Тарихты жаңғыртқан туынды

1120

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі» деген болатын. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдары тарихымыздың сан мың қатпардан тамыр тартатынын айғақтайтын іргелі ізденістердің нәтижесін қалың жұртшылыққа да түсінікті және қолжетімді ету қажеттігіне тоқталды.


Зерттеуші, белгілі этнограф, жазушы Тынышбек Дайрабайдың құрастыруымен жақында жарық көрген «Түркістан 1866-1872» альбомы осы талаптар үдесінен шығатын дүние екені даусыз. Онда бүгінде тозған немесе уақыт көшіне шыдамай өшіп кеткен ескерткіштерді көз алдымызға әкелетін фотосуреттер сұрыпталып, 334 бетке сыйдырылған. Осынау құнды дүниелердің (әрбіріне қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде түсіндірмелер берілген) қазіргі ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуға қызмет етіп, келешек ұрпақтың игілігіне айналары хақ.


Түпнұсқасы бұдан бір жарым ғасыр бұрын баспадан шыққан фотоальбомның тарихына қысқаша шолу жасайтын болсақ, оны шығару Түркістанның генерал-губернаторы, генерал-адъютант К.П.Фон-Кауфманның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған. Бастапқы альбом 4 томнан тұрған, оның 6 кітабына Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи, мәдени, этнографиялық, археологиялық ескерткіштерінен хабар беретін 1300-дей сурет енген. Оны дайындауға басшылық еткен танымал ғалым-этнограф А.Л.Кун «Этнографиялық жазбалар» және «Сырдария облысы мен Заравшан округіндегі көне ескерткіштердің архе­ологиялық сипаттамасы» тарауларын жазса, М.И.Бродский «Орта Азиядағы кәсіпшіліктер», М.А.Терентьев «Орта Азияға орыстар жорығының очеркі» тарауларының авторы.


Т.Дайрабай аталған альбомды іздеуге бес жылдай уақытын жұмсап, ақыры 1999 жылы Санкт-Петербургтегі Ресей ұлттық кітапханасынан тапқан. Келер жылы осы құнды қазынаны алғысөзін жазып, тарихқа шөліркеген қалың оқырманға ұсынады. Бірақ, шектеулі тиражбен шыққандықтан кітап тез тарап кеткен-ді. Енді, міне, тура 20 жылдан соң осынау баға жетпес материалдарды талдап, саралап, елеп-екшеп халық назарына қайтадан ұсынып отыр. Сөз жоқ, бұл – саналы ғұмырын төл тарихымызды түгендеуге арнап келе жатқан қабырғалы қайраткердің ұлт руханияты қоржынына салған тағы бір қомақты олжасы.


Әлі сиясы кебе қоймаған кітаптың этнографиялық бөліміндегі фотосуреттер Қазақстан мен Орта Азияны мекендеген ұлт пен ұлыстардың тұрмысына, салт-дәстүріне, ер-әйелдерінің киіну үрдісіне қатысты мағлұматқа толы. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы орыс әскерінің еліміздің оңтүстігіне енді орныға бастаған кезі болатын, яғни, сол тұста қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігі әлі табиғи қалпында еді. Ұлттық нақышқа толы сәукеле, бөрік, кимешек, көйлек киіп түскен қазақ қыздары мен әйелдерінің суреттеріне қарап отырып, біреудің қаңсығын таңсыққа балап, әйел-қыздарының беттерін тұмшалап, үстерін қымтап қойған арамыздағы әсіредіншілдердің оспадарсыз іс-қылығы қарын аштыратынын несін жасырамыз. Демек, біздің ұлттық болмысымызға мүлдем жат дәстүрдің қармағына ілінген адасқандарды бастау-бұлағымызға қайта теліп, үйірімізге қосуда аталған альбомның берері көп.
Археологиялық бөлімінде 1866 жылы түсірілген тұтас түркі жұртының данагөйі Қорқыттың құлаған мазарының фотосуреті келтірілген. Ғылыми айналымда осы күмбезді кесененің басқа да суреттері бар екені белгілі. Өкінішке қарай, әлемге әйгілі абыздың бейітін өткен ғасырда су шайып кетті. Отарлық кезеңдегі солақай билік Қорқыт баба кесенесін сақтап қалуға құлықты болған жоқ.
Тәуелсіз Қазақстан қалыптасқан мемлекет ретінде мәңгілік ел болу идеясын өзіне бағдаршам етіп отыр. Ендеше, Сырдария өзенінің сол маңдағы жағасына Қорқыт баба мазарын түпнұсқа қалпында қайта тұрғызу мәселесін ойланғанымыз жөн сияқты. Біле-білгенге, ұлтымызбен біте қайнасқан санғасырлық қасиетті құндылығымызды, келер мыңжылдықтарға мирас ету – біздің ұрпақтың тағдырына бұйырған абыройлы іс болмақ. Қазіргі ғылым мен техниканың даму деңгейі, сақталып қалған фотосуреттер бұған толық мүмкіндік береді.
Кітап осындай ой-пікірлерге сұранған дүниелерге тұнып тұр. Әрқайсысының тарихын баяндау жеке-жеке еңбекке жүк. Әрине, оны жүзеге асыру – болашақтың ісі. «Түркістан 1866-1872» альбомы – кітапханалар сөресінде ғана емес, ұлт руханиятының әрбір жанашырының үйінде тұруы керек құндылық.

Қали ОМАРОВ,
ҚР Білім беру ісінің
құрметті қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<