Қызылорда – жаңа дәуірдің жасампаз қаласы

432

0

  Алашқа ана болған Сыр елінің орталығы Қызылорда –  сәулеті мен сәні жарасқан, зәулім ғимараттар мен көз тартар құрылыстары көңілге қуаныш сыйлайтын, заманауи үлгіде дамып келе жатқан қала. Екі ғасырлық тарихын түйіндеп, үшінші жүзжылдыққа қадам басқан шаһардың алдағы уақытта да жасанып, жайнай берері сөзсіз. Мұның айғағына күні кешегі есепті кездесуде жұртшылық тағы бір көз жеткізгендей болды.

Кеше Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық алдында есепті кездесу өткізіп, жылды қорытындылады. Оған облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, ҚР Индустрия және инфра­құры­лымдық даму бірінші вице-минстрі Қайырбек Өскенбаев қатысты.

Қала әкімінің айтуынша, шаһар бюджеті былтырғы жылдың басында 42,9 млрд теңге көлемінде бекітілсе, жыл қорытындысында 77,3 млрд теңгеге жетіп, 80 процентке ұлғайған. Ауыл шаруашылығы саласында мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер нәтижесінде егін мен мал шаруашылығының көрсеткіштері де артып келеді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын әртарап­тандыру бағытындағы жұ­мыстар қарқын алып, қамбаға 20 885 тонна күріш өнімі жиналды.  Мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаруа қожалықтарына 264,3 млн теңге жеңілдетілген несие беріліп, қала бойынша мал басы 58 мыңға жеткен.

Жезқазған трассасының бойы­нан 150 гектар жер, «Саяхат» шағын ауданы, Сырдария өзені­нің сол жағалауы, қаланың шет ай­мақтарының инженер­лік-ком­му­никациялық инфра­құры­лымын да­мыту, жұмыстарын кешенді түрде шешу мақсатында 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» сәтті жүзеге асырылып, 6 млрд теңгеге жуық қаржыға ауызсу желілері қайта жаңғыртылған. Қалаға қарасты Белкөл кенті, Қосшыңырау, Қарауылтөбе, Талсуат, Ақжарма, Қызылөзек ауылдық округтері мен «Наурыз», «Сабалақ» елді мекендерінде 64,3 шақырым ауызсу құбырына, 6 кешенді су жинау қоймасының құрылысына 2,5 млрд теңге жұмсалған. 23 канализациялық сорғы станциясына қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Соңғы жыл­дары 27 млрд теңгеге 365 шақырым су, кәріз желісі, сондай-ақ, бу қазандықтары, 21,3 шақырым жылу жүйесі жаңартылды.

Сонымен бірге тұрғындар сұра­нысына сәйкес, тозығы жеткен электр желілері де қайта реттелген. Атап айт­­қанда, “Қызылжарма” ауыл­дық округі, “Шанхай”, “Коммунизм”, “Га­гарин”, “Титов” және “КБИ” тұр­ғын аудандарында 4,5 млрд теңгеге 500 ша­қырымға жуық желі қайта жаңар­тылып, 53 қосалқы станция орна­тылды.

Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, халықты баспа­намен қамту көрсеткіші артуда. Мәселен, соңғы жылдары жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық жерлесіміз жаңа пәтерге қол жеткізді. Былтыр атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 53,3 млрд теңгеге жеткен.

– Облыс көлемінде ат­қарылған құрылыс жұмыс­тарының 36,6 про­центі қала үлесінде. Былтырдың өзін­де мемлекеттік бағдарлама аясын­да мың пәтерлік 20, жеке инвесторлар қаржысынан 285 пәтерлік 7 көп­қа­батты тұрғын үй пайдалануға бе­рілді. Баспанамен қамту шара­лары бары­сында әлеуметтік аз қамтылған, көп­балалы отбасыларға негізгі басымдық берілуде. Мәселен,  «Бала­мекен» жо­басы аясында Болат Өтемұратовтың жеке қоры­ның демеушілігімен «Бәй­терек» тұрғын ауданынан 100 пә­терлік жаңа үйлердің құрылысы салынып, көп­балалы отбасыларға берілді,– деді қала әкімі.

Бүгінде қаланы көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95 процентке жетті. Қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекенінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізсе, биыл Ақсуат ауылдық округін газға қосу жоспарланып отыр.

Қаладағы жол жөндеу жұмыстары ең маңызды жобаның біріне айналып, жол-көлік инфрақұрылымын да­мы­туда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Был­тыр 1,152 млрд тең­геге 75,6 ша­қырымды құрайтын 181 көшеге орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Сонымен бірге 500 млн теңгеге қалаға қарасты кент, ауылдық округтердегі 25 шақырымды құрайтын 28 көше орташа жөндеуден өткен.

– Мемлекеттің алға қойған мақсат­тарының бірі, ұлттық экономиканың жетекші күші – шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдау. «Кәсіпкерлікті қолдау жылы» аясында қалада айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасты. Облыс бойынша нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъек­тілерінің 49 проценті Қызылорда қаласының үлесінде. Қалада жыл басынан бері өз қаражаты есебінен 91 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылды,– деп толықтырды шаһар басшысы. 

