, «Ақшабұлақ-Қызылорда» мен «Бейнеу-Шымкент» құбырларының қиылысын түйістіріп, екі құбырды қосу да жоспарланып отыр. Мұндағы түпкі мақсат АГТС-1 станциясымен бірге шаһарды газбен толық қамтамасыз ету болып табылады. Нақты кезеңде бұл жобаны жүзеге асыруға «ҚазТрансГаз» АҚ белсене кірісіп отыр. Газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор болып табылатын «ҚазТрансГаз» АҚ бүгінде оған 4,1 млрд. теңге қаржы бөлді. Қазіргі таңда оның жобалақ-сметалық құжаттары әзірленуе. Сол кезде облыс орталығы осы кезге дейін тұтынып келген «Ақшабұлақ-Қызылорда» сияқты бір құбырға тәуелділіктен құтылады.
Жалпы, Қызылорда қаласын газдандыру жобасының жалғасын табуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Орайлы тұста айта кетейік, қаламызда бұған қоса, «ҚазТрансГаз» кәсіпорны қаржысы есебінен айналма газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Аталған компания осы жобаны жүзеге асыруға 1,7 млрд. теңге қаражат бөліп, бүгінде жұмыстың 70 пайызы орындалды. Сонымен, жоғары қысымдағы айналма газ құбыры құрылысы қаладағы АГТС-1 тұсынан басталып, «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны жанында аяқталады. Осы жаңадан салынатын айналма газ құбырының ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Нақты кезеңде осы газ құбырының жартысынан астамы төселіп болды.
Сонымен, облыстың елді мекендері мен Қызылорда қаласын үздіксіз және жеткілікті мөлшерде газбен қамтамасыз ету мақсатындағы аймақ басшысының ізденісі өз нәтижесін беретін күн таяап қалды. Қазіргі күні аталған құбыр бойынан барлығы 13 автоматтандырылған газ тарату стансаларын (АГТС) салып, оларды магистральді газ құбырына қосудың және Арал, Қазалы, Байқоңыр қалаларының қалаішілік газ құбырларының құрылысының техника-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде. Сонымен қатар, Сексеуіл, Қамыстыбас, Әйтеке би, Ақай, Төретам, Жосалы, Жалағаш, Белкөл кенттері мен елді мекендерін және қаладағы бұрын газдандырылмаған үйлерді газдандырудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындау қарастырылуда. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттен 980 млн. теңге қаражат бөлініп, бірінші кезекте 21 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.  
Аймақтағы өзге елді мекендерді газдандыру мәселесі алдағы 2-2,5 жылда толық шешіледі. Айта кетейік, облыстағы барлық елді мекендердің 85 пайызы осы магистральдің бойында орналасқандықтан мәселе оң шешімін табады. Ал, шалғайдағы ауылдарға сығымдалған газ тасымалданатын болады. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ТАТУЛЫҚ
Бүгінде Сыр елі осында өмір сүріп, өсіп-өніп отырған өзге ұлт өкілдерінің сүйікті мекеніне айналғаны айдан анық. Қонағын құдайындай сыйлап, жатсынуды білмейтін жергілікті бауырларымыздың кеңпейілдігі мен адами қасиеттерінің арқасында сан ұлттың сәні жарасып, тату-тәтті тірлік кешуде. Сондықтан да әрбір өзге ұлт өкілі Сыр елін құтты қоныс санайды.
Иә, бұлайша тебіренуімнің өзіндік себебі бар. Өйткені, өткен ғасырдың бас кезінде біздің ата-бабаларымыз сонау Қиыр Шығыстан жер аударылып келгенде қонақжай қазақ халқы құрмет көрсетіп, төріне шығарды. Жергілікті жұртшылықтың жүрегінің жомарттығын, мейірімінің молдығын бүгінде қалайша ұмыта аласыз.
Жасыратыны жоқ, көп ұлтты мемлекеттегі ұлыстардың басын біріктірудің әлемде теңдесі жоқ үлгісі тәуелсіз Қазақстанда қалыптасты. Осы сан ұлт өкілдері бүгінде еліміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлестерін қосып келеді. Мұның бәрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сара саясатының арқасында орнаған мызғымас тұрақтылықтың жемісі деп білемін. Ортақ Отанымыздың төрткүл әлемді мойындатып, беделі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<