Тарихы терең Түркістан

333

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музей қорынан ұйымдастырылған «Тарихы терең Түркістан өлкесі» атты көрменің таныстырылымы өтті. 

Көрмеге 80-нен астам жәдігер қойылып, «Түркістан өлкесінің археологиялық мұрасы», «Түркістан облысының қасиетті сәулет ескерткіштері», «Бес қару кешені», «Қазақтың зергерлік бұйымдары», «Қазақтың гобелен өнері», «Ағаштан ойылған ыдыс-аяқтар топтамасы» бойынша көпшілік назарына ұсынылды. 

Оның ішінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Түркістан, Шойтөбе, Қараспантөбе, Отырар, Алтынтөбе, Марданкүйік, Құйрықтөбе секілді ортағасыр қалаларының фотосуреті де таныстырылды. Қасиетті Түркістан облысы – құнды жәдігерлерге бай өлке. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Ибрагим ата кесенесі, Қарашаш ана, Бәйдібек Қарашаұлы, Домалақ ана кесенелері – соның жарқын дәлелі.

Көрмеде музей қорындағы XVII-XIX ғасырларға тиесілі қару-жарақ түрлері көпшілікке ұсынылды. Сонымен қатар, құнды мұралардың бірі – Кенесары ханның қылышы жұртшылықтың қызығушылығын арттырды. Жәдігерлердің әрқайсысы қасиетті мұралар қатарына жатады. 

Қазақ халқының зергерлік өнерінің ұлттық мәдениетімізде өзіндік орны бар. Зергерлер жасаған бұйымдар қатарына әйелдер әшекейі жатады. Көрмеде сырғалар мен шекеліктер, тұмарлар, бойтұмарлар, таналар мен түймелер, белдіктер, білезіктер мен шашбаулар орын алған.

Қазақ гобелен өнерінің негізін салушы Батырбек Өтеп туындылары көрме көркін аша түсті. Ол – қолданбалы, оның ішінде тоқыма, гобелен саласындағы кәсіпқой суретші. Музей қорында шебердің бірқатар туындылары сақталуда. Суретші туындыларында халықтың тұрмыс-тіршілігі, Ұлы дала өркениеті көріністері бейнеленген.

Сонымен қатар көрмеге қазақ халқының көне мәдениетін жаңғыртып жүрген танымал ағаш ою шебері Якия Әуелбековтің туындылары қойылды. Якия Әлімбекұлы өз жұмыстарын жергілікті алма, алмұрт, жаңғақ, қарағаш сынды ағаштан жасайды.

Шеберлер туындылары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба бермек.         

«СБ» ақпарат         

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<