«Нәтижелі жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы-2020» мем­лекеттік бағдарламалары аясында 3,2 млрд теңгені құрайтын 255 жоба қаржыландырылған.

Мемлекеттің алдында тұрған мақсаттың бірі – халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсарту мен жұмыссыздықтың алдын алу. Осы орайда былтыр 9394 адам жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентті құрауда. 845 адам қайта даярлаудан өтіп, 131 адамға 612 млн теңге кө­лемінде шағын несие берілген.

«Жеті жұрттың тілін, жеті түрлі ілім білетін» ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты міндеті. Сапалы білім – жетістікке жетудің жолы әрі экономиканы дамытудың басты құралы екені белгілі. Осы орайда білім саласына мемлекет тарапынан лайық­ты қолдау жасалып келеді. Қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақ­са­тында екі мектептің жанына қосымша 150 орындық ғи­марат салынса, Жаппасбай батыр көшесінің бойынан 600 орындық жаңа мектеп бой көтерді. Ал «Ақсуат» ауылдық округінде бөбекжай ел игілігіне берілді. Сонымен бірге, сол жағалаудан «Болашақ» университетінің бас кампусы, 320 орындық балабақша, 700 орындық «Orda shool» жеке бас­тауыш мектебі ашылды. Қала тұр­ғын­дарының сұранысына сәйкес, «Саяхат», «Бәйтерек», «СПМК-70» тұрғын ау­­дан­­дарында жаңа мектептердің құры­лысы салынып, 320 орын­дық ба­ла­­бақша пайда­лануға берілетін бола­ды. Қа­лада 7 мыңға жуық оқушы қо­­ғам­дық көліктерде тегін жү­руге мүм­­кіндік алса, елді мекендерден қаты­­нап оқитын 630 баланы арнайы көлік­тердің тасымалдауына жағдай жасалған.

Кез келген мемлекеттің басты құндылығы –  адам десек, адамның басты бай­лығы – денсаулығы.  Қала­да денсаулық сақтау нысан­дарының саны жыл сайын артып келеді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Белкөл кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория жұмысын бастаса, Қызылөзек ауылдық округінде де дәрігерлік амбулатория құрылысы аяқталуда.

Есепті кездесуде қала әкімі алдағы жоспарлармен де бөлісті.

Мұнан соң  облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов сөз алып, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға және алдағы міндеттерге тоқталды.

– Соңғы жылдары жаңа­дан шағын аудандар бой кө­теріп, 10 мыңға жуық қызыл­ордалық жаңа пәтерге ие болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 156 млрд 441 млн теңгені құрап, 110,7 процентке артты. Былтыр атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 53 млрд 330 млн теңгеге жетті.  Айта кету керек, былтыр Қызылорда қаласы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 712,2 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,7 процентке төмен­деген. Өңдеу өнеркәсібі саласына тек облыс бойынша ғана емес, жалпы мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп, көптеген мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Сон­дықтан біз бұл саладан оң көр­сеткіштер сипатындағы қайтарымды күтеміз, – деді облыс әкімі.

Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында көрсетілген Елбасы саясатының сабақ­тастығы мен заман талабына сай жаңашылдық қағидасын ұстана отырып, елдің қоғамдық-саяси жаңғыруы мен жаңа реформа жүргізу қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда Президент қойған міндеттерді жүзеге асыруда халықпен арадағы диалогты нығайту, олардың мұң-мұқтажын тыңдау және көкейдегі мәселелерді шешу – әкімдердің басты міндеті.

–    Айта кету қажет, қазіргі таңда веб-портал арқылы келіп түсетін, әлеу­меттік желілерде көтерілетін ұсы­ныс-пікірлер, проблемалар аз емес. Олардың ішінде көп кезде­сетіні – қоғамдық көлік мәселесі. Тұр­ғындардың өті­ніш-тілектері әр­дайым на­зарда. Қоғамдық көлік қа­­ты­насын дамыту, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақса­тында «Қызылорда Автобус паркі» серіктестігіне орта сыйымдылықтағы қо­сымша жаңа автобустар алуға облыс бюджетінен 209 млн теңге бөлінді, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, қоғамдық көлік­­тердегі тазалық пен сапа­лы қызмет көрсету және жаңа шағын аудандарға қоғамдық көліктерді бағыттау мәселесі де кезек күттірмей шешуді қажет ететінін жеткізді.

 Жалпы аймақ басшысы Қызылорда қаласы әкімі атқарған жұмыстарға оң бағасын берді.

Кездесуде аға буын өкілдері қала­ның экономикалық дамуы мен жаңа бастамаларға риза­шылық білдірді. Бірқа­тар азаматтар көкейдегі сауал­дарына тұшымды жауап алды.

Айнұр Батталова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<